• Қаржы
  • 18 Желтоқсан, 2014

Ақпарат ашықтығымен құнды

Бухгалтерлік есеп – ұйымдардың мүліктерінің жай-күйі, міндеттемелері және олардың қозғалысы туралы ақпаратты ақшалай көріністе, барлық шаруашылық амалдарды біртегіс, үнемі және құжатты есепке алу арқылы жинау, тіркеу және жалпылаудың реттелген жүйесі.

Бухгалтерлік есептің негізгі міндеттерінің бірі – кәсіпорынның қызметі және оның мүліктік жай-күйі туралы толық әрі анық ақпаратты (бухгалтерлік есептілікті) қалыптастыру болып табылады. Соның негізінде ұйымның шаруашылық қызметіндегі керағар, қайшы нәтижелердің алдын алу мүмкін болмақ.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV заңымен белгіленгеніндей, мемлекеттік кәсіпорындар қызметі даму жоспарына сәйкес, өзінің жеке кірісі есебінен және ҚР бюджеттік заңнамаларымен бел­гіленген тәртіпте алынған бюджеттік қаржы есебінен қаржыландырылады. 
Аталған заңнамада қарастырылғандай, ҚР Үкі­меті республикалық мемлекеттік кәсіпорындар үшін таза кіріс бөлігін айыру нормативін бекітеді және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар үшін таза кіріс бөлігін айыруды жергілікті атқарушы орган белгілейді. Бұдан жасалар түйін: мемлекеттік мүлік туралы заңнамада мемлекеттік кәсіпорындар қызметінде кірістілікке қол жеткізу талаптары көзделген.
ҚР Қаржы министрлігі қаржылық бақылау ко­ми­тетінің Алматы қаласы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы өз өкілеттігі аясында 2014 жылдың сәуірінде Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасында медициналық және басқа жабдықтарды орталықтандырылған тәртіпте өтеусіз жеткізу бойынша және көрсетілген жабдықтардың басқармаға қарасты кәсіпорындармен қаржылық есептілікте қалай көрініс табатынына  бақылау жүргізген болатын.
Бақылау нәтижесі бойынша, кейбір кәсіпорындар жеткізілген жабдықтарды балансқа қабылдау бойынша операцияларды ұзақ мерзімді (кейбірі – қысқа мерзімді) қарыздардың негізсіз ұлғаюына жатқызатыны белгілі болды. Бұл мүлде дұрыс емес, өйткені, аталған операция халықаралық қаржылық есептілік стандарттарында міндеттемелердің ұлғаюы айқындамасы тұрғысынан қарастырылмаған.
Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелердің басым көпшілігі өтеусіз түскен жабдықтарды есепке қабылдау бойынша операцияны жарғылық капиталдың ұлғаюы позициясынан бейнелейді.
Сондықтан басқарма мен оған қарасты мекемелер­дің аталған операцияны жарғылық капиталдың ұлғаюы позициясынан бейнелеуі фактісі бойынша біздің инспекция, ақысыз түскен жабдықтардың осы шот құжаттамаларында көрініс табуы басқармаға қарасты мекемелерге – мемлекеттік мүлік туралы заңның 140 бабының талаптарын – бюджетке таза кіріс үлесін айыру нормативін белгілеу үшін мемлекеттік мекемелер қызметінде кірістілікті қамтамасыз етуді орындауда айтарлықтай қиындықтар тудыратынын ескертті. 
Бұл жағдайда, өтеусіз түскен жабдықтар бойынша есептелген өтелім мемлекеттік кәсіпорындарға көрсетілген қызмет пен жұмыстың өзіндік құнында ғана көрініс таба алады. Ал жарғылық капиталдың ұлғаюына жатқызылған өтеусіз түскен жабдықтың (не оның бөлігі) құны қаржылық есептіліктің кіріс бөлігінде көрініс таба алмайды. Нәтижесінде, денсаулық сақтау мекемелері балансқа өтеусіз түскен заманауи медициналық жабдықтар қабылдау есебінен жағымсыз қаржылық қорытындыға тап болады. 
Басқарма қабылдаған операциялардың есеп айқындамасы (капиталды ұлғайту) кәсіпорындардың соңғы қаржылық қорытындыларына қалай ықпал еткендігінің айқын мысалы ретінде басқармаға қарасты мекемелердің бухгалтерлік есебінің сараптамасын келтіруге болады. Онда шығын сомасы көрсетілген активтер бойынша есептелген тозу сомасындағы өтеусіз алынған жабдықтар құнына тура пропорционалды тәуелділікті көрсетті. 
Бұл жағдай басқарманың қаржы-экономикалық қызметі мамандарының басқармаға қарасты мекемелерде есеп саясатын жүргізумен бірыңғай қағидаттарды, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес бухгалтерлік есеп енгізудің негіздері мен ережелерін қолдану бойынша кепілдемелер әзірлеу мен беруде шаралар қабылдамауының нәтижесінде орын алды. Аталған қызметтің амортизацияланған активтерді жарғылық капиталға беру жөніндегі экономикалық тұрғыдағы мақсатсыз қаулыларды жүзеге асыруы нәтижесіндегі жіберіп алған кемшіліктері  бағынышты кәсіпорындарды шығындарға итермелеп отыр.
Инспекция бұл операцияларды тек кейбір мекемелердің алдағы кезеңдердегі кіріс позициясы тұрғысынан қарастыратынын анықтады. Нақ осы позиция халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының, бюджет заңнамасының, сондай-ақ мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың  талаптарын есепке алаумен, мемлекеттік кәсіпорындар үшін экономикалық тұрғыда анағұрлым негізді және заңды болып табылады.
Туындаған жағдайды шешу мақсатында және бұл мәселе бойынша бағынышты кәсіпорындардың кәсіби бухгалтер сертификатына ие бас бухгалтерлерінің айқындамаларын анықтау үшін Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының ұсынысы мен бастамасы бойынша Алматы қаласы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы өкілімен бірлесіп денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық кәсіпорындардың қаржы-экономикалық қызметі мамандарымен мәжіліс өткізілді.
Аталған мәжілісте инспекция өкілі өтеусіз түскен амортизацияланған активтерді бухгалтерлік есепте көрсетуді бюджеттік заңнаманың және мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың кейбір нормаларының талаптарымен, сондай-ақ, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарымен үйлестіру мәселелерін түсіндіріп, кеңес берді. Сонымен қатар, инспекция өкілі мәжіліске қатысушыларға құрамына «Ernst&Yong» ЖШС, «Делойт» ЖШС, тағы басқа танымал да беделді компаниялар, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы жетекші кәсіби бухгалтерлер ұйымдарының бухгалтерлері   кіретін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кеңесші органының ұсынымдарын баяндады. Айтылған ұсынымдар бойынша қабылданған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік субсидиялар есебі және мемлекеттік жәрдем туралы  ақпаратты ашып көрсету» талаптарымен ХҚЕС (IAS) 20 талаптарына сәйкес, өтеусіз түскен жабдықтарды мемлекеттік кәсіпорындардың бухгалтерлік есебінде көрсету бойынша кеңестерінің, яғни, мемлекеттік кәсіпорындардың бухгалтерлік есептерінде өтеусіз түскен жабдықтарды алдағы кезеңдерге кіріс айқындамасы түрінде көрсетудің қажеттілігі туралы ұсынымдары баяндалды.    
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бұл айқындамасы экономикалық қызмет мамандарының қаперіне алынып, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты кәсіпорындардың бас бухгалтерлері оны орындауға кірісті. Аталған айқындаманы денсаулық сақтау басқармасы меке­мелерінің қабылдауының айғағы ретінде Алматы қаласы бойынша қаржылық бақылау инспекциясына ұсынылған бухгалтерлік есепке жалпы сомасы 8540,0 млн. теңгеге түзету енгізілгендігі туралы анықтаманы атауға болады.   

Құрмантай ҚҰПИЯЛОВ,
Алматы қаласы бойынша қаржылық бақылау 
инспекциясының №1 бақылау 
бөлімінің басшысы

792 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы