• Бизнес & Қоғам
  • 08 Қыркүйек, 2011

Жаңа индустрияландыру – 2020 Алға ұмтылған алюминий зауыты жаңа белеске жетті

«Қазақстан алюминийі» АҚ биылғы шілдеден бастап бұрын-соңды болмаған жаңа өндірістік қуатты игеруге көшті. Енді зауыт жылына 1,7 млн тонна алюминий тотығын (глинозем) өндіреді. Бұған дейін елімізде бәсекелесі болмаған өнеркәсіп орны осы күні модернизациядан өткен соң тұтас ТМД-да теңдесі табылмас өндіріс алпауытына айналды. Елбасының өнімділікті көтеру бағытында берген тапсырмасын металлургтер абыроймен орындап отыр.

«Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Алмаз Ибрагимовтың айтуынша, бір кездегі Павлодар алюминий зауытының жобалық қуаты 1,022 млн. тонна өнімді ғана құраған. Яғни, зауыттың осынша көлемнен артық тауар шығаруы әу баста жобаланбаған. Алайда заман өте келе технология жетіліп, соның арқасында, «Қазақстан алюминийі» рекордтық көрсеткішке иек артқандығын барша елге жар сала айтуда. Енді жыл сайын осы өндірістен шыққан 1,7 млн. тонна алюминий тотығы өз тұтынушыларына жөнелтіледі.

Айта кетелік, осындай қуатқа шығуды көздейтінін «Қазақстан алюминийі» АҚ 2009 жылы мәлімдеген болатын. Бұл ерлікке пара-пар дүние еді. Себебі, 1969 жылы толық салынғаннан бері Павлодар алюминий зауыты өзінің бастапқы жобалық қуатын (1,022 млн тонна) тұңғыш рет 1993 жылы ғана бағындыра алған. Онда да құрамында пайдалы зат үлесі көп гвинеялық бокситті пайдалану нәтижесінде көрсеткішті өсіре алған. Ал енді бүгін зауыт Краснооктябрь, Торғай кен орындарынан жеткізілетін төмен үлесті бокситтен бұрын-соңды болмаған өндіріс рекордын жасап отыр.

Бұрынғы Павлодар алюминий зауыты жаңаша бағыт ұстануға 1996 жылы көшкен еді. Сол тұста қазіргі жаңа атауына ие болды. 2005 жылы алғаш 1,5 млн. тонна өнім шығаруға қол жеткізді. Ал қазір – «Қазақстан алюминийі» 1,7 млн тоннаны үздіксіз шығаратынын мәлімдеп қойды!

Әрине, бұл көрсеткішке жету үшін металлургтер аянбай тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек етті. Жоба екі кезең бойынша іске асты. 2007-2009 жылдар аралығында шикізатты дайындау және гидрометаллургиялық цехтарда жаңа құрал-жабдықтар орнатылды.

Міне, журналистерді «Қазақстан алюминийі» АҚ вице-президенті М.Жанғазақов, зауыттың бас металлургы Амантай Сәбитов жаңартудан өткен шикізат дайындау цехына алып келді. Цех басшысы Қажымұрат Әмірбеков төбемізден төніп тұрған алып техниканың ерекшелігін айтып берді. Бұл – германиялық «Стакер-реклаймер». Боксит шикізатын пештерге жөнелтер алдында орташаландыру үшін қолданылады. Себебі, мұнда тау боп үйілген боксит төрт кеніштен әкелінеді. Әр жерден болған себепті, олардың қасиеті де, көлемі де біркелкі емес. Ал өндірісте нәтижеге қол жеткізу үшін бокситтің пайдалы құрамын толық «сығып» алған тиімді. Өткен жылы сатып алынған алып техника осыған мүмкіндік береді. Оның іші толық автоматтандырылған, компьютер арқылы жұмыс істейді. Әлдебір ұсақ-түйек бөлшек істен шықса болды, бірден дабыл хабарын береді.

Айтпақшы, оқырманға қызық болса айта кетелік, 1,7 млн тонна алюминий тотығын (глинозем) өндіру үшін 5,5 млн. тонна боксит пайдаланылады екен. Одан басқа, әктас секілді қосымша шкиізаттар қажет етіледі. «Қазақстан алюминийі» АҚ-ы әктас шикізатын облыстағы «Керегетас» кенішінен өндіріп алады. Бұл кен орны да, Краснооктябрь және Торғай кен басқармасы (Қостанай облысы), 1-жылу-электр орталығы тәрізді, аталмыш акционерлік қоғамның құрамына енеді. Сол себепті, «Қазақстан алюминийі» АҚ дегенде, минералды затты нәтижелі түрде қазып, өндіретін біртұтас технологиялық кешенді көзге елестету керек. Бұл зауытқа әлемнің алюминий өндірісі нарығында үздік ондыққа енуге мүмкіндік беріп отыр. Айтпақшы, металды галий өндіретін Қазақстандағы жалғыз өндірістің де мұнда екенін біреу білсе, біреу білмес. 2011 жылдың 31 наурызындағы дерек бойынша, осы өндірістердің барлығында жұмысшылар саны 11 672 адамды құрады.

Зауытқа сапарымызда көрген-түйгенімізге қайта оралсақ. Екінші нысан – зауыттың №5-інші гидрометалургиялық цехы. Кальцийлеу пешіне жақындадық. Бағана көрген боксит шикізаты байерлік технология тармақтары арқылы өңделіп келіп, ең соңында осы кальцийлеу пешінен бір-ақ шығады. Шыққанда да, аппақ ұнтақ секілді алюминий тотығына айналады.

-Пештің ішіндегі температура +1200 градусқа жетеді, - дейді бас металлург Амантай Сәбитов арнайы көк шыны арқылы отқа қарап тұрған бізге, - Мазут отыны пайдаланылады.

Оның айтуынша, тотықты негізінен Қазақстан электролиз зауыты мен ресейлік «РусАл» компаниясы сатып алады. Алғашқысына жыл сайын 500 мың тонна өнім жөнелтілсе, кейінгісіне 1,2 млн. тонна жіберіледі. Олар тотықтан алюминий өндіреді.

-«РусАлдың» өңдеу тәсілі ескі. Ал Қазақстан электролиз зауытына келсек, онда бәрі жаңа технологияға негізделген. Сол себепті, бірдей көлемдегі шикізаттан ресейліктерден гөрі электролиз зауыты көбірек алюминий металын шығарады, дееді А.Сәбитов.

Бұдан кейін де көпшілікке көрсетілген нысандар ерекше қызығушылық тудырғаны рас. Себебі, әрі қарай алюминий тотығының басқаша өндіріс желісі назарға ұсынылды. Мәселен, жымдастыру (спекания) цехы. Бұл – қалдықты қайта өңдеуде қолданылатын цех. Қалай дейсіз ғой?

Бас металлургтің түсіндіруінше, боксит байер тармағы арқылы өңделген кезде құрамындағы барлық пайдалы зат шықпайды. Шикізаттағы қажет өнімнің 70 пайызы ғана алынады. Қалғаны қызыл қалдық ретінде тұнады. Міне, дәл осы қалдық әктас секілді қоспаларды пайдалану арқылы қайтадан өңделеді. Ол үшін алдымен шихта дайындалып, кейін ол жаңағы цехта жымдастырылып, арнайы тазалаудан өтеді. Бұл цехта қалдық затты қоюлататын, сүзгіден өткізетін түрлі қондырғы құралдар орнатылып қойылған. Мұндағы пештер көлемі жағынан алып: ұзындығы 110 метрге жетсе, ауданы 5 метрді құрайды. Бір салғанда 900 тонна қалдықты өңгеріп алады. Айтпақшы, мұнда зиянды шаң-тозаң, газ дегеніңіз чехтың сүзгісі арқылы тазартылады. Бірегей электросүзгілер «Қазақстан алюминийі» АҚ үшін арнайы жасалған. А.Ибрагимовтың айтуынша, өндіріске швейцариялық, норвегиялық, ресейлік қондырғы жасаушылар өз құралдарын ұсынды. Бірақ ішінде осы өндірістің ерекшелігіне чехтың сүзгісі лайық деп танылды. Оның шаңды ұстау қабілеті 99,5% құрайды. Бір кешенде ондай екі сүзгі тұр. Сөйтіп, заманауи технологиядан өткен соң аталмыш цехқа шихта болып кірген қалдық алюминатты ерітінді болып әрі қарай екінші цехқа жөнелтіледі. Ол жақта креминий секілді басы артық заттардан тазартылып, ең соңында қайтадан ақ ұнтақ – тотыққа айналып шығады. Осылайша, қалдық бокситтің «қойнында» қалған пайдалы зат қайта өңделіп, зауыттың жылына 1,7 млн тонна өнім алуына септігін тигізеді. Қалдықтан 30 пайыз өнім өндіріледі.

Жалпы, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру аясында жымдастыру цехында бес ірі нысан салынды. Оларды пайдалануға беру 2010 жылдың желтоқсанында басталған. Негізгі нысандардың бірі - №8 пеш жобасы аймақтың индустрияландыру картасына енгізілді. Сонымен қатар, төртінші түтін құбыры пайдалануға берілді. Енді кәсіпорында бір түтін құбырына екі жымдастыру пешінен келеді. Бұл - ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде аса маңызды. Өндірісті кеңейту бағдарламасының тағы бір нысаны жаңа қосалқы станция болды. Ол барлық пештердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, жаңа жабдықтардың қуаттылығын арттырады.

Өз сұхбатында Алмаз Тұрдыметұлы – жаңарту жұмыстарына барлық зауыт жұмысшылары бірлесе, белсене араласқанын атап өтті. Алда байер-гидрохимия атты жаңа технологияны енгізу жобасы да тұр. Қанатқақты жоба ретінде ол бір жылдай сыналатын болады. Себебі, аталмыш жоба осыған дейін тек қағаз жүзінде ғана бар, тәжірибеге енгізіліп көрмеген. Ерекшелігі, төмен сапалы бокситтен әлдеқайда озық өнім шығарады. Тағы бір артықшылығы, экологиялық қалдық тастамайды. Егер оны енгізсе, қазіргі қалдық жымдастыру пешін тотық өндірісінен алып, цемент шығаруға пайдалануға көшіруге болады. Сынақ сәтті өтсе, құрылысты бастауға жол ашық. Оны қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорны немесе қытайлық компания қолға алуы мүмкін. Бірақ әлі де кесіп-пішіп бірдеңе айтуға ерте.

-Ойға алған тың дүниелеріміз көп. Зауытта ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. «Қазақстан алюминийі» АҚ бірінші вице-президенті Сергей Будон, бас металлург Амантай Сәбитов секілді жаңа, жарқын ойлар ұсынатын өндіріс басқарушылары да жетерлік. Осындай қажырлы мамандардың арқасында зауытымыз алдағы уақытта да толағай табысқа жететініне сенемін, - деді сөзінің соңында Алмаз Ибрагимов.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

1399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы