• Бизнес & Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2011

Ұқсата білу де - өнер Мақпал САҒЫНДЫҚ

Тұғыры биік егемен елімізде мал азығын даярлайтын жаңа цех іске қосылды. Қостанай облысының Лисаков қаласында спирт қалдығынан мал азығын өндіретін бұл инвестициялық жоба өңірдегі «Арай-холдинг» компаниясының ұйытқы болуымен жүзеге асырылды. Елімізде сапасы мен шығаратын өнімі жағынан теңдессіз болып саналатын кәсіпорын, ең алдымен қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғаса, екіншіден, құнарлы мал азығын өндіруге үлкен мүмкіндік бермек. 2007 жылы жоспарға еніп, бүгінде қолданысқа берілген өндіріс орнының жалпы құны 405 млн теңгені құрайды.

Кәсіпорында мал азығын өндіру барысында ең алдымен өңделген спирттің қалдықтарын сүзіп, тазартып алады. Тазаланған спиртке сермене шөбін араластыру арқылы төрт түлікті жануарға арналған құрғақ мал азығы даярланады. Цех бастығы Александр Лавреньков кәсіпорын қызметі жайында: «Зауыттың өнімділігі жылына 3 мың тонна, ал күніне 16-17 тонна түйіршіктелген жем қоспасын шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Өнімдеріміз аймақтағы кәсіпорындарға, сондай-ақ басқа облыстарға да жеткізіліп, сынақтан өтті. Жалпы ауыл шаруашылық мамандары тарапынан оң пікірлер айтылғандықтан, отандық өнім бойынша өткізу нарығы қалыптасады деп жоспарлануда», - деді.

Зауыт қызметкерлері өндіріс орнына қажетті барлық құрал-жабдықтарды шетелдерге барып, арнайы тапсырыспен елімізге әкелді. Біршама елдердің озық технологияларын сынақтан өткізе отырып, цех мамандары Қытай фирмасының заманауи қондырғысын пайдалануды жөн деп тапқан. Өндірісте дайын өнімді шығаратын барлық құрылғылар желісі автоматтандырылғандықтан, қолдың күші мүлдем қажет етілмейді. «Арай-холдинг» компаниясының қолдауымен жүзеге асқан бұл инвестициялық жобамен қатар, қосымша 16 жұмыс орны ашылды. Зауыттың басты жетістігі де сол – өндіріс қалдығын іске жарату арқылы халыққа қажетті өнім шығаруда болып отыр. Осы уақытқа дейін «Арай-холдинг» серіктестігінде барда деп аталатын спирт қалдықтары арнайы орынға төгіліп келген-ді. Қанша жерден бекітілгенмен де, қалдықтан бөлінетін улы заттар қоршаған ауаны ластамай қоймасы анық. Аталмыш жоба арқасында бой көтерген жаңа зауыт алдағы спирт қалдықтарынан өнім шығаруды бастап кетті. Құрамында протейн мен минералды заттар шоғырланған бұл өнім төрт түлік жануарға таптырмас азық болмақ.

Аймақтағы бірегей кәсіпорынның ашылу салтанатында облыс әкімі Сергей Кулагин барша қазақстандықтарды айтулы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуда зауыттың маңыздылығына тоқталып өтті. Себебі цех пайдалануға берілмес бұрын, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мұндай азықты арнайы шет мемлекеттерден сатып алып жүрген-ді. Бүгінде Қостанайда ашылған зауыт халықтың сұранысына сай сапасы жоғары, қолжетімді бағада өнімдер көбейтуді мақсат етпек.

557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы