• Қаржы
  • 15 Қазан, 2014

БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА НЕГІЗІ

Алдымен еурооблигация дегеніміз не? Соны түсініп алған абзал. Әлемдік қаржы нарығында бұл үдерістің пайда болуын мамандар ХХ ғасыдың жетпісінші жылдарының бас кезі деп топшылайды. Сонымен, еурооблигация дегеніміз –қарызгердің еуронарықта ұзақ мерзімдік қарыз алу кезінде шығаратын борышқорлық міндеттемесі екен. Ал, біздіңше бұл – купондық облигациялар түріндегі бағалы қағаз. Мұны тек ғана ірі халықаралық банкілер шығарады. Әдетте мұндай облигацияларға кепілдік беру және оларды бірқатар елдерде орналастыру ісімен де халықаралық банк синдикаты айналысады.    

Қазақстан Республикасының құнды қағаздар нарығы туралы заңдылығы Қазақстанның Конституциясына негізделген. Ол ҚР Азаматтық кодексінен, «Құнды қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңынан (2 шілде, 2003 ж.) және басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Егерде Қазақстан Республикасы қол қойған келісім-шарттарда заңда қарастырылғаннан басқа ережелер бекітілген болса, онда халықаралық келісім-шарт ережелері есепке алынады.
Бағалы қағаздың міндетті реквизиттері арнайы нормативтік құқықтық құжаттарында көрсетілген (оның атауы, сериясы, нөмірі, өтініш жасау мерзімі, субъектінің қағаз бойынша көрсетілген міндеті, нормалық құны, кіріс көлемі немесе марапаттау), қағаз бойынша орындалу орны және басқа талаптар болып табылады. Мұндай талаптар түгелдей сақталмаса, яғни, бағалы қағаздың міндетті реквизиттерінің болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі оның жарамсыз болуына әкеліп соқтырады (АК-тің 131-бабының 2-тармағы).
Эмиссиялық бағалы қағаздарды топтастыру мемлекеттік және мемлекеттік емес деп бөлінетін болғандықтан, оның заңдық маңызы болады. «Бюджет жүйесі туралы» және «Мемлекеттің кепілімен қарыз алу және мемлекеттік борыш туралы» зандарға сәйкес мемлекеттік бағалы қағаздар мемлекеттің шеттен алуына орай ішкі және сыртқы инвесторларда шығарылады (олар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың заңды және жеке тұлғалары болып табылады). Оны шеттен алу Қазақстан Республикасының Үкіметі, яки, Ұлттық банкі арқылы жүзеге асырылады.   
Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару негізінен алғанда республикалық бюджеттің жетіспеуіне байланысты. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздарды әлемдік нарықтарға шығарады (еврооблигациялар), сондай-ақ Қазақстан аумағында қазыналық міңдеттемеде және қазыналық облигацияда жүреді.
«Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттік бағалы кағаздар эмиссиясын жүзеге асыру тәртібі және эмиссия көлемі арнаулы заңмен реттеледі. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитентінің жарғылық капиталын қалыптастыру үшін шығарылады немесе заемдык қаржыны тарту мақсатында да қолданылады, ал олардың эмиссияларының тәртібі «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңмен реттеледі.
Қазақстанда тұрғындардың сақталған қорларын банк және құнды қағаздар арқылы жұмылдырып өндіріске тарту, оның құрылымын жетілдіру үшін инвестициялау бүгінгі күні ең ұтымды саясат бағыты ретінде танылып отыр. Шетелдік капитал өздеріне қажетті Қазақстанның шикізат-энергетика өндірісіне жұмылуда. Қазақстанның ішкі қажеттілік-терін өтейтін жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, дайын өнім өндіру салаларына шетелдік инвестициялар онша бармай отыр. Сондықтан өзімізге қажетті өнімді өндіру саласына негізінен ішкі қаржы ресурстарын жұмылдыра қарастыруга болатыны түсінікті. Егер ішкі өндіріс көтерілсе, онда ішкі ұлттық нарық қалыптасады, кәсіпорындар мен тұрғындардың табысы өседі, ал бұл өз кезегінде Қазақстанда ішкі ұлттық капиталдың қорланып өсуіне жол ашады. Осының негізінде құнды қағаздар нарығы да тиімді қызмет атқарады. 
Бағалы қағаздардың қалыптасуы және оның тиімді жұмыс істеуі Қазақстандағы ұлттық капитал мен табыстардың өсіп, шоғырлануына тікелей байланысты деуге толық  негіз бар. Ұлтттық капиталдың шоғырланып өсуі ұлттық табыстың жұмсалуына тығыз байланысты. Қазақстан жағдайында тұрғындар өздерінің табыстарын негізінен шетелдік тауарларға жұмсайды. Ашығын айтсақ, олар шетел фирмаларын жанама түрде инвестициялап, қаржыландырып тұрады. Ұлттық кәсіпкерлік пен өндіріс шоғырланып өсуі үшін тұрғындардың табысы ұлттық өнеркәсіп орындары өндірген өнімге жұмсалуы қажет. Сондықтанда Қазақстан Үкіметі ішкі тауар өндіруші кәсіпкерлерді қорғау және қолдау саясатын ұстанады. .
Ұлттық экономиканың өсіп-өркендеуі ішкі өнімнен түсетін таза табыстың Қазақстан банкілерінде сақталып, Ұлттық қаржы-капитал резервтерінің шоғырлануына байланысты. Қазақстанда шикізат өнімдерін экспортқа өндіретін ең ірі өнеркәсіп орындары шетелдік компаниялардың басқаруында. Оған таң қалуға болмайды.  Мамандардың айтуынша, шетелдіктерге басқаруға берілген компаниялардан бюджетке салық түрінде түсіретін табысы өте мардымсыз. Мұның негізгі себебін мамандар тағы былай түсіндіреді: Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың көбінің оффшорлық аймақтарда тіркелген филиалдары бар. Бұл компаниялар шикізат өнімдерін екі есе төмен бағамен өздерінің шетелдік филиалдарына өткізеді. Соның салдарынан Қазақстан экономикасына есепке алынбайтын және көзге көрінбейтін көптеген зияндар келетін көрінеді. Біріншіден, бюджетке қажетті табыс түспейді, екіншіден, ішкі өнімнен түскен таза табыс шетел асып кетеді. Сөйтіп бұл жағдай Қазақстан банкілерінің ресурстарын шектейді. Ақырында олар өздеріне қажетті қаржыны шетелден тартуға мәжбүр болады. Бұдан сабақ алған жөн.
Бағалы қағаздар рыногының мәні өндірістің құлдырауына жол бермеуде және қаржы жүйесінің сауықтандырылуында маңызды мәнге ие. Бұл рыноктың дамыған сатысында қоғамдық өндірістің тиімді құрылымы пайда болып, тапшылықсыз экономика жүзеге асады. Қоғамдық өндіріс көбіне қоғамдык сұранысқа сәйкес келеді. Бағалы қағаздарды шығарушы өндірісін кеңейтуге мүмкіндік беретін қосымша ресурстары болғанда ғана пайда табады. Өндірістің эмитентпен кеңейтілуі және кәсіпорын табыстылығы дәрежесінің жоғарлауы осы кәсіпорынның, бағасы күнделікті өсіп отырған акцияларын иеленетін инвестор үшін тиімді болып табылады.         
Қорыта айтқанда, бағалы қағаздар нарығын ұлттық экономиканы дамытуға үлкен серпін беретін қуатты да, икемді құрал деп қарастырған жөн. Сонымен қатар, бұл өткір құралды дұрыс әрі тиімді пайдалана білу қажет. Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы елдерінде, тіпті, көрші Ресейде қалыптасқан қаржы дағдарыстарының тәжірибесі көрсетіп отырғандай, құнды қағаздар арқылы капитал қаншалықты және ауқымды көлемде шоғырланған болса, соншалықты аз уақытта және болжауға келмейтін тосын жағдайларға бай- ланысты тез тарап кетеді. 
Қазақстанның болашағы, экономикалық-әлеуметтік дамуы өзінің қолындағы табиғи ресурстары мен байлығын дұрыс та ұтымды пайдаланып, іске асырылуына тікелей байланысты. Сондықтан да өз еліміз кәсіпорындары шығарған акциялар болсын, өз банкілеріміздің қаржылық қағаздары болсын, өз Үкіметіміздің міндеттемелері болсын, барлық бағалы қағаздарымыздың құны мен бағасын түптеп келгенде, Қазақстанның табиғи ресурстары анықтайтындығын есте ұстасақ, ешкімге ұтылмайтынымыз анық. Сол үшін де бағалы қағаздармен жұмыс жасауды жетілдіре түсуіміз керек.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ 

1836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы