• Бизнес & Қоғам
  • 29 Желтоқсан, 2011

Әлеуметтік саланың даму қарқыны

Биылғы жыл – жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы жыл екені күмәнсыз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақ халқының басын бір тудың астына біріктіріп, тәуелсіздік туын көкке желбіреткен күннің 20 жылдық мерейтойын атап өттік.

20 жыл тарих үшін қас қағым сәт болуы мүмкін. Дегенмен, жасампаз жиырма жылда бір ғасырға татитын ұланғайыр жолды басып, биік белестерді бағындырдық десек артық айтқандық болмас.

Қазақ мемлекеттілігін құруға сан ұрпақтың сан ғасырлық ғұмыры мен күш-жігері кеткені айдан анық. Дегенмен, тәуелсіздікті жариялау бар, ал тәуелсіздікті сақтап, оны нығайтудың орны бөлек. Сондықтан, ата-бабамыздың арманы болған тәуелсіздікті ойдағыдай орнатып, елдің басын қосып, бүгінгідей керегесі кең, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет құрудағы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі тарихта алтын әріппен жазуға лайықты екені даусыз.

Бүгінгі әлемдік дамудың қарқыны өте жоғары болса да, өркениет кеңістігінен өз орнын иеленіп, іргелі ел болуының қайнары – Қазақстанның әуелден-ақ өзінің даму беталысын айқындап алуында жатыр. Бұл жолды қазақ елі биік рухпен, кең тыныспен, тың серпінмен бастады. Даму жолының алғышартын белгілеп, атқарылатын ең маңызды шаралардың басын үйірді. Ұлт Көшбасшысының Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айқындап алған бағдары әлемде қазақстандық даму жолы болып танылып, мемлекеттілікті құрудың озық үлгісіне айналды. Елбасымыз Тәуелсіздік белестеріндегі әрбір жылды өзекті мәселерге арнап,арнаулы шаралар ұйымдастыруды үрдіске айналдырды. Осылардың ішінде қашанда әлеуметтік саланы үнемі жеке назарында ұстап, жіті бақылауынан түсірген емес.

Біздің стратегиялық мақсатымыз ел Конституциясымен бекітілген: "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары". Әлеуметтік мемлекет ретінде құрылғанына байланысты Қазақстан қандай ауыртпалықтарға кезіксе де, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Жалпыға ортақ қолжетімділік пен қоғамға қолайлы маңызды әлеуметтік игіліктерді қамтамасыз ету мақсатында пайда болған және қазіргі кезде колданылып жүрген мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар: күнкөріс деңгейі, еңбекақы мен зейнетақының ең төменгі мөлшері, еңбек шарты мен төлем стандарттары, әлеуметтік қызметтерді ұсынудың нормативтері қабылданды. Мемлекеттік жәрдемақылардың шекті мөлшерлері халықаралық нормаларға жақындады.

Жаңа тәуелсіз Қазақстанның тарихымен бірге отандық әлеуметтік реформалар тарихы да басталды. Осылайша, «Қазақстанның даму стратегиясы – 2030» аясында Мемлекет басшысы: «мемлекеттің басты міндеті ол жұмыс істеу мүмкіндігі шектелген азаматтарға көмектесу немесе бірдей табыс табуға жағдай жасау болып табылады. Мұндай азаматтарға көмек - бұл мына сіздер мен біздердің азаматтық борышымыз, ізгілікті іс және біздің қоғамның дәрежесінің кемелденгенін көрсетеді. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау ол нысаналы әрі атаулы сипат алған жағдайда ғана нәтижелі болады. Мемлекет қоғамның осындай көмекке шынында зәру мүшелерін қолдауға міндетті және сол үшін жауапкершілікті іс жүзінде өзіне алып отыр, олар, ең алдымен: балалар, көп балалы аналар, ардагерлер, мүгедектер», - деп атап көрсетті.

Әлемнің барлық елдерінде экономиканың өсуі әлеуметтік қорғау мәселелеріне баса көңіл бөлуге бастап отыр. Жаһандық өзгерістерге қарамастан, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі саяси дамуымыздың маңызды беталысынан айнымағаны ұлттық рух пен азаматтық ұстанымның бар екендігін дәлелдеп келеді.Саяси бағдарды зерделей отырып, Қазақстанда қаржы тұрақтылығын, экономиканың тиімділігін, әлеуметтік қамсыздандырудың үш жақты — мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы әлеуметтік жауапкершілікті бөлу міндеті қалыптастырылды.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары халықты әлеуметтік қорғау саласында реформа жүргізу және халықтың әл-ауқатын жақсарту Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басым стратегиялық бағдарының бірі болды.Сондықтан мемлекетіміз азаматтардың әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарын жүйелі және тұрақты түрде ерекше қамқорлыққа алады. Осыған орай мемлекеттік бюджет есебінен түрлі жағдайларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылар, қосымша әлеуметтік төлемдер мен көмектер қарастырылған.

Біздің еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін түбегейлі жетілдіру 2001 жылғы «Қазақстан Республикасында халықты әлеуметтік қорғау Концепциясын» бекіту арқылы жүзеге асырылды.Еліміздің құрамына бесіктегі баланы да, еңкейген кәріні де қосатын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі әлемдік үздік тәжірибелерді ескере отырып құрылды. Аталған Концепцияның аясында 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындаған жағдайда төленген әлеуметтік аударымдардың мөлшері мен ұзақтығына байланысты жұмыс істейтін халықты қосымша әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді.Бұл жүйе жұмыс істейтін халықты жұмыс берушінің есебінен қосымша әлеуметтік қорғау үшін құрылды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу жарғылық капиталы жүз пайыз мемлекеттің қатысуымен акционерлік қоғам нысанындағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) құрылуына себепші болды. Қор әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңызды институты ретінде әлеуметтік аударымдарды жинауды, шоғырландыруды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекел пайда болған жағдайда, әлеуметтік төлем төлеуді жүзеге асырады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстандағы көпдеңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің екінші деңгейін құрайды және оның қызмет ету аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді.Мәселен, Қор 2005 жылдың 1-қаңтарынан бастап әлеуметтік тәуекелдің 3 түрін: еңбек ету қабілетінен айрылу, жұмысынан айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайларын қамтыды. Ал 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап Елбасының 2007 жылғы халыққа «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, міндетті әлеуметтік сақтандыру әлеуметтік тәуекелдердің екі түрімен толықты, яғни Қор жүктілігі және босануы, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысын жоғалту және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысын жоғалту жағдайларына орай әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етеді. Қарап отырсақ, Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер адам өмірінде кездесуі мүмкін ең ауыр әлеуметтік тәуекелдерді ғана емес, сонымен қатар ана болу мен нәрестенің бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты айрылған табыстың орнын толтыруға қызмет етіп, ана мен баланың оңтайлы тіршілік етуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. 2005 жылдан бастап 2011 жылдың 1-желтоқсанына дейінгі аралықта Қордан барлық әлеуметтік тәуекелдер бойынша 194 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалса, оның 93 пайызы ана мен баланы қорғау үшін төленген (сурет 1).

Осылайша, Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін зейнеткерлерден басқа меншіктің барлық түріндегі ұйымдарда, кәсіпорындарда еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін, сонымен қатар жеке кәсіпкерлікпен ресми түрде айналысатын барлық тұлғалар әлеуметтік тәуекелдердің бес түрі бойынша Қордан әлеуметтік төлемдер ала алады. Демек, міндетті әлеуметтік сақтандырудағы жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалардыңәлеуметтік жауапкершілігі маңызды орынды иеленеді, өйткені олардың Қорға ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды уақтылыжәне толық мөлшерде аударуыәлеуметтік тәуекелпайда болған жағдайда жұмыс істейтін халыққа Қордан баламалы әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.

Жаһандық экономикалық тұрақсыздық кезінде көптеген елдер әлеуметтік қамсыздандыруға арналған мемлекеттік шығындарды қысқартуды қолға алса, Қазақстанда мұндай шаралар атымен жасалмаған, керісінше мемлекеттік жәрдемақылар уақытында төленіп, олардың мөлшері жылдан-жылға артып отырды. Осы дәстүрді жалғастырып, Қордан тағайындалған асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайларына төленетін ұзақмерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері алушылар үшін жылдан-жылға артып келеді, мәселен 2008 жылы -15%, 2010 жылы – 9 %, 2011 жылы – 7 %өсті. Бұл шешімдерге байланысты тағайындалған ұзақмерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін арттыру Қор қаражаты есебінен жүргізіледі.

Қазақ елі өзінің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құру кезінде халықаралық тәжірибе мен ережелерді зерделеп, ұлттық мүдде мен экономикалық-әлеуметтік жағдайды ескерген. Әлеуметтік саланы жетілдіруді әлемдік озық тәжірибелерге оңтайландыру арқылы жүзеге асыру үшін Қор халықаралық деңгейдегі жиындарды, дөңгелек үстелдер мен конференцияларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар, қоғам мүддесіне қызмет ете отырып, Қор халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, тек 2011 жылдың өзінде Қорға түскен сұрауларды есептемегенде, электрондық желіде жеке тұлғалардың 3 481 сұрағына жауап берілді. Сондай-ақ, түрлі деңгейде жүргізілетін сауалнамалардың нәтижелері талданып, халықтың қажеттіліктеріне сәйкес парақшалар, кітапшалар және буклеттер таратылады.

Бүгінгі таңда Қор Халықаралық зейнеттік және әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының тең мүшесі, сондай-ақ Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы, Халықаралық Еңбек Ұйымы сияқты түрлі халықаралық ұйымдармен тығыз қызметтік қарам-қатынас жүргізуде. Қордан әлеуметтік төлемдер тағайындаудың талаптары мен ережелері Халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына шақ келіп, әлеуметтік тәуекелдердің түрлері бойынша еңбек еткен соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар төленген орташа табыс көлеміне байланысты әлеуметтік қолдауды қарастырады. Қордан төленетін еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айрылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдер Халықаралық еңбек ұйымының Әлеуметтік қамсыздандырудың нормалары туралы №102Конвенциясының талаптарына сәйкес келеді. Бүгінгі күні ана мен баланы қорғауға қатысты қазақстандық заңнамалардың талаптарын Халықаралық еңбек ұйымының Ана мен баланы қорғау туралы №183 Конвенциясына сәйкестендіруге байланысты қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы сәйкестіктерді талқылау барысында ана мен баланы қорғаудың қазақстандық үлгісі дамыған әлем елдерінің үлгілерінен қалыс қалмай, жан-жақты қалыптасқан, тіпті жүктілікке байланысты төлемнің мөлшері, босануға байланысты берілетін демалыс күндері бойынша көрсеткіштерден озық нәтижелерге қол жеткізгені айқындалып отыр. Сондықтан, ана мен баланы әлеуметтік қолдау арқылы еліміздің демографиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалған.

Әлеуметтік қамсыздандыруды реформалау, өнімді жұмыспен қамту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға көмектесу Мемлекет басшысының жылсайынғы Жолдауы аясындағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Бүгінгі күні әлеуметтік сақтандыру әлемдегі әлеуметтік қорғаудың маңызды түрлерінің бірі болып табылады. Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге, оның ішінде қоғамдағы мұқтаж жандарға демеу болып, жоғалған табыстың белгілі-бір бөлігін толтыру арқылы әлеуметтік тұрақсыздықты төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл ретте, әлеуметтік ахуалдың өсуі мен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жұмыс берушінің жұмыла жүргізетін іс-әрекеттері өзінің тиімділігін және маңыздылығын көрсетіп келеді. Мемлекеттің өз азаматтарына кепілдендірілген базалық жәрдемақылары мұқтаж халыққа көрсететін негізгі көмегі болса, Қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдер жұмыс істейтін халықты қосымша әлеуметтік қолдау болып табылады.

Осы барлық шаралар ең басты міндет ретінде халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын біртіндеп арттыруға, қазақстандықтардың өмір сүруіне лайықты жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталғанын ескере отырып, Елбасымыздың айқындап берген дамудың стратегиялық бағдарын жүзеге асыру үшін жұмыла қызмет еткеніміз абзал. Сонда, дамуымыздың алғышартына айналған бірлігіміз жарасып, болашағымыздың жарқын болатыны айғақ.

Гүлбағила Болатбекова

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ

ақпараттық қамсыздандыру және талдау

департаментінің директоры

718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы