• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік нышаны Ұлттық экономиканың тегеуірінді тегершігі Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Жиырма жылдық салтанаты аталып өтіп отырған Тәуелсіздігіміздің бір белгісі, Қазақстанның ұлттық валютасы теңге – еліміздің Әнұраны, Туы сияқты мемлекеттік рәміздер қатарынан орын алады. Өйткені кеңестер одағы ыдырағаннан кейін өз алдына шаңырақ көтерген өзге республикалар сияқты Қазақстан үшін де төл валютасын енгізу өзінің толыққанды экономикалық саясатын қалыптастыруға мүмкіндік берген егемендікті құрудағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі болды. 1993 жылдың 15 қарашасында төл валюта – теңгенің айналымға енгізілуімен еліміз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке бет алды.

Қазақстан тарихында ұлттық валютаның дүниеге келуі шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. Биыл теңге «кәмелеттік жасқа» жетті. Содан бері де өткен жылдар экономиканың басты бір тегершігі болып табылатын ұлттық валюта үшін салмақты міндет жүктеген күрделі кезең болды. Бұл уақыт еліміздің бүгіні мен болашағы үшін теңгені енгізудің тарихи маңыздылығын бағалауға мүмкіндік береді. Ұлттық ақша бірлігін енгізу экономикалық егемендігімізді жүзеге асыруға негіз болды. Нарық экономикасын құруға бағытталған құрылымдық қайтақұрулар тезірек жүргізілді.

Қазақстан өзінің ұлттық валютасын аса күрделі жағдайда əзірлеп, қабылдады. Одақ күйреген 90-жылдардың басында біздің еліміз үшін осынау тарихи маңызды шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Бұрынғы шаруашылық байланыстар үзіліп, өндіріс атаулы құлдырап жатты, ақша-кредит қатынастары тоқырады, алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі заттай тауар айырбасы орнықты. Осындай қиын кезеңде төл теңгеміздің дүниеге келуіне байланысты ұлттық валютаны айналымға шығару ісінің басы-қасында болған, тәуелсіз Қазақстан Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы, қаржыгер Ғалым Байназаровты сөзге тартқан едік. «1991 жылы Одақтың ыдырауымен бұрынғы біртұтас экономикалық жүйе өзінің бар мүмкіндігінен айрылды. Ресей төл валютасын кіргізетіндігін жасырған жоқ. 1993 жылы бұл басы ашық мәселе-тін. Бұған дейін бірқатар елдер уақыт үнемдеу үшін сом аймағында ұзағырақ қалғысы келді. Өз тәуелсіздігін жариялап, егемен мемлекеттің нышандарына ие болған Қазақстан 1992 жылдан бастап ұлттық валютасын енгізуге даярлана бастады. Бұл құпия түрде жүргізілді. Өйткені басқа елдердің аумағында бос қалған айналымда жоқ сабан ақша вагон-вагон болып бізге құйылып, жаңа валютамыз бір күнде құнын жоғалтар еді. Оның үстіне ТМД кеңістігіндегі нарықтың төлем қабілеттілігі азайып, құлдырап жатты. Қазақстанға бұған балама іздеу керек болды. Басқа елдермен сауда-саттық қатынастарын орнату, банк жүйесін дүниежүзілік банк жүйесіне байланыстыру, міне, мұның бәрі бір күнде шешіле қалатын шаруа емес-ті, дейді Ғалым Байназарұлы. Алдымызда ауқымды да күрделі міндет ұлттық экономиканы, төл ақша жүйесін, республикалық бюджетті құру міндеті тұрды. Төл валютаны енгізу бұл егемен елдің экономикасын құру бағытындағы үлкен істің бастауы, экономикамыздың сол кездегі қалыптасқан құрылымы мен ерекшеліктерін ескере отырып тәуелсіз қаржы-несие саясатын жүргізудің мүмкіндігі екендігін біз жақсы түсіндік. Материалдық өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы қолма-қол ақша мен қайтарымсыз қаржыландырудың басқа да түрлері бойынша бұрынғыдай Орталыққа қол жаюдың күні өтті. Ішкі ақша айналымын, сыртқы және ішкі несиелерді жаңа экономиканың дамуына жұмыс істету мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Сөйтіп ҚР Президентінің, Жоғарғы кеңестің, Үкімет пен Ұлттық банктің алтын-алмаз қоры, Мемлекеттік қойма құру, Монет сарайы туралы тиісті жарлықтары мен шешімдері қабылданды. Жұмысты біз Ұлттық банк бастаған дербес мемлекеттік банк жүйесін құрудан бастадық. Бұрын Орталық банктің көп филиалының бірі болып келген ұлттық банк ол кезде қуаты аз, шығынды, материалдық базасы нашар мемлекеттік мекеме болатын. Ұлттық банк басшылығына келгенімде алдымда тұрған ірі міндеттер валютаны енгізуге дайындық басталды. Ел басшылығының тиісті жарлығы мен шешімдеріне сәйкес валюта биржасы ұйымдастырылды, монет сарайы, банкнот фабрикасы, алтын-валюталық резервтерге арналған мемлекеттік қойма салынды. Ол кезде бізде тіпті мектеп бітірушілердің кәмелеттік аттестаттарын шығаратын фабрика да болмаған еді».

Теңгені жасау мен енгізу туралы шешімді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдады. Сөйтіп 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға шыққан теңге ұлттық экономиканың басты құралы, мемлекеттің ақша жүйесінің негізі атанды. Қаржы секторындағы нақты реформалар да осы кезден бастау алады. Теңгенің айналымға шығуымен халық шаруашылығының барлық саласында нарықтық тетіктер ене бастады. Қаржыгер ретінде мен теңгені енгізген соң егеменділіктің нақты белгісі пайда болды дер едім. Өйткені ұлттық валюта экономиканы басқаратын тегершік, тәуелсіздік құралы болып табылады, дейді еліміздің алғашқы бас банкирі ретінде дербес қаржы-несие саясатын жүргізудің артықшылығына тоқталған Ғалым аға.

Елбасы белгілеген қысқа мерзім ішінде еліміздің ұлттық валютасы айналымға шықты. Төл валютамыз сапасы, қорғаныс қабілеті және безендірілуі жағынан да сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Алғашқы ұлттық ақшамызды басып шығарған лондондық «Харрисон және ұлдары» банкнот фабрикасы теңге сияқты сапалы тауар шығарғаны үшін Ұлыбритания корольдігінің алтын белгісімен марапатталды. Ұлттық валютаның алғашқы бағамы бір АҚШ доллары үшін 4, 75 теңге есебімен белгіленіп, әрбір теңге 500 кеңес сомына айырбасталды.

Әрине, бар мәселе ұлттық валютаның айналымға шығуымен өздігінен шешіле қалмасы түсінікті. Теңге бүгінгі халге жеткенге дейін де талай қиындықтан өтті. Өйткені қай елдің де ұлттық валютасы ұлттық экономикаға табан тірейді. Яғни валюта мен экономиканың жағдайы тығыз байланысты болмақ. Алғашқы екі жылда ұлттық валюта құлдилап кетті. Құлдырау жүріп жатты, тауар бағасы өсу үстінде болды. Жалпы ұлттық валютаның негізі 1 теңге болып табылады. Осыған орай әу баста классикалық номинация өмірге келді. 7 купюрадан тұратын бұл номинация қай елде болмасын, 1-ден 100-ге дейін ғана болады. Негізі айналымда тек қана осы классикалық номинация жүруге тиіс. Ал 100-дің сыртындағы номинациялар валюта бағамының, құнының, әл-ахуалының жағдайына байланысты. Яғни олар классикалық емес, құнсызданудың есебінен шыққан валюталар. Сол кездегі экономиканың жағдайына сай теңге бағамы да орнында тұрмады. Сөйтіп 100 теңгенің үстіндегі купюралар өмірге келді. Бірақ ең бастысы 1993 жылдың 15 қарашасынан теңге нарықтық қатынастарға негізделген жаңа ұлттық экономиканың басты бір тетігі, дербес қаржы-несие саясатын, осы саладағы реформаларды жүзеге асырудың құралы болды. Сөйтіп, теңге айналымға шыққанннан кейінгі бірер жылдың ішінде құлдырау тежеліп, бағаның өсуі тоқталды.

Инфляцияның төмен қарқынын және тұрақты айырбастау бағамын қамтамасыз ету Ұлттық банктің аса маңызды міндеттерінің бірі болды. Ұлттық валюта енгізілген алғашқы күндерден бастап-ақ бас банк теңгенің орнықтылығына қол жеткізу және қолдау көрсету үшін қатаң ақша-кредит саясатын жүргізді. Дәл осы саясат 5 жылдың ішінде инфляцияны төрт таңбалы саннан бір таңбалы: 1993 жылғы 2165 пайыздан 1998 жылы 1,9 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты біртіндеп жетілдірілді және оның құралдары кеңейтілді. Ақша-несие саясатының теңге енгізілген сәттен бастап пайдаланылатын, қайта қаржыландыру ставкасы, міндетті резервтердің нормалары және ішкі валюта нарығындағы интервенциялар сияқты құралдарына жаңа құралдар қосылды. Бас банк меншікті бағалы қағаздар – қысқа мерзімді ноттарды шығарып, ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, банктерден депозиттер тарта бастады. «Ақша-несие саясатын жүргізу тиімділігіне «ҚР Ұлттық банкі туралы» 1995 жылғы Заң ықпал етті,– дейді Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко. – Заңға сәйкес ҰБ өз қызметінде тәуелсіз болып, Президентке ғана есеп беретін болды. Саяси қысымнан босаған соң ұлттық банк тиімді банк жүйесін құру жөніндегі ауқымды жұмысқа кірісті. Коммерциялық банктерді қадағалауды күшейтуге және олардың сенімділігін көтеруге баса назар аударылды. Банк жүйесін реформалаудың бірнеше бағдарламасы орындалды».

Қазақстан ТМД-да бірінші болып жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Құрамында айналыс мерзімі 3 айдан 10 жылға дейінгі түрлі құралдардың жеткілікті саны бар мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы дами бастады. Қазір еліміздің қаржы нарығында Қазақстан қор биржасы, Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ және т.б. жұмыс істеуде.Үстеме кірістер есебінен мемлекеттік жинақ қаражатын құру мақсатында 2000 жылы Ұлттық қор құрылды.

Жаһандық экономикадағы ахуалдың оңала қоймауына орай осы күзде Халықаралық валюта қоры елдің экономикалық билігіне банк секторындағы проблемаларды шешумен қатар әлемдік дағдарыстан туындайтын салдарларға дайын болуға кеңес берген болатын. Бұл орайда, бас банкирдің айтуынша, ХВҚ-дың ұсынымдары іс жүзінде Қазақстан билігі қолданған шараларды қайталаған екен. Ал үкімет пен ұлттық банк әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайға қол қусырып отырған жоқ, дайындық үстінде. 2012-2015 жылдары тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шараларды әзірленуде. Оның ішінде ұлттық валютаның нақты бағамының айтарлықтай ауытқуына жол бермеу, төлем балансының орнықтылығын көтеру жөнінде шаралар алынбақ. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты қысқа мерзімді кезеңде айтарлықтай өзгерістерге ұшырамайды. Басты мақсат – елдің қаржы секторының және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып қала береді. Инфляция орта мерзімдік жылдық көрсеткіші 6-8 пайыз шегінде болжанып отыр. Ақша-несие саясатының сипаты ішкі және сыртқы экономикалық ахуалға байланысты болады. Тұтастай алғанда, бас банктің жүргізіп ақша-несие саясаты елде макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталуына және ішкі жалпы өнімнің жыл сайын 7 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады, дейді Г. Марченко.

Әлемді жайлаған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа дейінгі жылдарда ел экономикасында өсу тұрақты болды. Соған сәйкес, теңге бағамы да тұрақтана түсті. Теңгені ТМД елдеріндегі басқа әріптестерімен салыстырғанда тұрақты валюта деп айтуға болады, дейді мамандар. Алайда еліміз экономикасы шикізаттық бағытта болғандықтан, әлемдік нарықтағы ахуалға, яғни шикізаттың әлемдік бағасының өзгерісіне тәуелді болуымыз заңды. Сондықтан соңғы жылдар бюджетінде теңгенің долларға қатысты бағамының белгілі бір аралықтағы ауытқу шегі қарастырылып келеді. Егер мұнай және сыртқа шығарылатын өзге де қазба байлықтардың әлемдік нарықтағы бағасы түспейтін болса, теңге бағамында үлкен ауытқу байқалмайды. Бірқалыптылық сақталады. Жалпы ішкі өнімде экспортқа тауар шығартын өндіріс өнімдерінің үлесі үлкен. Әлемдік баға түсіп кетсе, бұларға мемлекет жәрдем беруге тура келеді. Алайда үкімет оларды бюджет есебінен қолдай алмайды. Бұл тұрғыда қолданылатын жалғыз құрал – ол валюта бағамын қозғалысқа келтіру. Яғни экспорттық бағыттағы өндірісті қолдау үшін теңгенің нығаюы тиімді емес. Міне, әлемдік нарықтағы құбылып тұрған жағдайға қарай теңге құнсыздануды да бастан өткерді. Жалпы еліміздің валюта бағамында болып тұратын түзетулер сыртқы саудаға, Қазақстаннан шикізат сатып алатын елдердің экономикалық ахуалына байланысты болатындығын ескерсек, ғаламдық дағдарыстың екінші толқыны тағы бір ақша құнсыздануын әкелері ғажап емес.

Президент тапсырмасына сай қазіргі уақытта үдемелі индустриялық-инновациялық даму және экономиканы әртараптандыру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жалпы өндірісте құрылымдық өзгерістер баршылық. Бұған дейін тек шикізат өндірісі қарқынды даму үстінде болса, соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінде де алға басу байқалады. Бұл дамуға аталған бағдарламалардың мұрындық болып отырғаны анық. Жаңа индустрияландыру бағдарламасының аясында биыл жыл аяғына дейін жүздеген жаңа өндіріс орны іске қосылады. Былтыр іске қосылған осыншама өндіріс орны ел игілігіне қызмет етуде. Бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнімдегі өңдеу саласы үлесінің молайып, сан-салалы отандық өнім көлемінің ұлғаюына жол ашады. Ал ұлттық валютаның табан тірер негізі ұлттық экономика десек, дайын тауар өндірісін жолға қойған тұрақты даму үстіндегі экономика жағдайында төл теңгеміз берік те бекем бола түспек.

Осылайша, Қазақстан Тәуелсіздігі жылдары ішінде республиканың банк секторын реформалау жөнінде айтарлықтай жұмыс жүргізілді және қазіргі уақытта оның дамуы ондағы орын алған тәуекелдерді есептегенде халықаралық стандарттарға жақындатылды. Қазақстанның қаржы секторын одан әрі дамыту оның сапалық жетілдірілуіне, оның ішінде қаржы нарығының секторларын дамыту жөніндегі тиісті бағдарламалық құжаттарда айқындалған міндеттерді шешуге, қаржы қызметтерінің сапасын, сондай-ақ отандық қаржы нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

1074 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы