• Қаржы
  • 08 Қыркүйек, 2011

Ипотека Қарыз күліп келіп, жылап қайтады

Нарық заманының талабы солай болғандықтан, баспанамен қамтылуды көздеген тұрғындардың біразы ипотекалық несиенің көмегіне жүгінгені шындық. Басыңызда баспанаңыз болмаса, бала-шағаңызды шұбыртып, бөтеннің пәтерін қай уақытқа дейін жалдап, қашанғы иесінің қас-қабағына қарап отырасыз?! Ондайда еті тірі кез-келген пенде «бүйткенше, ипотека алып, ай сайын төлеп тұрайын, берген төлемнің бір бөлігі келешекте өзіме осы баспананы толық меншіктеуіме септігін тигізеді» деген ойға тоқталғаны рас.

Бастапқыда ипотекалық несиені екінші деңгейлі банктер оңды-солды таратты. Алайда олардың таратқан несиесінің жылдық өсім мөлшерлемесі 20 пайыздың төңірегінде тұрақтады. Бұл – екінің бірі, егіздің сыңары қол жеткізе бермейтін белес болатын. Сондықтан мемлекет әлеуметтік жағдайға мұқтаж азаматтарға (бюджет саласының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, жас отбасыларға, т.б.) арзан ипотекалық несие беруді қолға алды. Бірінші бағдарлама 2005-2007 жылдары жүзеге асты. Онда арзан баспана алуға құқылы тұрғындар ипотеканы жылына 10 пайыздық өсіммен алды.

Шарттары жеңілдетілген ипотекалық несие 20 жылға дейін мерзімге берілді. Ол тұста нарықтағы пәтердің бағасы мемлекет белгілеген бағадан екі есе қымбат болатын. Халықтың жағдайын ескергендіктен де, бір жағынан баспананың әрбір шаршы метрінің құны шектеулі бағадан аспады, сондай-ақ пайыздық өсімақы мөлшері де бір қалыпты еді, – дейді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ облыс бойынша өкілі Өтебай Қайыржанов. Сол себепті, ол кезінде берілген жеңілдіктерді пайдаланған азаматтардың қазірде ай сайынғы міндетті төлемдерін өтеуге келгенде, мемлекеттік бағдарламаға байланысты айыптау сөздерді өрбітіп жатқаны түсініксіз деген пікірде.

Шындығында, үйсіз-күйсіз жүрген талай отбасы мемлекет ұсынған мүмкіндікке ие болғанша асықты. Бірақ қашанда несиенің аты – несие. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынын атам қазақ баяғыда-ақ айтып қойған. Оны алған адам уәдесінде тұрып, міндетін орындауы керек. Яғни қолындағы келісім-шартқа және кестеге сәйкес уақытылы төлемін банкке өткізіп, есеп айырысып тұруы шарт. Несиені алған сәтте өзінің басын қандай қамытқа кигізіп жатқанын кез-келген саналы адам түсінді. Бәрі де 20 жылда талай судың ағып өтерін бағамдады.

Соңғы рет облыс тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама негізінде арзан несие 2008-2010 жылдары ұсынылды. Алғашқы бағдарламадан құралақан қалғандар дәл осы «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне» шапқылаумен болды. Тағы да ешкім ешкімді күш танытып, пәленбай жыл мерзімге қарыз алуды міндеттеген емес. «Кең сарайдай боз үйді» армандаған талай отбасы өз еріктерімен есік қағып, ұзақ мерзімді несиеге мойынұсынды.

– Соңғы екі жылда мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың қатары қалың болды. Несие әртүрлі мерзімге берілді. Оның жылдық өсімі небары 4 пайызды құрады. Пәтердің де 1 шаршы метрі 56 мың теңгеден деп белгіленді. Жаңа пәтерлердің құны нарықта сатылатын ескі баспананың бағасынан екі есеге арзан түсті. Мемлекет осылайша азаматтарға жеңілдіктер жасады. Соның арқасында қоныс тойын тойлағандар қаншама. Қиылып келген қанша азамат осыны армандап орта жолда қалып қойды. Енді қолжетімді баспананы жеңіл шарттар бойынша иеленіп, ал несие төлеуге келгенде алабұртып отырған азаматтардың әрекетіне таңданбасқа болмайды, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалы несиелеу бөлімінің бастығы Нұрлан Есімханов.

Шын мәнінде, баспанаға мұқтаж адамдардың мәселесін мемлекет аталған екі бағдарлама шеңберінде ғана шешумен шектелмеді. Естеріңізде болса, әлемдік дағдарыс басталғанда бір кездері ипотекасын АҚШ долларымен алған азаматтарға қарыздарын теңгеге аударуға жәрдемдесті. Бұл шетелдік валютаға тәуелділіктен құтқару болатын. Одан кейін үлескерлердің мүддесін қорғауға қаншама күш-жігер жұмсалғанын ұмыта қоймадық. Президент айтқандай, шын мәнінде, үлескерлер құрылыс компанияларына алдын-ала қаржыларын салғанда, мемлекетпен ақылдаса қоймаған еді. Бірақ оқыстан кемелері қайраңдап қалған сәтте оларға көмектеспесе, жалпы халықтың жағдайы нашарлап кететінін ескерген Үкімет бірден қол ұшын созды.

Қорыта келе айтарымыз, мемлекет тұрғын үй бағдарламасы арқылы әр кезде ұсынған жеңілдіктер халық үшін сол шақта пайдалы болды. Мұндай баспанада талай нәрестелер дүниеге келіп, қазір алды төрт-бес жасқа шығып қалды. Ал қазір әлдебір қаржылық қиындықтарға байланысты жекелеген адамдар қиналып жатқан болса, оның себебі мемлекеттің берген мүмкіндігіне еш қатысы болмаса керек. Себебі мойнына алған борышынан әркім өзі құтылуға тиіс. Бұл орайда тағы да мемлекет көмектеспей отыр деп кінәлау – орынсыз. Қазір – әркім өзі үшін әрекеттенетін нарық заманы. Ащы болса да, шындық осы.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

568 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы