• Қаржы
  • 08 Қазан, 2014

Мемлекет пен халық қаржысы

Сан алуан ру мен тайпаны бір байрақтың астына жиып, айрандай ұйыған ұлт деңгейіне жеткізетін, сол ұлттың қауіпсіз ғұмыр кешуіне, оның тілі мен ділінің өркендеп-дамуына  қамқорлығы қаймана жұрттың күнкөріс қамы сияқты күнделікті қым-қуыт шаруамен астасып жататын күрделі құрылымның ықылым заманнан бергі атауы – мемлекет. Мемлекет атқаратын тірліктер ұлан-асыр, солардың ең бастыларының бірі – экономикалық қам-қарекет.

 

Мемлекеттің  қоғамдық шаруашылықтағы рөлі оның экономикалық атқарымдарынан немесе функ­цияларынан айқын көрініс табады. Ол ең алдымен өнім өндірушілер мен тұтынушылардың өзара қарым-қатынастарының құқықтық негіздерін орнатады, сондай-ақ қысқа күнде қырық құбылатын нарықтың қолайсыз тұстарының тігісін жатқызып, келер күннің қамын ойлайтын экономикалық саясат қалыптастырады. Ал, осы экономикалық саясатты жүзеге асыратын тетіктердің ең бастысы-қаржы-қаражат, бұл қаражат ғылым тілінде мемлекет қаржысы деп аталады. Еуропа тілдерінде  «финанс» делінетін бұл терминнің түп-төркіні латынның «ақша төлемі» деген ұғымды білдіретін «финис» сөзіне тіреледі.
Мемлекет қаржысы ұлттық табысты қайта бөлуде, қоғамдық ұдайы өндірісті дамытуда, қоғамның экономикалық құрылымын қалыптастыруда, өндіргіш күштерді жетілді­руде маңызды рөл атқарады, әлеуметтік бағдарлама­ларды жүзеге асыруға, мемлекеттің басқару аппаратын ұстауға, сыртқы экономикалық қызметті атқаруға жұмсалады.  Сөйтіп, бұл қаржы мемлекеттің әлеуметтік, қорғаныстық, экологиялық және, ең бастысы, экономикалық функцияларын жүзеге асыруға пайдаланылады, бұл міндет елдің қаржы жүйесі арқылы орындалады. Өзге өлкелердегідей, біздің еліміздің қаржы жүйесі  де мемлекеттің бюджет жүйесінен, бюджеттен тыс арнайы қорлардан, мемлекеттік несиеден, жергілікті қаржы мен  шаруашылық жүргізуші нысандардың және халықтың қаржысынан тұрады.
Күшті мен тістіні ғана танитын қатыгез нарық «басқан ізі сықырлай» төніп келгенде кеңестік кезеңнің ұзын арқау, кең тұсау тірлігіне үйренген, «мемлекет өзі асырайды» деген көңілжықпас көз­қарас сүйегіне сіңген қамкөңіл халықтың  жан сақтауына бірден-бір себепкер болған зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдер, қарапайым тілмен айтқанда «бюджет» осы мемлекеттік қаржының, байқап отырғанымыздай, аса маңызды буыны болып табылады. Мемлекеттің сан-салалы қызметін үйлестіріп отыратын үкімет жұмысы орталық бюджет көмегімен атқарылады, халықты әлеуметтік  қорғау, армия, полиция, ғылым мен білім, денсаулық сақтау, айналадағы ортаны күтіп-баптау да осы бюджеттің мойнында.  Бұған қоса жергілікті биліктің өз бюджеттері болады, бірақ көбіне бұл бюджет орталық үкіметтен түсетін жәрдемақыларға, субсидияларға сүйенеді.  Бюджетпен қатар мемлекет қаржысына мемлекет иелігіндегі кәсіпорындардың да қаражаты кіреді.    
Бюджеттен тыс мемлекеттік қорлар қоғамдық қажеттіліктерді қаржыландыру үшін пайдаланы­лады. Арнайы мақсатты салықтар мен қарыз қаражат-займдар, бюджет субсидиялары, қосым­ша табыстар мен үнемделген қаржы ресурстары, ерікті жарналар бұлардың  негізгі қалыптасу көздері болып табылады. Аталған қорлар ел басына күн туа қалған жағдайда мемлекеттік биліктің  қаржы резерві рөлін атқарады.    Мемлекет қаржысының басты буыны – мемлекеттік несие мемлекет пен заңды және жеке тұлғалар арасындағы ақшалай қатынастарда, оның ішінде мемлекеттік билік органдары қарамағындағы уақытша бос ақша қаражатын кезек күттірмес шаруаларды жүзеге асыруға жұмылдыруда және мемлекет шығындарын қаржыландыруда қолданылады.
Елдің қаржы жүйесінің тағы бір маңызды саласы – шаруашылық жүргізуші нысандардың қар­жысы материалдық және бейматериалдық  игілік­тер өндірілетін, сондай-ақ елдің қаржы ре­сурс­тарының негізгі бөлігі қалыптастырылатын қоғамдық өндірістің басты буынына қызмет етеді. Экономиканың өскелең талаптарына сай бұл қаржы ұлттық шаруашылықты одан әрі дамытуға қажетті ақшалай табыстар мен қорланымдарды жинақтап, іске жаратуға пайдаланылады. Ал халықтың қаржысы болса жалақы, акция дивиденді, банк салымдарының пайызы сияқты шаруашылық, еңбек қызметі  негізінде жиналған ақшалай қаражатты құрайды. Қаржы жүйесінің негізгі қызметі осы аталған ақша қаражаттарын ұлғаймалы ұдайы өндірісте пайдалануға, сондай-ақ басқа да қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталады.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі

 

 

 

1213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы