• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қаңтар, 2012

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Үшінші онжылдық: алдағы міндеттер бүгінгіден де зор

Әлемде өзіндік болмысы мен ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтарын жоғалтып, азулы елдерге жұтылып жатқан жұрт қаншама?! Жойылып кетеміз бе деген қорқыныш жанын жегідей жеген бабаларымызға Азаттық ұғымы тек өкініш-азабын тарттырған ащы да асыл арман болды.

Намысы арына от берген талай ер атқа қонды. Тәуелсіздік жолында талай боздақтар құрбан болды. 25 жыл бұрынғы қазақ жастарының рухы жалындаған Желтоқсан – азаттық үшін тайталастың соңы, демократиялық үрдістерді ұстаным еткен тәуелсіздіктің бастауы болды. Біз де талықсып барып тірілдік, езіліп барып ес жидық, жұлдызымыз сөне жаздап қайта жанды. Халқымызда «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген әдемі тіркес бар, біз – аталар арманының ақиқатқа айналғанын көрген, азаттықтың ақ таңын қарсы алып, ақ дәмін татқан ұрпақпыз. Сан ғасырлық аңсарға қол жетіп, жоғалтқанымызды тауып, тізгінімізге ие болғанымызға – 20 жыл! Кешегі көмескіленген жұлдызымыз бүгін айдай әлемге сәуле шашып жарқырап тұр. Біз осы күнге қалай жеттік?

Қазақстанның тәуелсіздік алуы өткен ғасырдың соңғы жылдарына тиесілі болса, қалыптасудың күрделі алғышарттары ғасырлар тоғысына тап келді. Әр мәселеде айтылған сан алуан пікірлердің бір арнада тоғысуы, сан алуан қиялдардың бір мақсатқа жұмылуы оңай болған жоқ. Алмағайып кезде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тізгінін қолына алып, жолайрықта тұрған халқын жарқын болашаққа жеткізер даңғылға бастады. Тәуелсіздікті алған соң-ақ Елбасының бастауымен, ел үшін етігімен су кешер азаматтардың жұмылуымен кемел ертеңге апарар баспалдақтар қалана бастады. Алайда, экономикасы мен өндірісінің бас жібі бұрынғы орталыққа байланған, әлемдік нарыққа барар өзіндік жолы жоқ, көп ұлтты елде біртұтас, тәуелсіз Қазақстанды дамыту оңай болған жоқ. Мемлекет үшін жаңа саяси, заңнамалық, экономикалық алғышарттар керек болды. Мемлекеттік шекараны бекітіп, тәуелсіз елдің Қарулы Күштерін жасақтау, ұлттық экономиканың іргесін нықтап, ұлттық валютаны енгізу, сыртқы саясатты айқындау, ұлттық бизнесті аяғынан тұрғызу кезек күттірмейтін мәселелер еді. Осы сын сағатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев басты қадамдарға парасатты таңдау жасай алды. Елбасының кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында халқымыздың озық дәстүрлері мен әлемдік озат тәжірибені ұштастырған Қазақ елі табысқа жетудің өзіндік өрнегін тапты. Бүгін жасампаз еліміздің жүріп өткен жолына 20 жылдың биігінен көз салып, Елбасының бастауымен Қазақстанды тұғырландыру жолындағы қадау-қадау қызметтерінің бірқатарына тоқталар болсақ, алдымен экономикалық ахуал ауызға ілігеді.

«Алдымен – экономика, сосын – саясат» қағидасын ұстанған Елбасы кедергілерге қара-мастан жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға өтуге батыл қадам жасады. Егемендікті жариялаған соң 130 күннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді, төл валютамыз – теңге өмірге келді. Жекешелендіру кезінде азаматтар жеке кәсібін құрды, шағын және орта кәсіпкерлікке жасалған жеңілдіктер елімізде орта таптың қалыптасуына жол ашты. Қазіргі таңда еліміз бойынша шағын және орта бизнесте 700 мыңдай шаруашылық субъектілері екі миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып, еліміздің жалпы ішкі өнімінде 30 пайыздан артық үлеске ие. 1993 жылдан бері еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 12 есеге дерлік өсіп, биыл жыл басында жан басына шаққанда 10 мың долларды құрады. 20 жылда экономикамызға 130 млрд долларға тарта шетел инвестициясының тартылуы, бізді бұл салада көшбасшы 20 елдің санатына енгізді. Дүниежүзілік банкінің мәліметінше реформалар жүргізуде көшбасшы болған Қазақстан әлемдік экономиканың белді өкіліне айналды. Іргелі елдердің өзін теңселткен әлемдік қаржы дағдарысының алдын алуды сауатты жүргізген Қазақстан бұл қиындықтан сәтті шыға алды. Сол жылдары «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» мен «Бизнестің жол картасы» бекітіліп, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруге қажетті саяси-экономикалық және әлеуметтік алғышарттар жасалды. Қазіргі таңда «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» аясында жалпы құны 800 млрд теңгеден асатын 160-қа жуық нысан іске қосылса, «Бизнестің жол картасы» аясында 129 бизнес субъектісі үшін қажетті инфрақұрылым жүргізілген. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің аумағында Кеден одағының құрылуы еліміздің нарықтағы кеңістігін кеңейтті. Тәуелсіздіктің ұлы мерекесі қарсаңында еліміз астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, Қазақстан ұн экспорттауда әлемде төрт жыл бойы алдыңғы орында.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Батыс пен Шығыстың жолын елеп-екшей отырып, өзіндік соны жолын тапқан, ел дамуының жаңа белесіне көтерілуді мақсат еткен еліміз үшін ең маңызды қажеттіліктердің бірі – ішкі бірлік еді. Қазақстандықтарды кемел болашақ үшін жұмылдыруда Елбасы бастамасымен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Құрамына 820 этно-мәдени бірлестіктер кіретін Ассамблея еліміздегі ұлтаралық татулықтың ерекше институтына айналды. Қоғамдағы тұрақтылық жақсы нәтижеге жетудің тетігі екенін біз көршілес елдерде, алыс-жақын шетелдерде болып жатырған ахуалдарға қарап бағамдай аламыз.

Бұл туралы Ұлт көшбасшысы «Еліміз саяси дағдарыстар дауылында, азаматтық дау-шарлар иірімінде, әлемдік сілкіністер мұхитында нағыз тұрақтылық аралына айналып отыр. Бұл – өткен жетістіктеріміздің берік негізі, болашақтағы барша жоспарды іске асырудың кепілі» деген болатын. Әр ұлтқа өзінің тілі мен мәдениетін, ділі мен дінін сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Қазір жүздеген ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына тату-тәтті біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырған этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырып, жетілдірудегі Елбасымыздың саясаты әлем жұрты үшін жарқын үлгіге айналып отырғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз.

Елбасының «саяси және экономикалық реформалар негізіндегі елдің тұрақты дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны құру» саясаты негізінде Қазақстан халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретінде танылды. Іргелес елдермен шекараларын халықаралық шарттармен бекітіп, достық және өзара пайдалы ынтымақтастық жолын құрған еліміз 138 мемлекетпен дип-ломатиялық қарым-қатынас орнатты, шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары мен кәсіби дипломаттары бар.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бейбітшіліксүйгіш ұстанымымен ерекшеленді. Кеңес Одағы тараған жылдары Қазақстан ядролық арсенал жағынан әлемде 4-орынды иемденген еді. Бірақ Қазақстан ізгілік жолын таңдады. Дүниедегі ең үлкен сынақ алаңы Семей полигонында 40 жыл бойы үздіксіз жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан 300 мың шаршы шақырымнан астам аймақ радиация қатеріне шарпылып, тұрғындар арасында аты жаман ауру түрлері көбейген, ядролық сынақтардан қасірет шеккен қазақ халқы үшін бейбіт, тыныш тұрмысқа қол жеткізу ең басты арманның бірі болатын. Гуманистік идеяларды жоғары бағалайтын Елбасы 1991 жылдың тамыз айында атышулы Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Артынша әлемдегі ядролық державалармен химиялық, ядролық, биологиялық сынақтарға қатысты теңқұқылы және толыққанды келісімдер жүргізуге кірісті. Біздегі ядролық арсенал үлкен әскери қуат болса да, Елбасы ядролық қарудан өз еркімен бас тартатынын мәлімдеді. Бұл мәселеге қатысты қазақстандық қағидаттар көп ұзамай БҰҰ деңгейіндегі оң шараларға ұласты. 2010 жылы АҚШ президенті Барак Обаманың арнайы шақыртуымен Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған жаһандық саммитке, былтыр БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясына қатысып, ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты сүбелі ойларды ортаға салып, салиқалы бастамаларды көтерген Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бейбітшіліксүйгіш саясатын тағы да әлемге паш етті. Сондай-ақ Елбасының гуманистік қағидаттары ел ішінде де жарқын жалғасын тауып жатты. Президентіміз 2003 жылы өлім жазасына мораторий жарияласа, 2004 жылы ол толықтай алынып тасталды, ал тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде елімізде жазасын өтеушілерге бірнеше рет рақымшылық жасалды.

Тәуелсіз Қазақстан – зобалаң жылдары дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарды атажұртқа шақырып, құшағын айқара ашып қарсы алған әлемдегі үш мемлекеттің біреуі. «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында 20 жылда атамекенге 800 мыңнан астам қандастарымыз оралып, қатарымызды көбейтті. Барлық облыстарда оларды жерсіндіру, жұмыс-қа орналастыру, ана тілді үйрету, әлеуметтік жағдайларын шешу бағытында келелі жұмыстар атқарылуда. Бір ғана Маңғыстау облысына 109 мың (109645) ағайын оралды. Елбасының Жарлығымен ашылған Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы – жаңа Мұнайлы ауданы, Батыр, Аппақ сынды жаңа ауылдар атажұртқа аңсап келген ағайындардың құтты қонысына айналды. Бұдан 4 жыл бұрын 47 мың халқы бар Мұнайлы ауданында қазір халық саны 120 мыңнан асады. Жаңа аудан 2010 жылдың қорытындысында және 2011 жылдың алғашқы жартысында әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жағынан облыс бойынша алдыңғы орынға шықты. Республикада алғашқы боп Ақтау қаласында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы ашылды. Қазір шетелдерден келген бауырлар Тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін бізбен бірлесе еңбек етуде.

Елбасының «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасы аясында елімізде жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіпорындар, тұрғын үйлер салынды, еңбекақылар, жәрдемақы мен зейнетақы, шәкіртақы көбейтілді. Отандық денсаулық сақтау мен білім беру ырғақты дамып, деңгейі мен сапасы артты. Соңғы он жылда мұғалімдердің жалақысы 5 есе, дәрігерлердің жалақысы 7, зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өсті. Соңғы онжылдықта білім мен денсаулық сақтауға салынған қаржы 10 есеге жуық ұлғайды. «100 мектеп, 100 аурухана» және «Балапан» бағдарламаларының жақсы нәтижесін көре бастадық, он жылда 750-дей жаңа мектеп, 5300-ден астам балабақша іске қосылды. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде 3,5 мыңнан астам жастарымыз білім алды, қазірде 3 мыңдай ұл-қыздарымыз білім алып жүр. ЮНЕСКО мамандарының сараптауынша, Қазақстан жалпы білім беру сапасы бойынша көшбасшы елдердің алғашқы төрттігіне орналасты.

Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Денсаулық сақтауда халықаралық стандарттарды енгізіп, барлық өңірлерде заманауи дәрігерлік орталықтар, жаңаша жабдықталған емханалар мен ауруханалар ашылуда. Соңғы 10 жылда елімізде 450-ден астам денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар өз кезегінде ана мен бала өлімінің азаюына, аурулардың алдын алып, дер кезінде емделуге, халықтың демографиялық ахуалының жақсаруына септігін тигізді.

Елбасының тікелей бастамасымен 2004 жылдан бастап іске асырыла бастаған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасы ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Жоба тұтастай Қазақстанды ғана емес, Қытай, Түркия, Монғолия, Жапония, Ресей, Мысыр, АҚШ және Батыс Еуропа елдерін қамтыды. Нәтижесінде халқымыздың өміріне, тарихына, этнографиясына қатысты 5 мыңнан астам мұрағаттық деректермен қауыштық. 7 жылдың ішінде ата-бабалар тарихына қатысты артефактілерге 40 археологиялық, 30-дан астам ғылыми-қолданбалы зерттеулер, 105 тарихи-мәдени нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, 73 ескерткіш толық жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары да тек өз елімізде емес, Елбасының тапсырмасымен Дамаскідегі әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс мавзолейінде де жүргізілді, Мысырдағы Сұлтан-Бейбарыс мешітіне қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Аталмыш бағдарлама аясында Қожа Ахмет Йассауи ескерткіші мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енді. Тұңғыш рет отандық ескерткіштерге инвентаризация жасалып, ескерткіштердің мемлекеттік тізімі бекітілді. Ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді, ән-күйімізді қастерлеу мақсатында жинақтар басып шығарылды.

20 жыл тарих үшін қас-қағымдай уақыт. Бірақ осы аз ғана уақыттың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен Қазақстан өз дамуында үлкен серпіліс жасады. Бұл өңірлердің де қарқынды дамуына қозғау салды. Іске қосылған алып құрылғының маңызды бөлшектеріндей барлық облыстың экономикасы қозғалысқа түсті. Жерінің асты байлыққа, үсті берекеге толы Маңғыстау облысы Елбасының экономиканың өсімін тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы тапсырмаларына сай жаңа өндірістерді құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, инфрақұрылымды жаңарта дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік саланы нығайту секілді маңызды салаларда қарқынды түледі. Өткен жылғы рейтинг бойынша облыстың республика аймақтары арасында әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша алдыңғы лекте болуы осының айғағы. Бұдан бес жыл бұрын облыс халқының саны 375 мың болса, қазіргі таңда 550 мыңнан асты. Сөйтіп осы уақыт ішінде 1,5 есеге артты және облыс халық санының өсімі жөнінен республика бойынша Астана қаласынан кейінгі 2-орынға тұрақты орнықты.

Еліміздің Индустрияландыру картасына біздің облыс бойынша енгізілген айрықша маңызы бар 31 жобаның 8-і республикалық, 23-і аймақтық индустрияландыру картасының үлесінде. Жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы сметалық құны 11,5 млрд теңге тұратын және 1000 жұмыс орны бар «Казахстан Каспиан Оффшор Индастриз» серіктестігінің теңіз металл конструкцияларын өндіретін өнеркәсіп кешенінің құрылысы аяқталды. Екінші жартыжылдықта жоспарланған жалпы сметалық құны 73,5 млрд теңге тұратын, екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны бар 9 нысанның барлығы іске қосылуда. Соның ішінде атап айтар болсақ, 9-шы желтоқсан күні Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпір барысында «Каспий Электроникс» планшеттік компьютерлер, теледидарлар және мониторлар өндіру зауытының және «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолының ашылу салтанатына барша жұрт куә болды.

2011 жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,7 триллион теңгені, негізгі капиталдың инвестициясы 274,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 92,6 пайызға артты. Облыстың ауылшаруашылық өнімдері 5,1 млрд теңгені, ішкі сауда айналымы 9 айда 6,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл алдыңғы жылдың тұстас уақытымен салыстырғанда 123,9 пайызға артық. Қазақстан таңдаған нарықтық экономиканың негізгі сипаты – шағын және орта кәсіпкерлік саласы былтырғы жылдың 10 айында облыста 336,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті.

Маңғыстау облысының тәуелсіздік таңдарында жарыса жетілген әртарапты экономикалық-әлеуметтік әлеуеті өңірде бірнеше ауқымды жобалардың қолға алынуына жол ашты. «Жер-Теңіз-Аспан» мегажобасы, 3 өндірістің құрылысы жүргізіліп, 17 жоба іске асырылуы, межеленіп отырған «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы, Ақтау халықаралық әуежайы, «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» темір жолы, Құрық теңіз порты мен оның жұмысшылар кешенінің пайдалануға берілуі, «Ақтау-сити» заманауи қала құрылысы, «Кендірлі» курорттық демалыс кластері, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті кампусы құрылысы, Каспий энергетикалық хабі, «Бейнеу-Ақтау» тасжолы, ауызсумен және электр энергиясымен қамту жобалары жүзеге асырылуда.

Мемлекетіміздің орнықты саясаты арқасында, облыс көлемінде тұрғын үй мәселесі де өз шешімін таба бастады. Автомобиль жолдарын жөндеу және салу, ауылдық өңірлердің ауызсумен, әлеуметтік қажеттіліктермен қамтылуы тұрақты назарда. Республикада алғашқы болып маңғыстаулық елді мекендер толық газбен, теледидар, байланыс желілері және Интернетпен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Елбасының қолдауымен «Қиғаш-Ақтау» су жүйесі құрылысының жобалау жұмыстары жүріп жатыр.

Иран, Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан сынды мемлекеттермен шектесіп жатқан Маңғыстауда байырғы «Ұлы Жібек жолының» тіндері заманауи талаптарға сай дамып, жаңаша түрленіп келеді. Өйткені облыс аумағынан халықаралық 4 көлік дәлізінің екеуі – Солтүстік-оңтүстік және ТРАСЕКА дәліздері өтіп, автомобиль, теңіз, теміржол, әуе жолдарымен тасымал арнасының кеңейе түсуі Маңғыстауды тоғыз жолдың торабына айналдырмақ. Сондай-ақ соңғы 5 жылда кеме жөндеу, металл құрылғыларын жасау, жоғары қысымды сыйымдылықтар, шыны пластикалық құбырлар, болат балқыту, бұрғылау ерітінділерін шығаруға арналған және Бейнеу ұн тарту кешені мен құрамажем зауыттары бастаған бірнеше жаңа зауыттар шоғыры (кешені) пайда болды.

Елімізде 2020 жылға міндеттелген «Балапан» бағдарламасы Маңғыстау облысында келер жылы-ақ толықтай шешімін табады деп күтілуде. Облыс аумағында ондаған жаңа мектептер пайдалануға берілді, мультимедиялық, лингафондық, пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі жағынан 80 пайыздық көрсеткішті құрап, Астана қаласынан кейінгі 2-орынға табан тіреді. Екі оқу жылы қатарынан облыстың мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеудің орта балл көрсеткіші бойынша да, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін алған түлектер саны жағынан да республикада 1-орынға ие болды. «Алтын белгі» иегерлерінің саны былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға артты. Білім беру саласында алдағы 4 жылда барлығы 15 мың орындық 18 мектеп салу жоспарланды.

Ал денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында айтулы шаралар жүзеге асырылып отыр. Барлық аудандарда жастарға арналған денсау-лық орталықтары, өңірімізде алаңдаушылық туғызып отырған аурулар бойынша тренинг-орталықтар ашылды, Ақтау қаласында тұңғыш рет жоғары мамандандырылған медициналық көмектер көрсетіле бастады (аорта коронарлық шунт қондыру, жамбас буынын алмастыру, жүрекке электрокардиоқоздырғыштар қондыру, т.б.). Ауыл тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған жылжымалы кешендер іске қосылды. Денсаулық сақтау ұйымдарының желілері кеңейтіліп, жаңартылу үстінде. Атқарылған жұмыстар облыста ана мен бала өлімін азайтып, дәрігерлік қызмет көрсетудің сапасын арттырды.

Елбасы тапсырмасына сәйкес 2008 жылы үкімет қабылдаған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары іске асырылуда. Қазіргі күні бұл жобаға бөлінген 43 млрд теңгенің 38 миллиард көлеміндегі қаржысы игерілді. Сонымен қатар былтыр қараша айында Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес үкімет мұнайшылар қаласының одан әрі дамуын қамтамасыз етуді көздеген ұзақ мерзімді 2020 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын қабылдады. Аталмыш жоспардың бекітілуі қаланың жарқын болашағына ешқандай күмән болмайтындығын айқындайды.

Облыс көлемінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді. Маңғыстауда бүгінгі таңда мемлекеттік қорғауға алынған 449 ескерткіш бар. Оның 21-і республикалық дәрежеде болса, 428-і жергілікті дәрежеде қорғауға алынған. Бұлардан өзге алдын ала тізімге алынған, әзірге екеуінің санатына жатқызыла қоймаған 800 ескерткіш тағы бар! Сисем ата (б.з.д. 1 мыңжылдық – 16 ғасыр), Қызылқала қалашығы (10-13 ғ.ғ), Шақпақ ата жер асты мешітінің қорымы (14-20 ғ.) секілді Маңғыстаудың ескерткіштер сериясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін өлке ескерткіштеріне өткізілуі тиіс қажетті зерттеу, сақтау шаралары бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қасиетті де қазыналы Маңғыстау жерінде өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні зор шаралар легі өткізілді. Солардың қатарында Маңғыстау мұнайының 50 жылдығын, қазақ халқына танымал дүлдүл ақын Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығын, V «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалі мен Астана қаласындағы Маңғыстау күндерін атап өтуге болады. Ақмаржан қаламыз Ақтаудың төрінен ұлттық саз өнеріміздің алыбы, саналы ғұмырын бостандық жаршысы болумен өткізген дауылпаз күйші Құрманғазы Сағырбайұлына және Мұнайлы ауданында ержүрек бабамыз Шоғы батырға ескерткіш қойылып, Жаңаөзен қаласында жер байлығын игеріп, оны ел қажетіне асыру жолында ерлікпен еңбек еткен мұнайшы ардагерлерімізге арналып «Бұрғышылар аллеясы» бой көтерді.

Бұған дейін өлкемізде Жалау Мыңбаевтың ескерткіші, «Отпан тау» тарихи-мәдени кеше-ні, «Мемлекеттік рәсімдер алаңы», Жаңаөзен қаласында – «Даңқ аллеясы», Түпқараған ауда-нының Форт-Шевченко қаласында «Иса-Досан батыр» ескерткіші сияқты халқымызды, болашағымыз – жас ұрпақты отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелейтін киелі орындар ашылған болатын. Біздер үшін мұндай қастерлі орындардың маңызы өте зор. Осылайша, біз – бүгінгі ұрпақ, еліміздің жаңа тарихының жарқын беттерін толықтырудың бастапқы қадамын жасадық.

Халқымызда «Елдің атын азаматы не аты шығарады» деген мақал бар. Каспийдің ащы суынан қанып ішіп, Маңғыстаудың шөл даласында жайылған Адай жылқысы республикалық, халықаралық ат сынақтарында алтыннан алқа тағып, ел мен жердің мерейін арттырды.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте: «Әлемдік тәжірибе толыққанды, қабырғалы елге айналу үшін ең кемі 50-60 жыл керек екендігін дәлелдеген. Ал біздің еліміз – Тәуелсіз Қазақстан бас-аяғы 20 жылда қаншалықты жетістіктерге қол жеткізгендігін өзіміз көріп те, сезіп те жүрміз. Еліміз үлкен өзгеріске түсті, барлық өңірлерде жасалған жұмыстар, жаңалықтар қаншама! Оларды тізбектей баяндап беру еш мүмкін емес, ол – томдарға жүк боларлық алып әңгіме.

Біз бұл жасампаздыққа өз еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жеттік!

Барлық салада аянбай еңбек еткен отандастарымыздың белсенділігімен қол жеткіздік! Алдымызда бізге бүгінгіден де зор міндеттер жүктеген ел тәуелсіздігінің үшінші онжылдығы тұр», – деген еді облыс басшысы.

Иә, Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты Елбасының тапсырмаларына сәйкес, соңғы бес жылдың ішінде облыс басшысының тікелей ұйымдастыруымен мұнайлы өлкеде ауқымды жұмыстар атқарылды, елдің еңсесі көтеріліп, әл-ауқаты жақсарды. Бұл қазыналы өлкенің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы Елбасы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалғанына толықтай куә бола алады. Сондықтан облыс басшысына Маңғыстау халқы дән риза, алғыстан басқа айтары жоқ.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Маңғыстау облысы

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы