• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Елбасының қатысуымен Оқушылар сарайы ашылды Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Егемен еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада бой көтерген Оқушылар сарайының ашылу салтанатына арнайы қатысты. Зәулім ғимараттың жоспары және материалдық-техникалық жабдықтарымен танысқан Елбасы кешеннің басқа да спорт залдарын аралап шықты.

Елорда төрінен бой көтерген төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы 60 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жасөспірімдерге арналған – жеңіл атлетика алаңы, суда жүзу бассейні, мұз айдыны мен баскетбол алаңы, сондай-ақ теннис залдары да ашылған. Кешендегі жеңіл атлетика залдарының трибуналары 336, мұз айдынының әмбебап залы 384, бассейн залы 144 көрерменге есептелінген. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген сарай Санкт-Петерборлық дизайнерлерінің ұсынған жобасы бойынша жүзеге асты. Білімге құмар оқушыларымыздың ой-өрісін дамытуда бұл кешеннің тигізер мүмкіндігі зор. Технологияның жетілген тұсында бой көтерген әлеуметтік кешеннің энерго-ресурстық қамтамасыз ету жүйесінде сапасы жоғары технологиялар қондырылған. Сондай-ақ басқару тетігі бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылып отырады. Кешендегі тағы бір басты ерекшелік деп елімізде тұңғыш рет электржабдықтау қуатының жарты бөлігі жаңармалы энергия көздеріне, яғни күн батареялары мен жел генераторларына тартылғандығын айтуға болады. Оқушылар сарайына жылу жүйесі екі әдіс бойынша қамтамасыз етілген. Ғимараттың жартысы қаланың орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, екінші жартысы жартылай жылу сорғыш қондырғының көмегімен іске асырылады.

Балалар мен жасөспірімдердің білімге деген қабілеттерін жан-жақты дамыту мақсатында бұл орталықта түрлі үйірмелер ашылған. Мәселен, жастардың мәдени сауаттылықтарын жетілдіру үшін орталықта арнайы студиялармен қатар, театр, хор, оркестр, би мен балет, драма үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, ғимараттың ішіне әсем көрік беретін сахна, көрме залдарымен қатар, асхана мен медицина орталықтары да орналасқан. Сарайда ашылған 40 үйірмеге бір мезгілде 3880 бала қатысып, өнер шеберліктерін жан-жақты дамыта алады.

Мемлекет басшысы салтанатты түрде ашқан жаңа ғимаратта 170 орындық планетарий жұмыс істейді. Бұнда 3 Д технологиясын қолдану арқылы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге болады. 8,3 га аумақты алып жатқан әлеуметтік кешенді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының тапсырысы бойынша «Базис құрылыс» компаниясы 11 айдың ішінде аяқтап, қолданысқа беріп отыр. Азат еліміздің айбынды жастарына мемлекет тарапынан көрсетілген әсем ғимарат Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне арналған тарихи тарту болып мәңгі қала бермек.

1037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы