• Бизнес & Қоғам
  • 12 Қаңтар, 2012

Сайлау – 2012 Еліміздің ертеңі – бүгінгі таңдауымызда Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Жылдың ең басты алғашқы саяси оқиғасы – Парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына санаулы-ақ күн қалды. Сайлауға қатысу – әркімнің азаматтық парызы. Еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы көбінесе біздің бүгінгі таңдауымызға байланысты болмақ.

Саяси науқан қарсаңында қоғамдық пікірді зерттеу ұйымдары мен сараптама орталықтары халық арасында сауалнамалар жүргізіп, өз болжамдарын жасауда. Өйткені сайлаудың әділ, ашық өтуі оған халықтың қаншалық қатысуына байланысты. Сондықтан сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мәреге жақындап қалған қазіргі күні саяси додаға қатысушылар үшін ең бастысы – халықтың көңіл-күйін тап басып, барынша көпшілік дауысқа ие болу. Ал өз өміріндегі өркенді өзгерістерге заңдық негіз қалар қалаулыларды лайықты таңдауға халқымыз қаншалық дайын, сайлаушылар белсенділігі қандай? Үміткерлерді тіркеу басталған күннен бүгінге дейінгі аралықта еліміздің бар аймағында өткен қоғамдық пікірді зерттеу шараларының басты мақсаты да осы сауалға жауап беру болатын.

Парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты қоғамдық пікірді зерттеп, халық арасында екі мәрте әлеуметтік сауалнама жүргізген зерттеу орталығы – Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова сараптама нәтижелері соңғы уақытта сайлаушылар белсенділігінің айтарлықтай көтерілгендігін көрсеткендігін айтады. Алғашқы сауалнаманы былтыр 6-16 желтоқсан аралығында жүргізген институт 27 желтоқсан мен жаңа жылдың 3 қаңтары аралығында сайлаушылар арасында тағы бір сауалнама өткізген. Осыған орай Астанада өткен баспасөз мәслихатында институт директоры, әлеуметтік ғылымдар докторы Айгүл Сәдуақасованың атап өтуінше, қоғамдық пікірді зерттеу еліміздің барлық облыстарында, сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында сұхбат әдісімен жүргізілген. Сауалнама барысында сұралғандардың жасы, ұлты мен білім деңгейі, тұрғылықты жері (ауыл-қала) секілді негізгі сипаттамалар ескерілген. Осылайша іріктеу нәтижесінде сауалнамаға Қазақстан халқының барлық әлеуметтік тобы қамтылды. Сауалнамаға жасы 18-ден асқан екі мың адам тартылды. Іріктеме ауытқушылығы 2 пайызды құрады. Зерттеу демеушілердің қаржысы есебінен жүзеге асырылған.

Ең алғашқы және соңғы сауалнама нәтижелерінің салыстырмалы қорытындысы сайлаушылардың белсенділік деңгейінің айтарлықтай өскендігін көрсетеді. Үгіт-насихат науқаны басталар кездегі сайлаушылар белсенділігі 67,2 пайыз болса, үгіт-насихат соңында бұл көрсеткіш 77,5 пайызға жеткен. Бұл сайлаушы белсенділігінің өсімі 10,3 пайызды құрап отырғандығын көрсетеді. «Сайлау науқаны аясында өткен алғашқы сауалнама барысында біз респонденттермен бетпе-бет кездесіп, олардан жеке-дара сұхбат алуға тырыстық. Зерттеу кезінде олардың жасы, білім деңгейі, ұлты мен тұрғылықты жері ескерілді. Біз, ең алдымен, халықтың алдағы сайлау науқанына дайындық деңгейін анықтауды көздедік. Осыған орай, ең бірінші, «Сіз 2012 жылы қаңтардың 15-сі күнгі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау барысында дауыс бересіз бе?» деген сұрақ қойдық. Сауалнамаға қатысқан екі мың респонденттің 77,5 пайызы «Иә!», – деп жауап берді. Демек, бүгінде қазақстандықтардың сайлауалды белсенділігі 77,5 пайызды құрап отыр», – дейді А. Сәдуақасова.

Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты директорының айтуынша, саяси партияларға қатысты сайлаушылар ұстанымының өзгеруі де байқалады. Сауалнамаға тартылған азаматтардың таңдауы үгіт-насихат науқаны соңында қалыптасқан партиялардың рейтингін көрсетеді. Екі сауалнама барысында қойылған «Сіз қандай партияға дауыс бересіз?» деген сауалдың жауабы үгіт-насихат науқанының бастапқы кезеңімен салыстырғанда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының рейтингі шамалы ғана көтерілгенін көрсетеді. Мәселен, бірінше сауалнама барысында оның рейтингі 80,5 пайыз болса, екіншіде 80,9 пайызды құраған. «Ақ жол» демократиялық партиясы өз рейтингін 0,5 пайызға нығайтқан. Алғашқы сауалнамаға қатысқандардың 7 пайызы өз дауысын осы партияға беретіндігін айтса, екінші жолы олардың саны 7,5 пайызды құраған. Бұл екеуінен кейін – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Алғашқы сауалнамада танымалдық деңгейі 2,4 пайыз, ал екіншісінде 4,1 пайыз болған. Яғни үгіт-насихат кезеңінде өзін жақсылап көрсетуге қол жеткізген – өсім 1,7 пайыз. Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының жақтастары бірінші сауалнамада 2 пайыз болса, екіншінің қорытындысы бойынша 3,9 пайызға жетті. Қалған партиялардың танымалдық деңгейі бастапқы күйінде қалып отыр. «Әділет» Қазақстанның демократиялық партиясы 1,2 пайыз, Қазақстан патриоттары партиясы 0,7 пайыз, «Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық партиясы 0,4 пайыз қолдауға ие.

Бұған дейін белгілі болғандай, сайлауалды бәсекеден «Руханият» партиясы шығып қалып отыр. Оның жақтастарының дауысы қалай ескеріледі деген мәселеге орай А. Сәдуақасова: «Алғашқы іріктеменің қорытындысы бойынша «Руханият» партиясы сауалнамаға тартылғандардың 0,1 пайыз қолдауына ие болған еді. Енді сұралғандардың бұл пайызы басқа партиялар арасында және жауап беруге қиналғандар санатына бөлініп кетті. Жалпы сауалнамаға қатысқан сайлаушы азаматтардың 1,2 пайызы алдағы сайлауда кімге дауыс беретіндігін әлі шешпесе, 0,1 пайызы бұл сауалға жауап беруден бас тартты», – деп атап өтті.

Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры келтірген әлеуметтік-демографиялық мәліметтерге сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 46,4 пайызын ер адамдар, ал 53,6 пайызын әйелдер құрайды. Сауалнамаға қатысушылардың 49,7 пайызы қазақтар, 38,1 – орыстар, 12,2 – Қазақстандағы басқа да этностардың өкілдері. Жас мөлшеріне келер болсақ, 18-29 жас аралығындағылар 24,3 пайыз, 30-45 жас – 34,4 пайыз, 46-60 жас – 24,3 пайыз, 61 және одан үлкен жастағылар – 17 пайыз. Сұралғандардың білім деңгейі: 0,9 пайызында бастауыш білім, 3,9 пайызында – аяқталмаған орта, 33,8 пайызында орта білім бар. Ал кәсіби-техникалық білім алғандар – 24,7, аяқталмаған жоғары білімділер – 6,1, жоғары білімді және ғылыми атағы барлар 30,5 пайызды құрайды.

Ел ішінде жүргізілген екінші сауалнаманың нәтижелері алдағы сайлауда кімге, қай партияға дауыс беретіндігін әлі айқындамаған азаматтардың қатары алдыңғыға қарағанда әлдеқайда азайғандығын көрсетеді. Сайлаушылар белсендігінің оянуына партиялар мен олардың еріктілерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы халықтың мұң-мұқтажымен танысып, қалың көпшіліктің тыныс-тіршілігіне жақындауы түрткі болды. Парламент төрінен, яғни халықтың көңілінен орын аламын деген саяси партиялар тек науқан кезінде көрінбей, халықпен қоян-қолтық араласуы керек. Уәде берумен шектелмей, ел өміріндегі түйткілді мәселелерді шешуге бел шеше кірісуі қажет. Сонда ғана саяси ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен беделі жоғары болады, қашанда сайлаушылардан қолдау табады.

Врезка №1

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы 16 қарашада өз Жарлығымен Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын депутаттардың сайлауын 2012 жылғы 16 қаңтарға тағайындаған болатын. Сол күні Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын да 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындаған-ды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың атап өтуінше, екі сайлауды бір күнде өткізу 4 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал сайлау науқандарын ұйымдастыруға және өткізуге шамамен жалпы көлемі 8,2 миллиард теңгедей қаржы жұмсалады. Бұл 55 миллион АҚШ долларын құрайды. Сайлау туралы заңдарға сәйкес Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидаттар белгіленген тәртіп бойынша тіркеуден өткізіледі және партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Врезка №2

Сайлауалды үгіт-насихат шаралары партиялардың сайлау қорлары есебінен жүзеге асырылады. Партиялардың сайлау қорларының төменгі мөлшері 261,6 миллион теңгені құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өзі тарапынан партияларға ақпараттық қолдау көрсететін болады. Бұл мәселеде Орталық сайлау комиссиясы қандай да бір саяси партияға артықшылық бермейді. Яғни бейтарап сипат ұстанады. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы республикалық және өңірлік телерадио арналарына ақпараттық және жұмылдыру сипатындағы бейне-аудиолар әзірлеп, орналастырды. Бұған қоса еліміздегі сайлау үдерістеріне қатысушылар үшін ақпараттық және жадынамалық нұсқаулықтарды да өңірлерге жіберді. Сондай-ақ қазіргі кезде Комиссия мүшелері мен аппарат қызметкерлері басылымдар беттерінде, телерадио эфирлерінде сұхбаттар беру арқылы сайлау заңнамаларын түсіндіру шараларын да қолға алып отыр.

659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы