• Өндіріс
  • 29 Қазан, 2014

Өндіріс өзгерістерге дайын ба?

Қолданыстағы өндірістік және басқару үдерістерін жаңғырту – бүгінгі ірі және шағын бизнестің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Менеджмент саласындағы инновациялық технологиялар кәсіпорындар жұмысының тиімділігі мен өнімділігін арттыруға және отандық өнім өндірушінің өз өнімін әлемдік нарыққа шығаруына мол мүмкіндік береді.

Осы ретте «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолданыстағы технологияларды, өндірістік және басқару циклдарын жаңғырту бойынша шаралармен қатар, барлық заманауи әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті өндірістер құру қарастырылады.
Бағдарлама Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауын жүзеге асыру аясында 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама құралдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндірістер құруға бағытталған.
Бағдарлама шеңберінде кәсіпорындарға инвестиция­лық жобалардың кешенді жоспарларын әзірлеу немесе сараптама жасауды төлеу, ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру, білікті жобалау және инжинирингтік мекемелерді тарту, инновациялық гранттар беру, жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту, заманауи басқару және және өндірістік технологияларды енгізу бойынша  мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
Бағдарламаның операторы – Қазақстандық индустрияны дамыту институтының ақпаратына сәйкес, қазір бағдарлама шеңберінде анағұрлым кең тараған құрал – лизинг болып отыр. Сонымен бірге, ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру құралына сұраныс жоғары. Демек, қазақстандық бизнес еңбек өнімділігін негізінен техникалық қайта жарақтандыру есебінен арттыруға ден қоюда.
Мұнымен қоса, бағдарламаның зияткерлік ерек­ше­ліктерін, өнімділігі мен өндірістің энерготиімділігін арттыру сынды ерекше мақсатты көздейтінін атап өту қажет. Қолға алынған шаралардың барлығы түптеп келгенде өнімнің сапасы мен бағасында көрініс тауып, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге ықпал етеді. Бұл жерде маңыздысы кәсіпорындар топ-менеджментінің жаңғырту шараларына және өндіріс үдерістерін тиісті деңгейде ұстауға дайындығы болмақ.
Атап өтерлігі, «Өнімділік-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері оған Қазақстанның 15 өңірінен 53 инвестициялық жобалар және 8 өнеркәсіп салалары кірді. Оның ішінде 2013 жылы 2 жоба: Алматы қаласындағы машина жасау саласы бойынша «FosTechData» ЖШС (оптикалық-талшықты кабель өндірісі бойынша зауытты кеңейту) және Қызылорда облысындағы құрылыс материалдары индустриясы саласы бойынша «РМЗ-Шапағат» ЖШС (Қызылордадағы жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй қуаттылығымен үй-құрылысы комбинатын салу) енген. Бағдарлама аясында қазақстандық кәсіпорындар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 63 млн теңгеден астам қаржы алды. Бұдан басқа, «БРК-Лизинг» АҚ 15,3 млрд теңге сомасына 12 жобаны мақұлдады, «НАТР» АҚ 28,9 млн теңгеге басқару және өндірістік технологияларды енгізу бойынша 8 жобаны қолдады. Жобаға өтініш берушілердің жеке қаржысы және екінші деңгейлі банктердегі қарыз сомасы 85 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды.
Бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылуда: бірінші кезең – 2011-2014 жылдарды, ал екінші кезең – 2015-2020 жылдарды қамтиды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы