• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Жаңа медиаорталық – тәуелсіздік жемісі Мақпал САҒЫНДЫҚ

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің әр өңірінде зәулім кешендер бой көтеруде. Егемен мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша тұрғызылған ғимараттар бейбіт өмірді місе тұтқан халқымыздың игілігіне беріліп отыр. Ел экономикасы мен әлеуметтік саланың дамуын басты назарда ұстайтын Елбасы осы бағыттың ілгерілеп, тұрақты қалыптасуына бар жағдайды жасауда.

Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында түрлі өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың салтанатты тұсаукесері өтті. Сондай маңызды нысанның бірі – жаңалықтың «жаршысы» бола білген журналистер қауымына арналған жаңа кешен. Президент Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басты кеңсесінің жанында орналасқан «Қазмедиа орталығы» нысанының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша бұл жаңа нысанның құрылыс жұмыстары былтырғы жылдың 8 желтоқсанында басталған болатын. Жалпы аумағы 75 500 шаршы метрді құрайтын телеорталықтың бас мердігері «Сембол Улусларарысы» компаниясы. БАҚ өкілдеріне арнайы тұрғызылған кеңсеге әлемдік озық үлгідегі компаниялардың технологиялары орналастырылған. Олардың ішінде «Sony», «Omneon», «Pharos», «Everts», «Apple» және «Avid» сынды сапасы жоғары компаниялардың кеңсе жиһаздары пайдаланылған. Салтанатты ашылуда ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев бүгінгі заман талабына сай жұмыс істейтін медиаорталықтың мүмкіндіктері мен келешегі жайында Елбасыға баяндап берді. Сондай-ақ жаңа нысанды аралау барысында Мемлекет басшысы телесериалдарды түсіруге арналған аппараттық студиялық кешен, жаңалықтар мен телебағдарламалар студиялары және синхрондық аударма жасау жүйесінің қызметімен танысты. Жаңа орталықта ашылған студиялар арқасында түрлі бағдарламалардың декорациясы мен қажетті құрал-жабдықтарын кешен ішінде отырып-ақ жүзеге асыратын мүмкіндік туып отыр. Телеорталықтың 22-қабатында екі панорамалық студия (Sky Studio) орналасқан. Бұл студиялардың көмегімен тікелей эфир жүргізу немесе түрлі бағдарламалар түсіру барысында Астананың тамаша көрінісін панорама ретінде пайдалануға әбден болады. Аталмыш студияның ішкі көрінісімен толықтай танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде егемендігіміздің баянды болуына БАҚ өкілдерінің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осындай ғимарат салу көптен бері ойда жүргендіктен, бүгін міне сәті түсіп отыр. Қарастырылған көп жобалардың ішінен осы нысан таңдап алынды», - деп барша БАҚ өкілдерін айтулы мерекемен құттықтады.

«Қазмедиа орталығы» кешеніне сатып алынған құрал-жабдықтардың құны 33 млрд теңгені құрайды. Астана шаһарынан орын тепкен кешенге «Хабар», «Caspionet», «Қазақстан», «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы», «Балапан», «Мәдениет» телеарналары мен «Қазақ радиосы», «Шалқар» сынды тағы басқа радиолар орналасады. Сондай-ақ алдағы уақытта телеорталықта «Білім» және «Хабар-24» тақырыптық арналардың редакциялары ашылатын болады деп жоспарлануда.

Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерімен салтанатты кездесуі барысында «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова мен «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібаев бастаған басшылар тобы Елбасына шексіз ризашылықтарын білдіре отырып, отандық телеарналардың көрермен назарына сапалы бағдарлама әзірлеуге дайын екендіктерін жеткізді.

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы