• Қаржы
  • 12 Қараша, 2014

Теңгенің түсі әдемі, ал құны мен қуат-қауқары ше?..

 Тәуелсіздік туындысы, ұлттық валютамыз – теңге 1993 жылдың 15 қарашасы күні қолданысқа енді. Содан бергі 21 жылдық тарихында теңге сырт көрінісі біршама өзгеріп, әлемдегі ең әдемі валюталардың қатарынан орын алды. Жалған ақшадан қорғалуы да өте жоғары деңгейде.

Осылайша теңгенің өзі қымбат болғанмен, халыққа қызмет еткен ширек ғасырға жетпес уақыт ішінде ол бірнеше құлдырауды бастан өткерді. Алғаш айналымға 1 теңге – 500 кеңес рублі қатынасында енгізілген 1993 жылы ұлттық валютамыздың АҚШ долларына қатысты бағамы 4,7 теңге болған еді. Одан әрі оның құлдырау кезеңі басталды. Бұл долларға қатысты бағамы 76-78 теңге деңгейінде тұрақтап, біршама тыныштық тапқан 1997 жылға дейін жалғасты. Міне, содан беріде елдің бас банкі секіріс үстіндегі теңге бағамын ауыздықтаумен алысып келеді.
Осы жылдарда ұлттық валюта құнсызданудың төрт толқынын бастан кешірді. Бір доллар 4,7 теңгеге бағаланған бағам бар болғаны біржарым ай ғана тұрды. Келесі 1994 жылдың қаңтарында доллар 10 есеге жуық қымбаттады. Дегенмен теңге құнының бұл төмендеуі ел ішінде елеусіз өтті деуге болады. Өйткені жаңа валютаға жұрттың көзі әлі үйрене қоймаған, тіпті кейбір жерлерде қолға ұстап та көрмеген кез еді. Оның үстіне бүгінгідей екінің бірінің қалтасында доллар жүрмейтін.
Ал Ұлттық банк теңге бағамын еркіндікке жіберген 1999 жыл – ұлттық валюта құнсыздануының екінші толқыны елдің жақсы есінде. Доллар бағамы 84-тен 138 теңгеге бір-ақ ұшқан ол кезде бас банкир Қадыржан Дамитов болатын. Бұл жолғы құнсыздану экспортқа шығарылатын тауар көлемін ұлғайту және оның бәсекеқабілеттілігін көтеру мақсатынан туды деп айтылды.
Арада он жыл салып, девальвацияның үшінші толқыны соқты. 2009 жылдың 4 ақпаны – қолындағы барының 25 пайызын бір сәтте жоғалтқан көпшіліктің әлі күнге есінде. Теңге әлсіреп, доллар қымбаттады. Бағам 120-дан 150 теңгеге бір-ақ барды. Сынның астында қалған сол кездегі бас банкир Григорий Марченко осыған байланысты, әлде басқа себебі болды ма, әйтеуір мерзімінен бұрын қызметінен кетті.  
Биыл тағы сол ақпанда жайсыз жағдай орын алды. Теңгенің төртінші құнсыздануы шықпа жаным, шықпамен жүрген жұрттың хал-ахуалын 20 пайызға  нашарлатып кетті. Доллар бағамы ұлттық валюта айналымға шыққаннан бергі кезеңдегі рекордтық көрсеткішке – 185 теңгеге жетті.    
Айналымға енгізілгеннен бергі уақытты шолып қарай отырып, жиырма жылдан сәл асқан аз ғана тарихында ұлттық валюта – теңгеміздің долларға қатысты алғандағы құны 40 есеге жуық түскендігін көреміз. Жаһандық экономикалық дағдарыс салдарынан туындаған бүгінгі қиындықтар еңсерілмей, төл теңгеміздің айырбаста құнды өзгелермен терезесі теңеле қоймасы анық.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1060 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы