• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Жалындап өткен жайсаң жан

Егер тірі болса Батыс Қазақстан облысының он жыл үзілістен кейін қайта құралған Жаңақала ауданының «Жаңарған өңір» газетінің редакторы болған Ізбасар Лұқпанұлы Өтеуов осы жылдың 5 желтоқсанында 70 жасқа толар еді. Өкінішке орай, ол осыдан 25 жыл бұрын 1986 жылдың мамыр айында 45 жасында дүние салды.

Ізбасар 1941 жылдың 5-желтоқсанында Ресейдің Астрахан облысы Володар ауданында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, 1963-68 жылдары Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып, журналист мамандығын алып шықты. Өте сауатты, өз ісінің білгірі еді. Ізбасар 1969-1972 жылдары облысымыздағы сол кездегі Камен ауданында (қазіргі Тасқала ауданында) аудандық газет редакторының орынбасары болып істеп, 1972 жылы Жаңақала ауданы қайта құрылғанда облыстық басшы орындардың жолдауымен біздің ауданға келіп, он төрт жыл бойы ауданның жаңадан ашылған «Жаңарған өңір» газетінде редактор болды. Ол басқарған газет ұжымы ауданның сол кездегі барлық тұрмыс-тірлігін қамтып, өте жауапкершілікпен, зор белсенділікпен жұмыс істеді. Мен ол кезде аудандық партия комитетінің насихат-үгіт, кейін ұйымдастыру бөлімшесін басқарып, соңынан екінші хатшы да болып жұмыс жасадым.

Газет бетінде партия, кеңес органдары, қоғамдық ұйымдар жұмыстары, ауыл-шаруашылық істері, озат тәжірибелер кеңінен жазылып, халық-ағарту, денсаулық сақтау, мәдени, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер де жан-жақты талданып жарық көріп жүрді. Жұмыс салаларындағы кейбір кемшіліктер де сынға алынды. Әрі баспасөз бетіндегі сындар аяқсыз қалмайтын, кейін оның қорытындысы да басылып отырылды. Ізбасар кезінде аудандық кеңестің депутаты болып, қоғамдық істерге де белсене араласты. Елуінші жылдары тыңгерлер арасында еңбек етіп, “Тың игергені үшін” медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, Ізбасар өзі бас болып, сол кездегі шаруашылықтардағы науқан кезіндегі өтетін қоғамдық мал азығын даярлау, мал орнын тазалау сенбіліктері мен жексенбіліктерге де бар ынтамен қатысатын. Ізбасардың әкесі Лұқпан 1900 жылы дүниеге келіпті. Ол кісі қара өлеңді, әнді жақсы айтқан. Лұқпанның ағасы Жұмағали ағаш шебері болған. Біз білетін Ізбасар да өнерлі жан еді. Кешкілікте пішен қостарында домбыраға қосылып талай терме әндерді де айтатын. Оның сол кездегі шабытпен орындаған «Биік таулар», «Әудем жер» термелерінің үні әлі құлағымда тұрғандай. Оған 1998 жылы баспадан шыққан менің «Жаңақала жерінде» атты кітапшамдағы «Ізбасардың аруағына» атты арнау атты-өлеңім куә. Енді сол өлең-арнауды да келтірем:

Ізбасар жолдас еді бірге жүрген,

Тура айтып әзілдесіп бірге күлген.

Арнасаң оған арнап бірер пікір,

Айтқызбай арғы жағын өзі білген.

Кез келсе әуелетіп әнді салған,

«Әудем жер», «Биік таулар» сан шырқалған.

Қарамай тездет деген ескертпеге,

Құлағын домбыраның көп бұраған.

Пейілі әрқашанда кең болатын,

Ниетіне жолдастары шын тоятын.

Ойынан шығып жатса аталық сөз –

«Пәлі!» - деп көтермелеп бір қоятын.

Бейнесі әрбір сәтте көз алдымда,

Кездесіп жүрген кездей әрқашанда.

«Нәсеке бір-елі ауыз әңгіме айт» -деп,

Тап қазір отырғандай қарсы алдымда.

Амал жоқ, дүниеден бәрі де өткен,

Не асыл бұл жалғанға келіп кеткен.

Тағдырдың басқа жазған орайымен,

Кез келсе талайына уақыт жеткен.

Артында белгі болып ұрпақ қалған,

Тірлікті жалғастырып әке салған.

Өсиетін үлкендердің үлгі ете,

Әр істен үйренумен тәлім алған.

Жақсы ісі азамат-ер ұмытылмасын,

Қайғы шер қалған жанын торламасын.

Қастерлей абзал ерлер атын әр кез,

Аруағын оның ешкім қорламасын...

Қағазға ой түсірдім сан жолғана,

Тыңдаған жұртшылыққа бір оқырға.

Тарқата тебіренген көңіл-күйді,

Бір белгі болсын – дедім Ізақаңа...

Аталар жетпіс жасың ұрпағыңмен,

Бұрынғы игі ісіңді еске алумен.

Мәңгілік мекен жайың пейіш болсын,

Білгендер жүрер Сізге дұға етумен.

Ізбасар бас қосу отырыстарында неше түрлі әңгімелер де айтушы еді. Мен ол тақырыпта да марқұм досым – Ізбасар әңгімесі ізімен деп: «Күйші Есжан мен Ақбикеш ару» өлең-толғауымды да жаздым.

Шағын мақалаға, әрине, оның барлық ісімен ізгі қасиеттері сыймайды. Бұл шағын естелігім оның аруағына бір арнаған ақ ниет, еске алуым болсын демекпін.

Нәсіпқали Мақанұлы,

еңбек ардагері, Жаңақала ауданының

«Құрметті азаматы», Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі.

Батыс Қазақстан облысы,

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы