• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Ерлігі әлемге аян – соғыс ардагерлері Мақпал САҒЫНДЫҚ

Бейбітшілік пен татулықтың «символына» айналған Қазақстанға бүгінде әлемнің азулы мемлекеттері қызыға да қызғана қарайды. Еліміздің осынау шуақты күнде тату-тәтті өмір сүруі бірлігі жарасқан тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасы. Батылдық пен елдіктің белгісін көрсеткен жаужүрек халқымыз қашан да ел намысын бірінші кезекке қойған. Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару алып, кең-байтақ жерімізді жаудан азат етуде қаншама азаматтарымыз ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында майдан ардагерлерінің ерліктері тағы бір мәрте ескеріліп, үлкен марапатқа ие болды.

Ардагерлерімізге сый-құрмет көрсету салтанаты Қарағанды облысында бастау алды. Облыс әкімі Серік Ахметов бір топ еңбек ардагерлерін егемен еліміздің 20 жылдық айтулы мерекесімен құттықтап, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» атты мерекелік медальдарды табыс етті. Салтанатты жиында облыс әкімі: «Әрқайсыңыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өтіп жатқан кең көлемді реформалардың жүзеге асуына ерекше үлес қостыңыздар. Сіздердің бейбітшілікті нығайту, төзімділік пен ұлтаралық, сонымен қатар дінаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Дәл осындай отансүйгіштік рухпен сіздер жастарымызды тәрбиелеп отырсыздар. Сіздердің халқымыз үшін көрсеткен ерліктеріңізге қарап, жастар туған Отанын сүюді және қорғауды, үлкендерді сыйлауды үйренуде. Ең бастысы сіздер еліміздің азат мемлекет болып қалыптасуы мен дамуына көп жағдай жасадыңыздар», - деп құттықтаған болатын.

Мұндай тарихи салтанатты шара еліміздің Павлодар өңірінде де ерекше мазмұнда атап өтілді. Бүгінгі және келешек жас ұрпаққа бейбіт өмірді сыйлаған батыр ардагерлеріміздің ерлігін дәріптеу бұл аймақта да тойланды. Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдиев соғыс және тыл ардагерлерін Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Жаңа баспанаға ие болған ардагерлердің ең «жасы» - 84 жаста. Майдан даласында ерлік көрсеткен Николай Сидоренко «Жапонияны жеңгені үшін», «Кореяны азат етуі үшін» медальдарымен марапатталып, кейіннен Лебяжі ауданына қарасты Бесқарағай ауылдық округінде жүргізуші қызметін атқарған.

Ардагерлер арасында жасы 91-ге келген қария - Петр Егоркин 1939 жылға дейін әскери борышын өтеп, Беларусь ерекше полкінде сержанттық қызметте болады. Сонымен қатар, Ұлы майданда ол зеңбіректерді басқарады. Соғыстан кейінгі жылдарда «Ермаков» және «Ертіс» автобус паркінің бөлім бастығы қызметін атқарады. Жаңа пәтерге ие болған қарияның бүгінгі қуанышында шек жоқ. Тәуелсіз мемлекетте тыныш өмір сүріп жатқан тұрғындарға бейбітшілік тілеген қария Елбасына деген ыстық ілтипатын да жеткізді. Павлодар өңірінде қоныс тойын тойлағандардың қатарында Вера Велих те бар. 87 жастағы әже қызу майдан ортасында медбике болып жұмыс істеген. 1943 жылы соғысқа аттанған қария зейнеткерлікке дейін медициналық жәрдем беру орталығында еңбек еткен.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерін марапаттау салтанатында қала әкімі О. Қайыргелдиев: «Құрметті ардагерлер, сіздер бізге тыныштық пен бейбітшілікті сыйладыңыздар. Біздің міндетіміз – азаттық күнімізді сақтап қалу болмақ. Сіздерге зор денсаулық, табыс тілеймін. Біз үшін сіздер әрдайым ерлік пен батылдықтың үлгісі болып қала бермексіздер», - деп жылы лебізін білдірді.

Келер ұрпаққа бейбіт өмірді тарту еткен ғазиз ардагерлерімізді марапаттау дәстүрі еліміздің барлық аймақтарында салтанатты түрде атап өтілді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 48 азамат марапатталып, мерекелік сыйлықтар табысталды. Ата-бабамыз арман еткен егемендігіміздің көк туын әуеде асқақтата желбіреуіне ардагерлеріміздің тигізген үлесі ерекше. Ендеше батыр қарияларымыздың даңқты ерлігін болашақ ұрпаққа насихаттау бүгінгі жастардың басты міндеті болмақ.

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы