• Қаржы
  • 02 Қазан, 2014

БАТЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫМЕН ТАҢҒАЛДЫРУДА

Жарық дүниеде мәңгі бітпейтін, таусылмайтын ештеңе жоқ. Мұнай мен газдың да қоры белгілі мерзім ішінде түгесіледі. Сондықтан көптеген Еуропа елдері қуатты үнемдеу, оны жасанды жолдармен алу, күн және жел күшін пайдалану технологияларын қолданысқа енгізді.  
 Біздің елімізде де «Энергияны үнемдеу туралы» заң, үкіметтің энергиялық тиімді үйлер мен ғимараттарды жобалау және олардың құрылысы туралы іс-шаралары, бағдарламалары қабылданды. Жасыл экономикаға, жасыл құрылысқа көшу мәселелері көтерілуде. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы да көкейтесті, «Болашақтың энергиясы» деп аталады.

Отандық ғалымдар мен өнертапқыштар жылу оқшаулағыш материалдар жасауға ұмтылуда. Мұндай ғылыми ізденістер Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде (БҚАТУ) мықтап қолға алынды.  
Өткен жылы БҚАТУ жанынан ашылған «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ғылыми-зерттеу институты да осы бағытта жұмыс істейді. Бұған дейін жеті жыл бойы машина жасау факультетінде декан болып қызмет атқарған  техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Сәрсен­бек Монтаев осы институттың директоры болып тағайындалды. Бұл өзі – батыс аймақтың маңдайына біткен жалғыз институт.
– Игі істер бұрынғы ректорымыз Қазыбай Қараұлы Бозымовтың басшылығымен, ұжым­ның қолдауымен іске асты. Ғылыми-зерттеу институты  ғылыммен шұғылданумен қатар студенттерді, магистранттарды, докторанттарды даярлайды. Биыл құрылыс материалдарын, құрамаларын өндіру мамандығы бойынша батыс өңірінде бірінші рет докторантура ашылды. Оған қоса биыл еліміз бойынша докторантураның екі  гранты оралдық біздің ҒЗИ-ге бұйырды. Әріптестеріміз, өзіміздің екі түлегіміз докторантураға түсті. Бұл тарихта болмаған жетістік деуімізге болады, – деді «Ин­жиниринг және ресурстарды үнемдеу ҒЗИ-дың директоры Сәрсенбек Монтаев. Ғалым­ның айтуынша, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау өңірлерінде құрылыс саласы бойынша магистратура бітірген азаматтар байқау негізінде аталмыш ҒЗИ-дағы докторантураға түсе алады.
 
Таптырмайтын табиғи шикізат

БҚАТУ-лықтар 2006 жылдан бастап жылу энергиясын сақтайтын, жылу оқшаулағыш материалдар технологияларын жасау жолында ізденді. Машина жасау факультеті де сол жылы ашылып, зертхана біртіндеп жинақталды. Содан бергі уақытта көбік әйнек, көбік бетон, түйіршіктелген жылу сақтағыш материалдарын алу технологиялары (мұнай шламдары қалдықтарынан) жасақталды. Бүгінде әлемде су тапшылығына байланысты ауыз суды және шаруашылық мақсатта пайдаланылатын суды үнемдеу мәселесі туындап отыр. Еліміздің кейбір өңірлерінде ауыз су тапшылығы байқалады. Су бағасы да жылдан-жылға қымбаттауда.
– Сондықтан пайдаланылған суды қайта қолдануға мүмкіндік беретін сүзгілер жасау бағытында ресейлік ғалымдармен бірігіп жұмыс жүргізудеміз. Қазақстанға су сүзгілері шетелдерден әкелініп жатыр. Олардың бізге өз технологиясының сырын ашпайтыны анық. Сондықтан табиғи материалдардан су сүзгісін жасау үшін көп еңбектендік. Тасқала ауданы аумағында су сүзуге жарайтын табиғи шикізат қоры, опока деген бар. Содан сүзгі жасау технологиясын жасақтап, оны патент алуға жолдадық. Қазіргі уақытта суды ең көп мөлшерде қолданып отырған көлік жуатын орталықтарда, өндірістік орындарда осы сүзгілерді пайдалану арқылы лас суды тазартып, қайта пайдалану жайын зерттеудеміз. Сүзгілердің конструкциясын жасауға кірістік. Енді алты айдан кейін оның үлгісін сынақтан өткіземіз, – дейді Сәрсенбек Әлиақбарұлы.
Жалпы табиғи шөгінді,  табиғи қасиеті жағынан жеңіл болып келетін опоканы әлем елдері медицинада, сумен қамту шаруашылығында, тамақ өндірісінде  суды, қантты, шырынды сүзуде, күнбағыс майын тазалауда  кең пайдаланады. Ғалым С.Монтаев жасанды қиыршық тасты осы кремнийлі опокадан алған. Жоба Қазақстан бойынша коммерцияландыруға тиімді жобаларды іздестіретін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС-ның назарына іліккен. Биыл орталыққа еліміздің ғалымдары ұсынған 526 жобаның жетеуі ғана мемлекеттік грантқа ие болды.  Сол жеті жобаның бірі – батысқазақстандық жасанды қиыршық тас жобасы болғаны БҚАТУ-лықтардың мәртебесін тағы бір көтеріп тастады. Жобаны іске асыруда Оралдағы «Алгоритм» технопаркінің қолдау-көмегі зор болғанын айтуға тиіспіз.
– Жобаға қомақты қаржы бөлінді.  Біржарым жыл ішінде жобаны кең көлемдегі өндіріске енгізетін  тетіктер жасалуы керек. Жасанды қиыршық тас – мықты әрі жеңіл, жылу сақтағыш қасиеті бар құрылыс материалы. Аязға төзімді, суда ерімейді. Керамзиттік қиыршық тасты жол құрылысына пайдалануға болмайды, ал жасанды қиыршық тастың мықтылығы сонда, оны жол құрылысына, жылу сақтағыш ретінде еденнің астына, төбе жабыны ретінде пайдаланады. Одан бетон материалдарын жасауға болады. Жоба бойынша өндірісті осы өзіміздің өңірден ашсақ дейміз. Өйткені өңірімізге жол құрылысына қажетті қиыршық тас Ақтөбе облысынан тасымалданады. Экономистердің көзін жеткізгенімдей, табиғи қиыршық таспен салыстырғанда жасанды тастың бағасы арзан. Елімізде кремнийлі опоканың қоры  Оңтүстік Қазақстанда, Ақтөбеде, Қостанай облысында бар. Олардың барлығы пайдаланылмай жатыр, – деді ғалым.

Ғылымдағы жастар қолтаңбасы

БҚАТУ-дың шаңырағында дүниеге келген «Түйіршіктелген жылу сақтағыш материал технологиясы» жобасы биыл жас өнертапқыштардың республикалық «Шапағат – 2014» байқауының «Жылдың ең жас өнертапқышы» аталымында үздік деп танылды. Бұл жобамен жас өнерпапқыш ретінде  Аружан Монтаева қатысты. Жоба бойынша түйіршіктелген опоканы арнайы пеште қыздырып, одан берік әрі жеңіл материал алу технологиясы ғылыми түрде дәлелденген. Қазір Аружан – Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 класс оқушысы. Бұл жобаны С.Монтаев бастаған ғалымдардың жастарды, мектеп оқушыларын ғылымға баулу мақсатында жүргізген жұмыстарының нәтижесі деуге болады.
Елді елең еткізген «Көбік әйнек дайындау технологиясы» жобасы бойынша студент Айнұр Монтаева диплом қорғап, магистратураға оқуға түсті.   Өткен жылы «Шапағат – 2013» байқауына қатысып, «Жылдың үздік өнертабысы» аталымы бойынша үздік жоба деп танылды. Осы жобаның жетістігінің арқасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Вашингтон университетіне оқуға қабылданды. Әдетте әйнектің қалдығы өңделмейді. Әйнек шірімейді, ерімейді, сол күйінде бұзылмастан жата береді. Қазақстанда әйнек өңдеу технологиясы жасақталмаған. Сондықтан БҚАТУ-дың, ҒЗИ-дың ғалымдары осы технологияны өндіріске енгізу жолында жолында жұмыстануда. Белоруссияда 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталысымен, әйнек өңдеу цехы салынған. Олар сол технологияларын елімізге әкелгісі келеді. БҚАТУ-лықтар белорусстардан бұрын өз отандық технологиямызды өндіріске енгізу үшін жұмыстануда. Өзіміздің қолымыздан келетін істі неге өзіміз атқармасқа деген ғалымның пікірімен еріксіз келісесіз.
– Бұдан үш жыл бұрын жасанды қиыршық тас жобасына мемлекеттік грант алғанбыз. Сол қаржыға алынған құрал-жабдық әйнек өңдеуге де жарамды. Әйнекті арнайы станокта уатып, пешке салып қажетті температурада қыздырамыз. Оған қосымша бор қосылады. Сонда жарамсыз әйнек қалдықтарынан құрылысқа қажетті материал алынады. Өйткені бір шаршы метр  әйнек қалдығынан үш шаршы метр дайын өнім алынады.  Көп жағдайда дайын өнім аларда шикізаттың жартысы қалдыққа кетеді, шаң болып ұшады немесе кішірейеді. Ал, мына көбік әйнек жобасының экономикалық жағынан тиімділігі сөзсіз, – деді С.Монтаев.
Көбік әйнек жобасы «Инновациялық форсаж» республикалық байқауына қатысты. Әр өңірден ұсынылған 576 жобаның 16-сы комиссиямен іріктеліп алынды. Үздік 16 жобаның арасында жерлесіміз Сәрсенбек Әлиақбарұлының көбік әйнек жобасының болуы – өңіріміздегі ғылымның, инновацияның даму жолына түскендігінің бір көрінісі. Қыркүйектің 4-інен бастап озық жобаларды «Хабар» телеарнасынан арнайы көрсете бастайды. Арнайы хабарлар көрсетіліміне көрермендерді тарту үшін ғалымдар эстрада жұлдыздарымен бірге өз жобаларының тұсаукесерін жасайды. Озық жобалар елге таныстырылады. Жерлесіміз Сәрсенбек Әлиақ­барұлының қасында жас әнші Айқын Төлепберген болады. Отандық ғылым шамшы­рақтарының бірі, инноватор С.Монтаев бас­таған БҚАТУ-лық ғалымдардың алар биігі әлі алда.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

828 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы