• Қаржы
  • 11 Қыркүйек, 2014

САСТӨБЕНІҢ ЦЕМЕНТІ САПАЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Састөбе цемент зауыты жұмысының қайта жандануы ондағы қажырлы еңбектің ырғағына еселі қуат беруде. Мұнда отандық цемент өндірудің жаңа технологиялары өндіріске батыл енгізілуде. Осы істің басында зауыттың байырғы тәжірибелі жұмысшы-мамандарының көрінуі-жастарға үлгі-өнеге.Тәжірибелі аға машинист Досымжан Сәрсенбаев жылдың төрт мезгілінде қызыл жалынның ортасында жүреді. Алғашында ол зауытқа әке жолын қуып, қарапайым жүк тасушы болып орналасқан еді. Қазір күйдіру цехындағы айналмалы пешті басқарады. Көгілдір отынмен жанатын қазандықтың жалпы ұзындығы – 150 метр. Оның ішіндегі ауаның температурасы 1,5 мың градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан, бұл жерде сабырлылықпен жұмыс жасап, ешқандай қателікке жол берілмеуі керек. Өйткені, бір адамның жіберген қателігі бүкіл өндіріске кері әсерін тигізуі мүмкін.

Сол себепті әркім де жауапкершілік жүгін терең сезініп, сергек көңілмен жұмыс жасауға міндетті.
– Бұрындары аспаптардағы көрсеткіштер істемей қалатын. Соның салдарынан не болып, не қойғанын білмей қалатынбыз, – дейді Сабыржан өндіріс процесінде кейбір түйткілдердің кездесіп қалатындығын жасырмай. – Қазір шүкір, барлығы жақсы, тіпті газдың қаншалықты шығын болып жатқанына дейін көрсеткіштер анық көрсетеді. Мысалы, қанша көгілдір отын жағылды, істің жағдайы қандай? Қанша шлам жағылды, одан қанша өнім алынуда? Міне, соның бәрі компьютерде есепте тұрады.
Зауыттықтардың айтуынша, қазандықтар болашақта қатты отынға көшірілмек. Себебі, газдың бағасы қымбат. Есесіне, өнімнің өзіндік құны біршама төмендейді. Отандық инвесторлар 80-ші жылдары салынып, кейіннен кәдеге жарамай қалған әк шығаратын үшінші пешті де іске қосыпты. Кәсіпорында 7 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жас маман Қанағат Әбеков зауытты бұған дейін бірнеше шетелдік компаниялардың басқарғанын айтады. Десе де, қазақстандық инвесторлар сияқты іске ешкім де жанашырлықпен қараған жоқ. Кешенді қайта жаңғырту жұмыстарының  нәтижесінде кәсіпорын жылына 450 мың тоннаға дейін цемент, 107 мың тонна әк шығаруға қол жеткізіп отыр.    
– Айналмалы пештерімізге күрделі жөндеу жұмыстары жасалынды. Басқа да цемент шлам диірмендері күрделі жөндеуден өтті. Бұрын бұл зауыттан шығарылмаған портленд 400 қоспалы және қоспасыз нормаланған әуежай және жоғары сапалы автомобиль жолдарына қолданылатын цемент шығаратын. Қазір осы жұмысты  жалғастырып жатырмыз, – дейді зауыттың өндірістік техникалық бөлімінің бастығы Қанағат Әбеков.
Састөбе цемент зауытының өнімдеріне қазір сұраныс артып отыр. Қазақстаннан шығатын бұл өнімге  алыс-жақын елдерден де  қызығушылардың көбейетіні даусыз.

Иман БЕК

1048 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы