• Қаржы
  • 22 Желтоқсан, 2011

Жаңа индустрияландыру-2020 Өз мұнайын өңдеу – Тәуелсіз елге жарасатын іс! Павлодар мұнай-химия зауытының оң бастамасы

Желтоқсан айында Павлодар мұнай-химия зауытында өңделетін мұнайдың 70 пайызы қазақстандық шикізатты құрайды. Мамандар жергілікті зауытта отандық мұнайды өңдеудің технологиялық көрсеткіштерін сынақтан өткізіп алмақ. Бұл туралы журналистермен кездесуде «ПМХЗ» АҚ бас директорының орынбасары Евгений Двуреков мәлімдеді. Егер бәрі ойдағыдай болса, «өз мұнайымызды өңдесек» деген ежелгі арманымызға біртабан жақындай түсуіміз мүмкін.

Иә, сәт!

Павлодар мұнай-химия зауыты соңғы кездері қазақстандық мұнайды өңдеуге көңіл бөле бастағаны белгілі. Бірақ оның үлесі әрі кеткенде 30 пайызды ғана алып келді. Е.Двурековтің айтуына қарағанда, биылғы жыл соңына қарай бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін ұлғайтудың бір сыры сырттан тасымалданатын мұнайдың жетіспеушілігінде жатыр. Ресейліктерден квотамен алынған жылдық шикізат қоры таусылғаны себепті амалсыздық шарасы секілді де көрінеді. Бір жағынан, бұл мәжбүрлік отандық мұнайды өңдеу мәселесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік те беріп отыр.

Мамандардың Құмкөл мен Ақтөбеден құбыр арқылы жеткізілген қазақстандық мұнайды өңдеп көруге кіріскені қуантады. Себебі, бұған дейін «Павлодар зауытында қазақстандық мұнайды өңдеу қиын» деген пікірдің беті қайтпаған еді. Мұның қисыны да бар. Кеңес одағы тұсында Павлодар зауыты Батыс Сібірдің шикізатын өңдеуге ғана бейімделіп құрылды. Яғни, технологиялық тұрғыда дәл осы ресейлік шикізаттан өнімдер шығаруға арналып салынды. Алайда, қазір Қазақстан бөлек те, Ресей - басқа мемлекет. Бір кездері одақтас елдер бүгін көрші болса да, бір-біріне тәуелсіз мемлекеттерге айналды. Осы кезде «неге біз мұнайды шеттен тасымалдаймыз?» деген заңды сұрақ туындады. Оның экономикалық тиімділігі туралы көп айтылды. Қазақстан - өзі де мұнайға бай ел. Бай болғандықтан да, шетелге сатып жатырмыз. Сыртқа сатқан мұнайдың бір бөлігін өзіміз өңдесек, несі айып?! Өзіміздің шикізат қашанда тиімді. Біреуге тәуелді болған күнің құрысын. Осыған дейін ресейлік мұнайға ғана қарап келген біздің зауытқа шикізаттың аяқ асты жетпей қалатын кезі де бастан өткен. Импорттың аты – импорт. Өзімізде бар шикізатты басқа елден сатып алғанымыз жарамас. Одан да қолдағыны жаратуға тырысу керек. Бұл жайтты осыған дейін Елбасы талай мәрте айтқан. «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы құрамына кіретін Павлодар мұнай-химия зауытының осы мәселеге баса көңіл бөлгенін, шыны керек, көптен күткен едік.

«Ренжитін» Ресей жоқ

В.Двурековтің айтуынша, Батыс Сібірден тасымалданатын шикізатқа қарағанда қазақстандық мұнайдың ерекшеліктері бар. Отандық мұнай құрамында парафиндер үлесі көп. Дәл осы қасиеті павлодарлық өңдеушілерді кері шегіндіріп келді. Есесіне ресейлік шикізатпен салыстырғанда, пайдалы компоненттері көп, әрі құрамында күкірт қоспасы 4-4,5 есеге аз. Құмкөл мұнайының тағы бір қасиеті, оны төмен температурада тасымалдау қиын. Сол себепті, қазіргі кезде Павлодар жеріне ақтөбелік шикізатпен араластырылып жеткізілуде. Мамандардың айтуына қарағанда, егер қазақстандық мұнайды толық өңдеуге көшсе, павлодарлық зауыт еліміздің бірден-бірі ірі битум өндірушісі атағынан айырылады. Айта кетелік, биыл павлодарлық зауыт «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолын салушыларға едәуір көлемде битум материалын өткізген. Қазақ мұнайын өңдегенде, одан сапалы авиациялық отын алуға да мүмкіндік азаяды. Қазір кәсіпорын жылына 150 мың тонна аталған отын түрін шығарып келеді. Төмен температурада тез қататын мұнайдан дизель өнімін шығару да қиын көрінеді. Бірақ, жалпы алғанда, біздің мұнайды өңдеуге жұмсалатын шығын ешқандай да көп емес. Тек сол технологиялық кедергілері болмаса.

Десе де, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес кейінгі кезде Павлодар мұнай-химия зауыты өндіріс технологиясын біртіндеп қазақстандық мұнайды өңдеу үшін бейімдеуге көшкен. Бұл біздің «түптің түбінде Шымкент зауыты секілді технологияны жетілдіріп, өз мұнайымызды өңдейміз» деген көңілдегі ескі сенімді одан сайын нығайтатыны анық.

Айтпақшы, басшының сөзіне қарағанда, біз ресейлік мұнайды пайдалануды бірте-бірте азайтып жатсақ шетелдік жеткізушілер пәлендей «ренжи» қоймайды екен. Себебі, алпауыт мемлекетте жылына 490 млн. тонна шикізат өндіріледі. Оның жанында біздің аттай қалап сұрайтын 5-7 млн. тонна түк емес көрінеді, тәйірі! Павлодарлық зауыт ресейлік мұнайдан түбегейлі бас тартқанның күннің өзінде, оған көршілердің «мұрты да қисаймайды» екен. Ал павлодарлық зауыт осынша көлемде қазақстандық мұнайды өңдейтін болса, тарихта теңдесі жоқ ірі табыс болып есептелер еді.

Технологияны жетілдіруге күш салуда

Қазіргі кезде Павлодар мұнай-химия зауыты технологиялық жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Біраз уақыт бұрын кәсіпорынның мұнай шикізатын сақтайтын әртүрлі көлемдегі резервуарларды (қойма) күрделі жөндеуден өткізгенін айтқан болатынбыз. Отын-шикізат паркінің жаңарту - заман талабына сай әрекет. Қоймалар тек шикізат қабылдауға ғана емес, дайын өнімдерді сақтауға да пайдаланылады. Ұзақ уақыттан бері қолданылмай тұрған резервуарларды қайта қалпына келтіруге қыруар қаржы жұмсалды. Мәселен, әрқайсысына 5 мың текше метр мұнай сыятын үш резервуарлық паркті жөндеуге 525,6 млн. теңге инвестиция салынды. Жалпы, биыл зауыттың техникалық жағдайын жақсартуға 6 млрд. теңге бағытталды.

2010 жылы жергілікті мұнай-химия зауытында бензин құрамында октанды көтеретін N-метиланилин қоспа құрылғысы іске қосылған болатын. Бұл зауыттың сапалы да сұранысқа сай мотор отындарының өндірісін ұлғайту жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындап жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта кәсіпорын Қазақстан нарығының мұнай өнімдеріне деген сұранысын 34 пайызға дейін өтеуді көздейді. Бұл ретте зауыт соңғы екі жылда жоғары октанды бензин өндірісін айтарлықтай өсірді. Дәл осы АИ-92, АИ-95, АИ-98 секілді бензин маркалары біздің тұтынушыларымызға жеткіліксіз. Әзірге шамамыз жетпей жатқан тұсты көршілес елдің өндірушілері толтырып келеді. Ендігі егемен елдің міндеті – осы сұранысты толығымен өз өнімдерімізбен өтеу. Бұған жүйелі істердің арқасында қол жеткізуге әбден болады. Оған қуатымыз да, қайратымыз да баршылық.

Бензин сапасын жақсарту үшін жылына 9 мың тонна N-метиланилин қоспасы қажет етіледі. Аталған компонет бензиннің құрамына арнайы коллекторда араластырылады да, пайда болған дайын өнім зуыттың тауар-шикізат сақтайтын паркіне жөнелтіледі. Қоспаның мөлшері шетелдік құрылғылар арқылы есептеліп-бақыланды. Аталған торапты іске қосуға 214 млн. теңге инвестция жұмсалды. Жобаны зауыттың конструкторлық бөлімі 2008 жылы әзірледі, кейін оның құрылысымен зауыт жұмысшылары өздері айналысты. Соның нәтижесінде бүгінде сапалы мұнай өнімін шығаруға қол жетті.

Техникалық директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Иван Дубининнің мәлімдеуінше, Кедендік одақтың талабы бойынша, жақын уақытта тағы бір жаңашылдық енгізуге тура келеді. Бастапқыда Қазақстан 2016 жылға қарай «Еуро-4» стандартына көшуді жоспарлаған еді. Бұл жерде «Еуро-3» сатысын айналып өту ойы болған. Бірақ енді экономикалық кеңістіктің ережесіне сәйкес «Еуро-4» стандартын 2014 жылға дейін енгізу міндеті тұр. Бұл ретте отын құрамындағы бензанол көрсеткішін төмендететін құрылғының технологиясын жетілдіру керек. Алдағы екі жылда кезек күтпейтін бір мәселе де осы.

Айта кетерлігі, жоғары сапалы отынды пайдалануға көшу ісі ілгерілеген сайын төмен октанды бензин өндірісі де азайып келеді. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауытында 2008 жылы АИ-80 маркалы бензин (төмен октанды отын түрі) үлесі өндірістің 33 пайызын алса, 2010 жылы 23 пайызға дейін азайған. Биыл көрсеткішті тағы үш пайызға төмендету жоспарланды.

Ал жоғары октанды бензин өндірісі, керісінше, жыл өткен сайын өрлеу үстінде. 2008 жылы сұранысы жоғары отын үлесі 67 пайыз болса, былтыр 77 пайызды құрады.

-Елімізде «Еуро-4», «Еуро-5» стандарты толық енгізілген кезде АИ-80 тәрізді төмен октанды бензин өндірісі тоқтайды, - деді И.Дубинин.

Жалпы, биыл Павлодар зауытында 4,6 млн. тонна мұнай өңдеу жоспарланған. «ПМХЗ» АҚ бас директорының орынбасары Евгений Двурековтің айтуынша, өткен мерзім ішінде 4 млн. тонна шикізат пайдаланылды. Келесі жылға жаңа жоспарлар белгіленіп отыр. Оған сәйкес, Батыс Сібірден 5 млн. тонна мұнай шикізатын алатыны мәлім болды. Ал қазақстандық мұнайдың өндірістегі үлесі қанша болатынын басшылар кесіп айтпады. Тек «осы желтоқсан айында оны өңдеудің көрсеткіштері бақыланады» дегеннен әрі аспады. Мүмкін, жыл қорытындысы бойынша мәлімдеме жасағанда зауыт басшылығы осы тұрғыда игі хабар жариялайтын болар?!...

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облысы

805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы