• Қаржы
  • 18 Қыркүйек, 2014

дәулет атаулының бастауы – ұлттық байлық

Ұлы экономистердің бірі, «Капитал» атты тұғырлы туындының авторы Карл Маркстың «жанұя – кіші мемлекет» деп жазғаны бар. Жеті атасынан бері дәулет үзілмеген ауқатты отбасылар мен жұпыны тірлік кешіп жатқан жанұялардың бір ауылда, бір көшеде қоңсы қонатыны сияқты, әлемдегі бай мемлекеттер мен кедей жұрттардың арасын жіңішке шекара жолағы бөліп жатады. Мұны өзіміздің Қазақстанның мысалынан айқын көре отырып, «жері байдың – елі бай» деген  мәтелдің экономикаға тікелей қатыстылығына көз жеткіземіз.

 Ақан сері «Теміртас» атты әнінде «бай болмақ, жарлы болмақ құдайдан-ды» дейді. Қарапайым пенде туралы айтқанда бұл ой дұрыс та болар, ал тұтас бір мемлекет туралы сөз қозғағанда, байлық пен кедейліктің сол елдің табиғи және адами ресурстарына, халықтың жас құрамына, білімі мен білігіне, индустриялық дамуына байланыстылығын байқап, сондай-ақ осыларды  пайдалану тиімділігіне қарай белгілі бір ұлттың материалдық игіліктерді тұтыну деңгейін, ұлттық байлығын шамалаймыз. Мәселен, немістер мен америкалықтардың тұрмыс-тіршілігін кубалықтардың немесе солтүстік кореялықтардың жағдайымен салыстыра алмайсыз. Германия тұрғынының бүгінгі бақуатты ғұмыр кешуі үшін талантты  кәсіпкерлердің, өнертапқыштар мен ғалымдардың, қаржыгерлердің қисапсыз буынының талай ғасыр тер төгуі қажет болды.
    Байлық мысқалдап жиналып, батпандап шашылатынын, тиынның теңге құрайтынын білетін ұсынақты да ұқыпты неміс халқының бүгінде бүкіл Еуропаны өрге сүйреп келе жатқаны жасырын емес. Қазіргі герман мемлекетінің кез-келген тұрғыны өз елінің байлығын дүниежүзі жұртшылығы алдында жыр қылып айтып жатса да, ешкім оны сөкет көрмейді. Өйткені, немістің ұлттық байлығы әлемнің кез келген алпауыт жұртының жиған-тергенімен тайталаса алады. Сонымен бірге алақандай аралды қыздың жиған жүгіндей әспеттеп ұстап, көрген жанның таңдайын қаққызған жапон халқы еңбекқорлық пен табиғи іскерлігі арқасында ешқандай қазба байлығы болмаса да ғаламның жетекші экономикаларының бірін құра алды.
     Сөйтіп, кең мағынада ұлттық байлыққа сан ғасыр бойы халықтың қолынан шыққан материалдық, мәдени және рухани құндылықтар кіретінін көреміз. Осыған сәйкес ұлттық байлықтың құрамдас бөліктері де бірнешеу, ал экономикалық тұрғыдан келгенде солардың бастысы да, маңыздысы да өндірістік қорлар, атап айтқанда зауыт-фабрикалар мен шикізат болып табылады. Бұл қорлардың техникалық деңгейі мен ахуалы қоғамдық өнімнің өсу көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді. Ұлттық байлық құрамына сондай-ақ айналымдағы өндірістік қорлар – еңбек құрал-жабдықтары кіреді,  бұлар негізгі өндірістік қорлардың 25 пайызын құрайды. Сондай-ақ  кәсіпорындар мен сауда жүйесінің айналымындағы дайын өнімдер, мемлекеттік резервтер мен сақтандыру қорлары жататын материалдық қорланымдар мен қоймалар ел байлығына жатады.
    Мемлекеттік тұрғын үй қоры мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы мекемелер кіретін өндірістік емес қорлар ұлттық байлықтың елеулі элементі болып табылады. Бір айта кетерлігі, тұрғын үйлер барлық елдердің статистикалық есеп-қисабында ұлттық байлық құрылымындағы арнайы жолға енгізіліп, осыған сәйкес ұзақ пайдаланылатын теледидар, тоңазытқыш, жиһазбен бірге үй мүлкіне жатады. Табиғи ресурстар да ұлттық байлыққа кіреді. Бұл орайда әңгіме шаруашылық айналымға енгізілген немесе зерттеліп, жуық арада игерілуге тиісті ресурстар туралы болып отыр.
     Қазіргі таңда адамзат өркениеті дамудың постиндустриялық сатысына көтеріліп келеді. Мұның өзі ұлттық байлық құрылымын бағалауға қатысты тың көзқарас туғызып отыр. Атап айтқанда, постиндустриялық қоғам ақпараттандыруға аса мән береді. Сондықтан да қазіргі заманғы ақпраттық құрылымдарын жасақтай алмаған ел дамыған мемлекеттер сапынан орын тебе алмайды. Бүгінде ақпарат өндірістік, технологиялық қызметтің іргетасы, сауда-саттықтың тетігі болып отыр. Бизнестің қай түрі де ақпаратты ұтымды қолдануға негізделеді. Соған орай ақпаратты өндіру, сақтау мен тарату экономиканың маңызды саласына айналуда. Бұрын дуалы ауыздар «іс тетіген кадр шешеді» десе, қазір оның орын «ақпаратсыз алға аттамайсың» деген  жаңа мәтел басқан. Ақпарат байлық көзі болса, неге баспасқа?
 
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі

 

861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы