• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік құрдастары Бақытты елдің болашағы Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

20 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта дүние есігін жаңа ашқан бүлдіршін – бүгінде болашақтың кілтін қолына ұстаған Егемен елдің еркін азаматы, Тәуелсіздіктің төл құрдасы.

Тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келген өрендер Егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Күннен күнге қарыштап, алға басқан жас мемлекетпен жарыса өскен жас ұрпақ алдына әлдеқашан бағыт-бағдар қойып, «еркін еліме, тәуелсіз жұртыма менің тиер пайдам қандай» деген сауалдың сан жауабын да тауып қойған. Болашақтың жоспарын да жасап, бағындырар биіктеріне ұмтылуда. Бірі Тәуелсіз елдің өнерлі өрені болып өссе, енді бірі спортта оза шауып, бас бәйгені қолдан бермеуге барын салуда. Тағы бірі білім көкжиегінде самғап ұшып, ғылымға да көңіл бөлуде. Міне, Егемен елімізде болашақтың кілтін қолына ұстап, елдің ертеңін бүгін ойлаған осындай ойлы ұрпақтың тәрбиеленуі көңіл қуантады.

Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары, әсіресе, 16 желтоқсанда – дәл елдің Тәуелсіздігін жариялаған күні дүниеге келген өрендер өздеріне жүктелген жауапкершілік пен мойындарындағы міндеттің салмағын да, сырын да жақсы түсінеді. Ел сенімін ақтап, парызына адал болуға талпынады. Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келген перзент ретінде «тәуелсіздік» сөзінің мағынасы мен маңызын да біркісідей біледі. Сондықтан да арайлы азаттықпен бірге дүние есігін ашқандарын Тәуелсіздік құрдастары «Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келу – әркімнің тағдырына жазыла бермеген бақыт» деп қашан да үлкен мақтанышпен, зор қуанышпен айтып жүреді.

Ел болашағы – біз

Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы – Жібек Кенжеханқызы азаттық таңы атқан 16 желтоқсан күні дүниеге келген. Алатаудың етегінде орналасқан әсем де, табиғаты көрікті Талғар қаласында жарық дүние есігін ашқан ол: «Мен – 1991 жылы барша халық Тәуелсіздік тойын тойлап жатқан күні дүниеге келген, еліме Тәуелсіздік таңын алып келген перзенттің бірімін», – деп үлкен мақтанышпен ағынан жарыла Тәуелсіздіктің төл құрдасы болғандықтан бұл күннің өзіне ерекше екендігін айтады.

«Мен Талғар қаласындағы №8 үш тілді мектеп-гимназиясына 1998 жылы бірінші сыныпқа бардым. Мектеп қабырғасында жүріп, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, қалалық, аудандық көлемде өткізілетін іс-шараларға, пәндік олимпиадаларға және жеңіл атлетикадан түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, марапатталдым», – деген Жібек 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығында Талдықорған қаласында облыстық әкімнің салтанатты балына да шақырылып, сыйлықтар алған.

«2009 жылы 11 сыныпты тәмамдағанда Ұлттық Біріңғай Тестте ағылшын тілін таңдап, жоғарғы 102 баллмен тапсырып шықтым. Осы Тәуелсіздіктің арқасында еркін білім алып, армандаған жоспарларыма қол жеткізудемін. Осы күні мен Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университентіні ң екі шет тіл мамандығы бойынша ағылшын және түрік тілін оқып, меңгерудемін. Университет қабырғасында жүріп, 2010 жылы Республикалық ағылшын тілдер байқауына қатысып, университет намысын қорғадым», – деген ол – бүгінгі күні 3-курс бойынша оқу озаты.

«Ел басы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде «Егеменді еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі жастар», – дейді. Демек, Қазақстан болашағы – біз, Тәуелсіздік құрдастары. Сондықтан да елімізді, жерімізді көркейтіп, өз үлесімізді қосу – парызымыз. Кіндік қаным тамған жер – Талғарыма, мені оқытқан ұстаздарыма, мені аялап өсіреген анам – Жақсыбалаға, бауырларым – Бақыт пен Жазираға рахмет айтып, еркіндіктің жұпар самалын қуана жұтып, азат ел болудан қымбат нәрсе жоқ екенін түсінемін. Бүкіл қазақ халқын, достарымды Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесімен, Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдық атаулы күнімен құттықтаймын! Тәуелсіз ел – Қазақстанымның көк байрағы заңғар аспан көгінде мәңгі желбірей берсін!» – дейді Тәуелсіздіктің төл құрдасы.

Асыл армандарым

Тәуелсіздіктің тағы бір құрдасы – Мөлдір Серікқызы Алматы облысының Балқаш ауданы, Балқаш ауылында 15 желтоқсан күні дүниеге келген. Көп балалы отбасында тәрбиеленген Мөлдірдің аға-әпкесі мен соңынан ерген сіңлісі бар. Әкесі – Серік Тілеубайұлы жеке кәсіпкер, ал анасы – Ләззат Бекежанқызы ауылдағы «Арман» балабақшасының қызметкері.

Кішкентайынан өнерге жақын өскен Тәуелсіздік құрдасы ауылда өткізілетін мерекелік іс-шараларға ат салысып, түрлі байқаулардың иегері атанған. Әншілікті жаны сүйетін Мөлдірдің оқуда да талабы таудай. Балқаш ауылында Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол колледжін қызыл дипломмен тәмамдап, экономист мамандығын алып шықты. Ал қазіргі уақытта Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің 2-курс студенті. Бұл жоғары оқу орнында Мөлдір қаржыгер мамандығының қыр-сырын үйреніп жатыр. «Алдағы уақытта әке-шешемнің сүйеніші, аға-бауырымның қамқоршысы болсам, сондай-ақ мамандығымды жақсы меңгеріп, өз ісінің білгір маманы ретінде жоғары екпінмен қарыштап дамып келе жатқан жасампаз еліміздің одан әрі өркендей түсуіне үлесімді тигізсем, мен үшін бұдан өткен бақыт жоқ. Асыл армандарым – осы», – дейді.

Перзенттік парызым

2009 жылға дейін ремси түрде Республика күні аталып келген 25 қазанда дүние есігін ашқан Рүстем Дәулетұлы да – тәуелсіздіктің құрдасы. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп, ер жеткен ол Егемен елдің азаматы екенін мақтан тұтады.

Масаковтар отбасының мақтанышы Рүстем – үйдің кенжесі, әрі ата-ана үлкен үміт артқан екі қыздан кейінгі жалғыз ұл. Алматы қаласында туылып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияны үздік бітірген. Ал бүгінде білімін жалғастырып, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих факультетінің құқық негіздері және экономика бөлімінде тәлім алады. 3-курста оқып жатқан Рүстем – оқу озаты. Университетті үздік бітіріп, елінің өркендеп өсу жолында өз үлесін тигізуді борышы санайды. «Қазақстан – экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел. Бүгінде республикамыздың әр түпкірінде үлкенді-кішілі зауыт-фабрикалар бой көтеріп, халықтың әл-ауқаты да әлдеқайда жақсара түскен. Осы тұста елдегі экономика саласының білікті мамандарына деген сұраныс та үлкен. Мен алдағы уақытта осы сұранысты қанағаттандыра алатын, өз ісімнің білгір маманы болуды перзенттік парызым деп санаймын және соған талпынамын», – деген Рүстемнің алдына қойған мақсаттары биік.

Тәуелсіздік құрдасы 2009 жылы Алматы қаласының оқушылары арасында өткен «Бәсекеге қабілетті елу мектеп» атты интеллектуалды жарыста «Бизнес саласы» бойынша өз қатарластарынан оза шауып, дипломмен марапатталған. Сондай-ақ спортты да өзіне серік еткен жеткіншек жеті жыл таэквондоға қатысып, онда да өз қарым-қабілетін байқатты. Қазіргі уақытта қара белбеудің иегері талай спорттық жарыстарда жүлделі орындардан да көрініп келеді.

Тәуелсіздігім – баянды бақытым

Егемен еліміздің түйдей құрдасы – Нұрлыбек Тәжкенов Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Отбасында бес баланың ортаншысы Нұрлыбек бүгінде М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті экономика және басқару факультетінің төртінші курсында білімін жалғастыруда. Тәуелсіз елімізбен бірге дамып келе жатқан Нұрлыбек үнемі ізденіс үстінде жүретін білімді жастарымыздың бірі. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде «21 ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысып, бағын сынаған жас өрен бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы шәкіртақының иегері. Егемен еліміздің шуақты күндерін Нұрлыбек былай деп есіне алады: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған өтпелі кезеңнің қиыншылықтары көз алдымда. Бұл кезде кейбір құрдастарым жағдайы болмағандықтан, мектепке сегіз жасқа толғанда барып жатты. Ол кезде оқушыларға дәптер, қалам жетіспейтін. Дүкен сөрелерінің бос тұрғаны менің бала көңілімде ұмытылмастай қалып қойыпты».

Жоғары білім ошағында ерекше қабілетімен көзге түскен жас өрен түрлі пікір-сайыстарға қатысып, өткір ойларымен, сауатты сөз саптауымен көпшіліктің көңілінен шығуда. Бүгінде «Жас экономист» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін алып жүрген Нұрлыбек Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында өтетін «Менің елім – Қазақстан» атты патриоттар форумына үлкен дайындық үстінде.

2357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы