• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Ауданның аяқалысы қуантарлық

Елбасының тікелей тапсырмасымен үш жыл бұрын Алматы қаласында бой көтерген Алатау ауданының бүгінгі жай-күйі қандай? Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қаншалықты? Осы сұрақтардың жауабын Алатау ауданының әкімі Бағдат Сайланбайұлы Мәнізоровтан білдік.

Үш жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған Алатау ауданында бүгінге дейін қандай шаруа атқарылды? Ауданның экономикасын, халықтың әл-ауқатын дамытуда алға қойған мақсаттар мен жоспарлар қандай?

– Елбасының тапсырмасымен Алматы қаласының солтүстік-батыс бағытында шоғырланған елді мекендерінің көп жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу мақсатында 2008 жылдың шілде айында Алатау ауданы құрылды. Міне, содан бері аудан қадамын нық басып, қарыштап дамып келеді, қаладағы өзге аудандар қатарына қослып, тұрақты ілгерілеу жолына түсті. Үш жыл ішінде қалалық және республикалық бюджет есебінен жаңа ауданның дамуына 48 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ол қаржы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына мақсатты жұмсалып, бүгінде жемісін беріп отыр. Мысалы, осы жылдың 11 айындағы көрсеткіштерге зер салар болсақ, аудандағы салық түсімдері жақсы көрсеткіштерге ие екенін байқаймыз. Атап айтқанда, 2011 жыға мемлекеттік бюджеттік болжам 9 млрд 606 млн 758 мың теңгені құрады, ал 11 айдағы нақты түсім 10 млрд 336 млн 302 мың теңгеге жетіп, жылдық жоспар 107,6 пайызға орындалды. Республикалық бюджеттік болжамының сомасы 5 млрд 564 млн 586 мың теңге болса, салық түсімі 6 млрд 303 млн 314 мың теңге, яғни орындалу 113,3 пайызды құрады. Жергілікті бюджеттік болжамының сомасы 4 млрд 42 млн 172 мың теңге белгіленсе, іс жүзінде кіріс 4 млрд 32 млн 988 мың теңгені, яғни орындалу пайызы 99,7 пайызға тең болды.

Өнеркәсіп саласында 19 млрд 301 млн 172 мың тегенің өнімі өндірілсе, құрылыс индустриясы мен тамақ өнеркәсібі өндірісінің көрсеткіші өткен жылдағыдан өскендігі байқалады. Ауданның 11 айдағы инвестициялық қоры 19 млрд 546 млн 733 мың теңгеге жетіп, қаңтар-қараша айлары бойынша аудандағы жұмысшалардың орташа еңбек ақысы 103 мың теңгені құрады.

Бүгінде ауданның тұрақты дамуына барлық жағдай жасалып жатыр. Осы аудан құрылғаннан бері ең басты мәселе болған өз бетімен жер телімдерін басып алу әрекеттері толығымен тоқтатылды. Заңсыз жер телімдері заңдастырылып, тұрғындар көп жылдар бойы арман еткен заңды құжаттарына қол жеткізуде. Арнайы жүргізілген инвентаризация кезінде анықталған 4523 заңсыз жер телімдерінің 3803-і бойынша заңдастыру жөнінде шешімдер шығарылды. Заңдасуға жатпайтын, әр түрлі қорғау аумақтарында, орналасқан жер телімдерінде тұратын азаматтардың да мәселесі қала әкімі А. Есімовтың жетекшілігімен өз шешемін табуда. Мысалы, бүгінде бұл тұрғындарға арналып, «Қарасу» ықшам ауданында 600 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

– Аудандағы әлеуметтік нысандардың жай-күйі, электр, табиғи газ тарту мен ауызсу мәселелерінің қалай шешіліп жатқандығын баяндап берсеңіз.

– Аудан құрылған күннен бастап алдымен, қажетті әлеуметтік нысандарды салу қолға алынды. 3 жыл ішінде «Ұлжан», «Әйгерім-2» ықшам аудандарында 1200 орындық қазіргі заман талаптарына сай жалпы білім беретін мектеп салынды, «Шаңырақ-1» ықшам ауданында спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық спорт интернаты бой көтерді. «Шаңырақ-2» ықшам ауданында 1 ауысымда 200 адам қабылдайтын қалалық емхана іске қосылды. Сондай-ақ «Шаңырақ-1» ықшам ауданында 120 орындық, «Шаңырақ-2», «Ұлжан-1», «Дархан» ықшам аудандарында 320 орындық балабақшалар қолданысқа берілді. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 100 шақырым 257 көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан аумағын газдандыру жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 117 шақырым газ құбыры тартылды. Мұнымен қоса, 155 шақырым электр жүйелері тартылып, 86 жаңа трансформаторлық қондырғы орнатылды. 13 шақырым су құбыры тартылып, 5 шақырым кәріз жүйелері жүргізілді.

– Елбасы өңір экономикасын дамытуда Алатау ауданындағы индустриялық аймақтың орнын ерекше атаған-ды. Осы орайда ауданда жасалып жатқан жұмыстың ретіне тоқталып өтсеңіз. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу жайы қандай?

– Ауданда қаламыздың үдемелі экономикалық дамуының басым бағытының бірі – индустриялық аймақты дамыту жобасы іске асырылып жатыр. Елбасының тікелей тапсырмасы, қала әкімі А. Есімовтың ықпалымен бұл жобаға сәйкес жақын болашақта 490 гектарды құрайтын аймақта өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру көзделген. Бұл ауданның ғана емес, қаланың экономикасын көтеретін күретамыр болмақ. Бүгіннің өзінде қаламыздың басқа аймақтарында орналасқан үлкенді-кішілі өндіріс орталықтарынан өндіріс нысандарын аудан аумағына көшіру туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ алдағы уақытта Алатау ауданында жаңа инновациялық өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде тұрғындарды жұмыспен қамтуға мол сеп болары сөзсіз.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына Алатау ауданының тартуы?

– Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздің экономикасы өркендеп, халықтың әл-ауқаты әлдеқайда жақсара түсті. Осы жылдар ішінде республиканың түпкір-түпкірінде өндіріс ошақтары бой көтеріп, мемлекеттік бағдарлама аясында экономиканың әртараптануына мол мүмкіндік туды. Осы орайда Алматы қаласының да, соның ішінде Алатау ауданының да үлесі үлкен. Ауданда жасалып жатқан игі істердің барлығы да Тәуелсіздіктің арқасы және Тәуелсіздікке тарту. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Трудовик» ықшам ауданында «Халық» спорт, саябақ кешені ашылды. Спорт демекші, 2017 жылғы әлемдік қысқы Универсиаданың Алматы қаласында өтетіндігі белгілі болды. Бұл да – Тәуелсіздіктің жемісі. Универсиаданың қаламыз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын, деңгейі жағынан Олимпиадалық ойындарға пара-пар екендігі сөзсіз. Осы орайда ауданымыздың аумағында спорт аймағы салынатын болады. Сонымен қатар айдың басында «Дархан» ықшам ауданында қазіргі заман талаптарына сай салынған аудандық Ішкі істер басқармасының ғимараты қолданысқа берілді. «Ақбұлақ» ықшам ауданында қалалық орталық мұрағаттың ғимараты салынды, «Алғабас» ықшам ауданында қуаттылығы сағатына 150 гкал қазандық іске қосылды, «Ақбұлақ» ықшам ауданында «Ақбұлақ», «АЗТМ-Алғабас» ықшам аудандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін электр станциясы бой көтерді. Мұның бәрі де Тәуелсіздікке жасалған тарту деуге болады.

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы