• Қаржы
  • 05 Қараша, 2014

Жетекші сектор жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Қаржы нарығының балама секторында қарқынды дамып келе жатқан исламдық қаржыландыру соңғы уақытта әлем елдерінің назарын аудартуда. Оны қаржылық өнімдерді әртараптандыру, сонымен қатар Парсы шығанағы елдерінен инвестиция тарту көзі ретінде қарастыратын мемлекеттер қатары да толығып келеді.   


«Ислам Давосы» аталып кеткен дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Global Islamic Finance Awards ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталуы елімізді ислам қаржыландыруын дамытуға ықпал етiп отырған көшбасшы мемлекет ретiнде танытты.

Исламдық қаржыландыру Қазақстанға алғаш рет 1997 жылдың тамызында келіп, Алматыда өзінің өңірлік кеңсесін ашқан болатын. Ал  2006 жылдың 27 ақпанында «ЦентрКредитБанк» біржылдық мерзімге 38 млн. доллар көлемінде исламдық қаржы тарту туралы келісім жасасты. Осылайша қазақстандық екінші деңгейлі банктер исламдық қаржыландыруға бет бұрды.
Атап өтерлігі, Қазақстан ТМД кеңістігінде және Орталық Азия елдерінде исламдық қаржыландыруды заңнамалық деңгейде енгізу шараларын қолға алған бірінші мемлекет. Өйткені, елімізде 2009 жылдың 12 ақпанында  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаны мәлім.
2007 жылы елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасындағы келісімге сәйкес «Әл-Хилял» исламдық банкі құрылды. Астана мен Шымкент қалаларында филиалдары және Алматы қаласында бас кеңсесі бар банктің капиталы қазіргі күні 176 млн. долларға жетіп, алдағы уақытта ұлғая түспек. Қаржы ұйымы елімізде жалпы сомасы 80 млн. долларды құрайтын 7 жобаны қаржыландырған. Президент тапсырмасына сәйкес еліміз үкіметі 2020 жылға дейінгі жол картасын дайындады, сондай-ақ, Қазақстан исламдық қаржы қызметтері кеңесінің мүшелігіне енді.
Бүгінгі таңда исламдық қаржыландыру ұсынған жобадан үлес алу тәжірибесі  мұсылман елдерін қойып, Батыс мемлекеттерінде де қарыштай түсуде. Бағалы қағаздардың исламдық баламасы – сукук құралын нарықта дамыту дүниежүзілік сипат алып отыр. Ислам әлемінде сукук шығаруда Малайзия көш бастап, құнды қағаздар шығару мен исламдық қаржыландыру нарығында да алдыңғы қатарға шықты. Бұл ретте біздің еліміздің сукук құнды қағаздарын шығаруда малайзиялық тәсілді таңдауы тегін емес. Өйткені, бұл мемлекет осы жүйеде 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Банк секторының 40 пайызы ислам қаржыландыруына өткен.
2012 жылы Қазақстан Ұлттық банкімен Қазақстан Даму банкіне сукук шығару мен орналастыруға барлық рұқсаттар берілді. Артынша ҚДБ сомасы 76 млн. долларды құрайтын сукук ислам бағалы қағаздарын шығару бойынша келіссөзді сәтті аяқтаған өңірдегі тұңғыш эмитент атанды. Бұл шығарылымның 60 пайызы шетелдік инвесторлар арасында бөлінген. Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына арналған брифинг барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов атап өткендей, ҚДБ қағаздары Малайзия қор биржасында күні бүгін Эрбис Бихат Банкі сияқты құралдармен қатар қолданылады. Биылғы қазан айында Қаржы министрлігі 14 жылдық үзілістен кейін құны 2,5 млрд. доллар болатын суверенді облигацияларды орналастырған. Тапсырыстар кітабы барынша толып, 11 млрд. доллардан асты. 10 жылдық қағаздар бойынша кірістер 4% болса, 30 жылдық қағаздар бойынша 5% құрады.
Қайрат Келімбетовтің хабарлауынша, 2015 жылы сукук құнды қағаздарын шығаруға жақсы мүмкіндік бар. Егер бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттің сыртқы қарызы ІЖӨ 2,5% аспаса, онда алдағы бес жылда Қазақстан Үкіметі, квазимемлекеттік сектор және жекеменшік секторы суверендік және квазисуверендік облигациялар мен жекеменшік секторының облигацияларын тарту жөніндегі құралдарды белсенді түрде пайдалана алады.
Қазіргі уақытта жүйені бір ізге түсіру бойынша Үкімет үздіксіз жұмыстар жүргізуде. 2015 жылы Алматыда Ислам қаржыландыру қызметінің саммитін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сөйтіп, 2020 жылға дейін Алматы Азияның ең ірі он қаржы орталығының біріне  айналмақ.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы