• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2011

Ықпалдастық Қорғас: Қазақстан – Қытай теміржолы тоғысты Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық салтанаты мерекеленетін желтоқсан айының 9-күні Индустриялық форум аясында Елбасының еліміздің бар өңіріндегі халықпен тікелей телекөпір байланысы арқылы жүздесуі барысында Алматы облысында салынып жатқан көлік инфрақұрылымының негізгі нысандарын іске қосу рәсімі өтті. Олардың қатарында жүзеге асуы тікелей Мемлекет басшысының өз бақылауында болған стратегиялық ауқымды жобалар – «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі мен «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының құрылысы бар.

Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Қытаймен дипломатиялық қатынастың орнағанына 20 жыл толуына орай өткен «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын (ХШЫО) ресми таныстыру және Алтынкөл стансасында «Жетіген – Қорғас» теміржол магистралінің тұсаукесер рәсіміне еліміздің вице-премьері Әсет Исекешев пен ҚХР мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Дэцзян арнайы қатысқан болатын. Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын «Батысқа ашылған жол» деп бағалаған Чжан Дэцзян: «Бұл – Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді әріптестік пен достық қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталған жаңашылдық, сонымен қатар барлық Еуразиядағы халықаралық әріптестіктің бірінші трансшекаралық орталығы. «Қорғас» ХШЫО мен теміржол түйісуін біздің елдеріміз арасындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға ғана емес, тұтастай алғанда еуразиялық аймақта шекаралық ынтымақтастық орталығы мен жаңа теміржол дәлізін толық ашудың жақсы мүмкіндігі ретінде пайдалану қажет»,– деді.

Еліміздің көлік жүйесін дамытуда транзиттік әлеуетті пайдалануға үлкен мүмкіндік беретін «Жетіген – Қорғас» халықаралық теміржол жобасының негізі Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесуінде қаланған болатын. Президент Н. Назарбаевтың 2006 жылғы желтоқсандағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі мен ҚХР Теміржол министрлігі арасында екі ел теміржолын шекаралық аймақтағы Қорғас стансасы арқылы жалғастыру мақсатында «Жетіген-Қорғас» желісі құрылысын жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.

Өткен ғасырдың 90-жылдары «Алашаңқай-Достық» теміржол торабы екі мемлекет арасындағы алғашқы теміржол дәлізін қалыптастырған болатын. Ал «Жетіген – Қорғас» теміржолы Қазақстан – Қытай теміржол дәлізінің екінші бағыты болып саналады. 2009 жылғы тамыздың 3-інде басталған магистралдың қазақстандық бөлігін салу жұмыстары қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Осы мерзімде қазақстандық мердігерлік ұйымдар 293 шақырым жол салды. Жетіген мен Қорғас аралығында 5 станса, 9 жол айырғы, 28 көпір, екі суағар тұрғызылды. Оптикалық талшықты байланыс желісі тартылды. Алтынкөл шекаралық стансасы мен жол айырықтарында қызметтік-техникалық ғимараттар тұрғызылды. Мұндағы құрылыс барысында бес мың жұмыс орны ашылды. Аталған жол тармағы толық қуатында іске қосылғанда 2055 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын арттыру үшін бірегей мүмкіндіктер беретін ірі көлік магистралі арқылы жылына 30 млн тоннадан астам жүк тасымалданбақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста жүзеге асырылып жатқан осынау жобалар құрылысында тақауда премьер-министрдің орынбасары-индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Есекешев, көлік және коммуникациялар министрі Берік Камалиев, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминдер болып, жұмыс барысымен танысқан еді. Қазір мұнда әлеуметтік нысандар тұрғызылуда. Тұрғын үйлер, балабақшалар, мектеп, жатақханалар, медициналық қызмет көрсету орындарының құрылысы салынуда.

Екі елдің теміржол тармағы тоғысқан Қорғаста пайдалануға берілген екінші бір маңызды халықаралық нысан – «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Ху Цзиньтаоның бастамасымен іске асырылған ірі жобалардың бірі болып табылатын «Қорғас» ХШЫО екі елдің шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастығын дамытуға бағытталған. Қытай басқа көптеген елдермен шектескенмен, шекаралық сауда орталығын алғаш рет құрып отыр. Сондықтан «Қорғас» – екі ел арасындағы ықпалдастықтың, әсіресе сауда саласында қатынастардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын шекаралық ынтымақтастықтың бірегей жобасы.

«Қорғас» ХШЫО-ның жалпы көлемі 528 га аумақты алып жатыр. Оның ішінде өзара арнайы көлiк-жаяу жүргінші өткелімен қосылатын қазақстандық бөлік 185 га және қытайлық бөлік 343 гектарды құрайды. Республикалық бюджет қаржысының есебінен орталық аумағында 65 млрд теңгеге 110 нысан салу жоспарланған. Шекаралық ынтымақтастық аймақты құрудың негізгі ұстанымы – оның аумағында Қазақстан, Қытай және үшінші елдер азаматтарының еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету болып табылады.Қазірде пайдалануға берілген «Қорғас» ХШЫО нысандарының қатарында тәулігіне он мыңнан астам адам өткізе алатын тексеру-өткізу бекеті бар. Биыл орталықта сонымен қатар 23 шақырымдық көлік жолы, автокөпір және төрт жерасты өткелі, қуаттылығы 11,7 МВт-қа тең қазандық, шекаралық-кедендік қажетті инфрақұрылымды қосқанда барлығы 30 шақты нысан тұрғызылды. Орталық іске қосылғаннан бері инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен туристік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы ахуал қалыптасты.

«Жетіген-Қорғас» теміржол желісі құрылысының аяқталуы және «Қорғас» ХШЫО пайдалануға берілуі еліміздің халықаралық ықпалдасты дамыту бағытында маңызы зор «Қорғас – Шығыс қақпасы» индустриялық-логистикалық хабтың белгілі бір кезеңі болып табылады. Ол сондай-ақ республиканың транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыратын, атап айтқанда, Қазақстанды Қытаймен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыстыратын жаңа халықаралық көлік дәлізіне айналады.

Екі ел арасындағы ықпалдастықтың одан әрі дамуында айтулы орын алатын осы оқиғаны ҚХР сыртқы істер министрінің орынбасары Фу Ин: «Қорғас» ХШЫО-ның ашылуы екіжақты қарым-қатынастағы кезекті нәтиже, ал Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ең үлкен сыйлық болады», деп бағалады. Екіжақты қарым-қатынастың дамуына тоқтала отырып, ол 20 жыл ішінде қазақ халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тұрақтылық пен қауіпсіздік жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. «Қазіргі таңда Қазақстанда саяси тұрақтылық, халықтың өмір сүру жағдайының жақсарғаны байқалады. Осы кезең ішінде екі ел басшылығының сындарлы саясатының арқасында екіжақты қарым-қатынас жақсы дамуда. Тараптар арасында мемлекеттік шекара мәселесі толықтай және нақты реттелді», – деді қытай дипломаты.

Қорғас бекеті Қытай есебінше, Батыс Қытайдағы мемлекеттік маңызы бар көп функционалды бақылау-өткізу орны және Қытайды Қазақстан және Батыс Еуропаның басқа да елдерімен жалғастыратын көпір болып табылады.

Қытайдың статистикалық деректеріне сәйкес, 2010 жылы «Қорғас» бақылау-өткізу бекеті арқылы 3 млн тонна жүк тасымалданып, 550 000 турист өткен. Қазіргі таңда жалпы құны 3,3 млрд АҚШ доллары болатын 12 жоба жүзеге асырылуда.

Иә, жобалар мен жоспарларға жүгінсек, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының толық қуатында іске қосылуымен екі ел арасындағы сауда көлемі еселеп артпақ. Сонымен қатар мұнда жаңа өндірістер ашылып, оларға елеулі жеңілдіктер беріледі. Яғни орталық халқымыздың игілігі үшін қызмет атқарады.

1339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы