• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қаңтар, 2012

Төртеу түгел болса... Оң өзгерістерге бет алды

Қатаң табиғи жағдайдағы еңбегінің лайықты өтемін талап етіп, жеті ай бойы Жаңаөзендегі орталық алаңнан қара үзбеген мұнайшылар талап-тілегіне құлағы түрулі болған жұрт соңғы күндері мұнайлы өлкедегі жағдайға алаңдап, әр хабарға елеңдеп отырғаны анық.

Жергілікті халық жәй ғана Өзен деп атайтын мұнайшылар қаласы желтоқсанда орын алған қайғылы оқиғалардан кейін шындығында Жаңаөзен болмақ. Өзен енді бұрынғы Өзен болмайды. Қазір мұнда бар ахуал өзгеріп, жағдай бір қалыпқа түсіп келеді. Бұл Маңғыстауға жұмыс сапарымен арнайы келіп, халықпен әңгімелесіп елді сабырға, бірлікке шақырған Елбасының нақты тапсырмалары нәтижесінің көрінісі. Мемлекет басшысы сол сапарында Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздіктер барысында қиратылған нысандарда болып, қала тұрғындарымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Президент әрбір жаңаөзендіктің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналасуына мүмкіндік барын атап өтті.

Мемлекет басшысы Өмірзақ Шөкеев басқаратын үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған барлық себепті анықтап, оны жою жөніндегі ұсыныстарды екі апта мерзімде енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға орай үкіметтік комиссияның Жаңаөзен қаласы ғана емес, жалпы аймақ адамдарының көңіл-күйін білуі, өтініш-талаптарына орай «Қаражанбас» кен орнына барып жұмысшыларымен кездесуі, Ақтауға келіп жұмыстан босап қалған мұнайшылармен ашық әңгімелесулері барысында әрбір адамның арызы мұқият тексеріліп, әділетті шешім алатындығы айтылды. Жаңаөзеннің тұрғындарымен жүздесуде облыс басшысы Б. Мұхаметжановтың азаматтық сөздері халықты бірлікке, түсіністікке, сабырға шақыра түсті. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасымен 22 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға байланысты азаматтардың талап-тілектерін қабылдап, сараптайтын тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылды. Оның төрағалығына белгілі қоғам қайраткері, облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө. Озғанбаев бекітілді. Бір апта ішінде бұл комиссия түйткілді деген біраз мәселенің мән-жайына қанықты. Атап айтқанда, орын алған тәртіпбұзушылықтарға орай ұсталғандар жәбір көруде немесе жайсыз орындарда ұсталуда, ас-су тапшы деген сияқты алып-қашпа сөздерге орай комиссия мүшелері уақытша ұстау орындарында болып, қамауда отырғандармен кездесті. Кейбіреулердің балалары, ағайын-тумалары із-түссіз кетті деген әңгіменің де анық-қанығы тексерілді. Айтылғанның бәрі арандатушы сөз екендігіне көз жеткізді. Оның бәрі халыққа теледидар арқылы көрсетілді, айтылды. Аталмыш комиссия бұл күндері облыста жұмыс жасап жатқан бас прокуратураның тергеу тобының басшысымен, Жаңаөзен қаласының комендатымен бірлесе жұмыс істеуде, дейді Өмірзақ Өзғанбаев.

Қайғылы оқиға кезінде шығынға ұшырағандарға көмек көрсету мәселесіне қатысты комиссия төрағасы Ө. Шөкеев әрбір жеке тұлға, кәсіпкердің шеккен зияны анық есептеліп, анықталса банктер жеңілдетілген несиелер беруді қолға алатындығын айтқан. Осыған байланысты Халық банкінің жеке тұлғалармен жұмысты бастауға әзір екендігі белгілі болды. Бұған дейін қаза болғандардың отбасына 1 миллион, ауыр жарақат алғандарға 500 мың теңге көлемінде көмек берілетіндігі айтылған еді. Бұл қоғамдық қорға ірі кәсіпорындармен қатар жеке азаматтар да қаржы аударуда. Қор реквизиттері: «Демеу» жеке қоры, РНН 430100272091, АО «Народный Банк Казахстана» БИК HSBKKZKX, БИН 100340008680, Кбе 18. №KZ 11601023100052615

Үкіметтік комиссия жұмыстан шығарылған мұнайшылармен кездесулер кезінде 2012 жылдың 15 қаңтарына дейін облыста екі кәсіпорын іске қосылатындығын, жұмысқа алу туралы өтініштер қаңтардың соңына дейін ғана қабылданатындығын ескерткен. Соған орай өтініш берушілер қатары өсе түсуде. Мәселен, 4 қаңтардағы жағдайға сәйкес, Жаңаөзен қаласынан «Өзенмұнайгаз» компаниясына 918 адам, «Қаражанбасмұнай» компаниясына 390 адам, барлығы жұмысқа орналасу туралы 1308 адам өтініш білдірген. Бұл алдыңғы күндерден үш есе көп. Сондай-ақ, қаладағы бүлінген нысандарды қалпына келтіруге жұмыс жасауға тілек білдірушілер қатары да алдыңғы күндердегіден 1,5 есе көбейіп отырғаны белгілі болды. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының ұжымы түгелдей жұмысқа шықты. Мұның бәрі Жаңаөзенде оң өзгерістер белең алғандығының көрінісі. Қала коменданты штабының мәліметі бойынша соңғы тәулікте төтенше жағдай тәртібін бұзу, қылмыс жасау фактілері тіркелмеген.

Маңғыстау облыстық әкімдігінің хабарлауынша, қазірде Жаңаөзен қаласының «Көктем» шағынауданында орналасқан екі полиция бекеті толығымен қалпына келтіріліп, «Арман» сауда үйінде орналасқан бекеттің жөндеу жұмыстары 95 пайызға орындалған.Теңге ауылында әкімшілік ғимараты мен полиция бекетін қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталған. Қазіргі күні Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» компаниясы ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 1 қаңтардағы мәлімет бойынша жұмысқа 20 адам тартылған.

Жаңа ахуал қалыптаса бастаған мұнайшылар қаласына жаңа жылда келген жаңалықтың бірі – коммуналдық қызметтер төлемақысын электронды терминалдар арқылы төлеу мүмкіндігі. «Енді қала тұрғындары ұзын-сонар кезекте уақыт жоғалтпай, коммуналдық қызметақысын төлей алады. Төлем механизмі терминал арқылы төленетін басқа да төлемақылар сияқты, өте қарапайым. Айта кетейік, терминал арқылы су, газ, қоқыс шығару қызметтері үшін ақша төлеуге болады», – дейді Жаңаөзен есептік-кассалық орталығы бас есепшісі Махмұт Егізбаев.

Қазіргі уақытта қалада азық-түлік жеткілікті. Бағасы бір деңгейде. Халық тұтынатын тауарлар молая түскен. Қоғамдық көлік пен қалааралық байланыста іркіліс байқалмайды. Бұл Жаңаөзендегі өмір өз арнасын тапқандығын көрсетеді.

«Қызметтің мұндай түрі төлем операцияларын 24 сағат бойы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Электронды терминалдар шағын азық-түлік дүкендерінде де орналастырылған», - дейді Жаңаөзен есептік-кассалық орталығының операторы Райхан Салауатова.

798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы