• Бизнес & Қоғам
  • 08 Қыркүйек, 2011

«Омеганың» инновациялық жобалары

Сонау кеңестік заманда-ақ электронды автоматты жүйелерге байланыс құрылғыларын, темірден түрлі құрамалар жасап, аспаптарға дәлдік механизмді тетіктерді жасауға маманданған «Омега» прибор жасау зауыты бүгінде қиындықтарды артқа тастап, есін жия бастады. Қырық жылдан астам тарихы бар өндіріс ошағы ең бастысы, білікті мамандарын сақтап қалды. Қазір мұнда 168 адам жұмыс істейді. Бас директор Азамат Жуаспаевтың айтуынша, қазір зауыттағылар "Қазақстан теміржолы"ҰК" АҚ-ның, ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырыстарын орындап отыр. "Таза су" қондырғыларына өзге өңірлерден бес тапсырыс алған. Ендігі мәселе инвесторға тіреліп тұр. Бүгінде зауыттың атшаптырым төртінші цехы бос тұр. Оны жөндеуге, төбесін, қабырғаларын қалыпқа келтіруге шамамен 300-400 милион теңге қажет. Жақында Түркиядан инвестор келіп, жағдаймен танысып, цехты жөндеп, осында жеңіл бронды техника, инкассациялық және әскери машиналар шығаруға ұсыныс білдірген.

- Зауыттың келешегі зор. Өзгесін айтпағанның өзінде, алдағы үш жылда "Қазақстан теміржолы» компаниясында төрт жоба жүзеге асырылады. Әр жобада қазақстандық үлес болуы тиіс. Жыл сайын кесте бойынша ол 20 пайыз игерілу керек. Тек теміржол саласының өзінен бізге біраз тапсырыстар болатыны көрініп тұр. «Таза су» бағдарламасы бойынша да болашағымыз бұлыңғыр емес. Бұрын таза су бағдарламасына қатыса алмай қалдық. Енді алдағы жылы "Ақбұлақ" бағдарламасына қатысуға ниеттіміз. Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қондырғы шығарудамыз. Қазір Қостанай, Қарағанды облыстарымен келіссөздер жасалуда. Жаңа тапсырыстар, іскерлік байланыс орнату үшін еліміздің аймақтарын аралау жоспарланған, - деді Азамат Жуаспаев зауттың тыныс-тірлігімен таныса келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елена Тарасенко мен Шавхат Өтемісовке өз әңгімесінде.

Зауыт келешегінің көзірі – ИФС, яғни инфрадыбыспен емдеу құрылғысы жобасы. Әлемде мұндай дыбыспен емдеу әлі қолға алынбаған. Адам ағзасының 90 пайызы судан тұратынын ескерсек, судың молекулярлық бөлшектерінің көмегімен жұмыс істейтін аппарат адамды сауықтыруға көмектеседі. Онымен сүйек-буын ауруларын емдеуге Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген. Медаспап Қарағандыда сынақтан табысты өткен. Енді Қазақстан бойынша тапсырыс болса дейді омегалықтар. Бұл патенттелген аппаратты шығару жолға қойылса, онда дәрі-дәрмексіз және ота жасамай-ақ кейбір ауруларды жазып алуға болады екен. ИФС жобасы іске асса, 50 адамға жұмыс ашылады.

Өткенде Елбасы абсолютті инновацияны табу жөнінде тапсырма бергені есімізде. «Омеганың» ИФС аспабын инновациялық өнімге жатқызуға болады. Оның авторы алматылық ғалым В.Казаков бұл жобаға жеті жыл өмірін арнаған. Медициналық қондырғылардың барлығы елімізге шетелден әкелінеді. Ал өзіміздің төл қондырғымыз мүлдем жоқ. Сондықтан бұл жоба Қазақстанда жүзеге асса, өнімді әлемдік нарыққа шығауға жол ашық .

Сонымен қатар зауыттың екінші тың жобасы - «КАРС» рентген аппараты. Әрине, ондай отандық өнім бізде Ақтөбе қаласында шығарылады. Оған сөз жоқ. Ал омегалық жаңа рентген аппаратының алып жүруге, үйді-үйге апаруға, пайдалануға жеңіл, мобильді түрлері бар. "КАРС" –тың Қазақстан бойынша 12-ісі шығарылып, қолданылуда. БҚО аумағындағы ауруханаларда оның екеуі пайдаланылуда. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаға «Омеганың» рентген аппаратын енгізер болса, зауытқа қолдау болар еді. Әрі бұл қондырғы ауруды 90 пайыз анықтайды. Оның зияны ақтөбелік аппараттан 100 есе кем деседі зауыттағылар.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,Орал қаласынан

717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы