• Қаржы
  • 18 Қыркүйек, 2014

ТУРИЗМ ТИІСТІ ДЕҢГЕЙДЕ ДАМИДЫ

Әлемдік экономика дамуының қазіргі жағдайында туризм жетекші әрі ырғақты дамитын саланың бірі екендігі анық. Дүниежүзі туристік ұйымының деректеріне көз салсақ, туризм әлемдік тауар және қызмет экспортында автомобиль, химия және отын өнімдері экспортынан кейін төртінші орынды алады екен. Ал табыстылық өлшемі бұл саланы мұнай өндіру өнеркәсібі және автомобиль жасаудан кейін үшінші орынға қойып отыр.

Елде туризмді дамыту шағын және орта бизнес кәсіпорындарын ілгері бастыруға, өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесін шешуге ықпал етеді. Тіпті бірқатар мамандар, тиісті ден қойылса, сала еліміздің экономикасын әртараптандырып қана қоймай, оны өрге сүйрейтін жол болатынын жиі ауызға алады.

Осы тұрғыда елдің экономикалық саясаты аясында қазақстандық туризмді дамытуға зор назар аударылуы саланы экономиканың іргелі қозғаушы күшіне айналдырудағы шешуші қадам болмақ.
Атап өтерлігі, биыл Қазақстанның мемлекеттік имиджін дамыту бойынша бірқатар маңызды шаралар жүзеге асты. Еліміз Испанияда өткен FITUR 2014, Түркияда өткен EMITT 2014, Германияда өткен ITB, сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірлігіндегі ATM және Қытайда ұйымдастырылған ITM сынды халықаралық туристік көрмелерге қатысты. Мемлекеттік органдардың, туристік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралған қазақстандық делегация осындай кең ауқымды шараларға арнайы барып қайтты.  Көрмелер аясында түрлі жарнамалық және маркетингтік агенттіктердің, сондай-ақ Дүниежүзі туристік ұйымының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, келіссөздер жүргізілді.
Сонымен қатар, көптеген елдермен туризм саласындағы қызметтестікке тың серпін беру мақсатында едәуір жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың ақпан айында Будапештте екіжақты серіктестікті нығайту және туризм саласындағы әріптестік жөніндегі меморандумды бекіту мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы болды. Ал сәуір айында Түркі кеңесі елдерінің саладағы жұмыс тобының кездесуі өткізілгені мәлім. Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстан «Түркі кеңесі – Жаңа Жібек жолы» бірыңғай туристік өнімін құру бойынша бағдарламаның үйлестірушісі болып бекітілді. Сондай-ақ, мамандандырылған турларды ұйымдастырушы компаниялар туралы практикалық ақпараттардан құралған, мұнымен қоса, жалпы мемлекеттер мен олардың туристік мүмкіндіктері жөнінде толық мағлұмат беретін «Түркі кеңесі Жаңа Жібек жолының туристік жолнұсқасын» басып шығару жоспарланды.
Туризмді мемлекеттік қолдау саланы орнықты дамытудың маңызды шарты болып табылады. Бұл ретте туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттің белсенді саясаты, жеке инвесторларды тарту, туристік индустрия субъектілерінің қызметі үшін қолайлы экономикалық жағдайды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру туризм саласының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алуына нақты мүмкіндіктер беретінін әлемдік тәжірибе айқын көрсетіп отыр.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы