• Білім & Ғылым
  • 08 Қыркүйек, 2011

Заманауи білім ордалары – білікті болашақ кепілі Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Биыл 260 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отырса, ұзын саны екі жарым миллионнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастап кетті. Ал оларға еліміздің түпкір-түпкірінен барлығы жеті жарым мыңнан астам мектеп есігін айқара ашты.

Саналы ұрпақ тәрбиелеуде сапалы білім беретін жан-жақты білімді, білгір ұстазбен қатар, бүгінгі күннің сұранысына сай келетін, заманауи жабдықпен толыққанды жабдықталған білім ордасының да жөні бөлек. Осы орайда еліміздің қолға алып, жүзеге асырып келе жатқан бағдарлы бағдарламаларының бірі – «100 мектеп, 100 аурухананың» да орны ерекше. Аталған бағдарлама аясында республиканың түпкір-түпкірінде жыл сайын жаңа мектептер бой көтеріп, ескілері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл – болашақ үшін білім саласында жасалып жатқан шаруалардың бір көрінісі.

Жылдағы үрдістен жаңылмай, биыл да жаңа оқу жылында еліміздің өңір-өңірінде бірнеше жаңа мектеп өз оқушыларына есігін айқара ашты. Солардың бірсыпырасына тоқталып өтсек.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде Оңтүстік Қазақстан облысында 17 бірдей жаңа мектеп ашылды, 11 жаңа мектеп бұрынғы апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынып,пайдалануға берілді. Өткен жылғы 62 апаттық мектептің 45-і облыстық бюджеттен қаржыландырылып, 24 мектеп салынды. Үш ауысымда оқытатын 29 мектептің мәселесі толығымен шешілді. 2010 жылы білім беру саласын қаржыландыру көлемі 98 миллиард 10 миллион теңгені құраса, биыл 119 миллиард теңгеден асып отыр. Сайрам ауданының Шіркін ауылындағы іргетасы 1936 жылы қаланған №52 Мұстафа Өзтүрік атындағы мектеп – осы жаңартылған білім ордаларының бірі. Бір кездері мектептің кейбір сыныптары апатты жағдайда болып, жабылған да болатын. Ал енді заман талабына сай жабдықталған бұл білім ордасында оқушы мен оқытушыға қажеттінің бәрі де қарастырылған. Осылай, Сайрам ауданының жергілікті бюджетінің толығуына байланысты 300 орындық мектеп арнайы физика, химия, биология кабинеттерімен қатар, интерактивті тақта, лингофонды, мультимедиялық кабинеттер де қажетті технологиялармен жабдықталып, жаңа реңкке еніп отыр.

Мемлекеттің бюджеттен бөлінетін қаржының сыртында, жеке кәсіпкерлер де білім саласына бей-жай қарамай, барынша қолғабыс жасап келеді десек артық айтқандық емес. Кейбір кәсіпорындар орналасқан өңірлерінің әлеуметтік салаларына серпін беріп, өз үлестерін де қосып келеді. Солардың бірі ретінде биылғы білім күніне Оңтүстік Қазақстан облысында уран өндіретін «КАТКО» Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорнның жасаған сыйлығын атап өткен жөн. Олар Шолаққорған ауылында жаңа мектеп салып берді. 1994 жылы осы жердің тумасы, жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтың есімі берілген мектептің іргетасы 1953 жылы қаланған екен. Жарты ғасырдан асқан білім ошағаның қабырғалары бүгінде мүжіле бастаған, онымен қоса, ауылда тұрғындар санының көбеюіне байланысты мектептің таршылық етіп отырғаны да жасырын емес. 474 млн теңге жұмсалған заманауи білім ордасы 3 блогтан тұрса, олардың бірі тұтастай спорт залы, акт залы және асханаға арналған. Жобада қарастырылғандай, оқу ғимараты физика, химия және биология пәндері бойынша мемлекеттік оқу бағдарламасы талаптарына сай білім беруге қажет болатын барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектепте шет тілдерді үйрену үшін лингафон, компьютерлік оқу, сондай-ақ электр плитасы, тігін машинасы, токарлық, фрезерлік станоктар орнатылған дәстүрлі үй шаруасына және еңбекке баулитын сыныптар қарастырылған. Ал бастауыш сыныптар блогында мектепке дейінгі дайындық тобындағылар үшін төсек орындары мен ойын автоматтары бар арнайы сынып бөлмелері ұйымдастырылған. Сонымен қатар мектепте дәрі егу және тіс дәрігері, сондай-ақ психолог кабинеттері де жұмыс істейтін болады. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған білім ордасы 200 шақты балаға есептелгенімен, биылғы жылы бұл мектепте 400-дей оқушы қабылданды. Олардың 60-ы – мектеп табалдырығын биыл аттап отырған бүлдіршіндер.

Жамбыл облысының Қордай ауданында ашылған жаңа мектептер де елді қуанышқа кенелтіп отыр. Аудан әкімі Ілияс Тортаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Кенен мен Сортөбе ауылдарында бірден екі мектеп салынды. Қазір Масаншы ауылында 820 орындық мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ, Бұлар-Батыр ауылында 600 орындық мектептің және №18 орта мектептің 300 орындық қосымша корпусының құрылысы жоспарланған.

Өскемен қаласы маңындағы «Шығыс» ауылында да жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған бұл ауылда бүгінгі күні 300-ден астам отбасы тұрады. Екі жылда толыққанды салынып біткен жаңа білім ордасы 600 орынға арналған. Мұнда денешынықтыру залы, кітапхана, бірнеше компьютерлік сыныптар бар. Жоспар бойынша алдағы уақытта мектеп жанында оқушыларға арналған күрес, көркем гимнастика секциялар жұмыс жасайтын болады.

Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кепеқұлақ ауылының оқушылары да биылғы оқу жылын жаңа ғимаратта бастады. Жарты ғасырдан астам уақыт оқушыларын білім нәрімен сусындатқан бұрынғы мектептің іргетасы 1948 жылы қаланған екен. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес облыстық бюджеттен Бөдеті орта мектебін салуға 342 млн теңге қаражат бөлінді. 85 орындық жаңа білім ордасы бүгінгі заман талабына сай жабдықталған.

Осыдан бірнеше ай бұрын Теміртаудағы мектепке қатысты біраз дау туғанынан баршамыз да хабардармыз. Кенішті қаладағы №16 мен №9 орыс мектептерін қазақ мектептеріне ауыстыру-ауыстырмау туралы біраз дүрліккен едік. Енді, міне, осы Теміртауда екі бірдей қазақ мектебі ашылып, өз оқушыларын қабылдап отыр. Бұл өңірде барлығы 31 орта мектеп болса, оның небәрі төртеуі ғана қазақ мектебі екен. Ал қалған бесеуі – аралас, 19-ы – орыс мектебі. Демек, өңірдегі қазақ балаларының қазақ мектептерінде қысылып-қымтырынып отырып білім алулары немесе орыс мектептеріне баруларынан басқа амалдары жоқ болып келгенін байқаймыз. Осындай жағдайды ескере отырып, қала басшылығы қосымша екі қазақ мектебін пайдалануға беріп отыр. Өкінішке қарай, әлі де болса, еліміздің түпкір-түпкірінде таза қазақ тілінде білім беретін мектептердің аздық етіп отырғаны аян. Осы орайда мына бір деректерге көз жүгіртсек, Қостанай облысында барлығы 609 білім ошағы болса, оның небәрі 144-і – таза қазақ мектептері. Солтүстік Қазақстан облысындағы 601 мектептің 148-і ғана – қазақ мектебі. Петропавлдағы 40 мектептің 7-уі ғана қазақ тілінде оқытады. Лисаковск, Риддер, Шахтинск қалаларында бір-біреуден ғана қазақ мектептері бар. Міне, алдағы уақыттарда еліміздің солтүстігінде білім саласында біраз оңды өзгерістер болады деп күтеміз.

1373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы