• Өндіріс
  • 11 Ақпан, 2015

АЛЫПТЫҢ АРШЫНДЫ ҚАДАМДАРЫ

 Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің батыс аймағында агломерациялық орталық болатынын сенімді түрде атап көрсеткен Ақтөбе қаласының Ресейге қарай шығатын солтүстік беткейінде «Өнеркәсіптік аумақ» атты бөлігі бар. Негізінен әртүрлі саланың ірі кәсіпорындары қоныс тепкен. Соның ішінде өлке даңқын шартарапқа паш еткен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жөні бөлек. Іргетасы 1940 жылдың бастапқы кезеңінде қаланған кәсіпорын құрылысына Ұлы Отан соғысының қатерлі ызғары кедергі бола алмапты. Небәрі үш жылдай уақыт өтпей 19 қаңтарда бірінші электрмен балқыту пеші іске қосылады. Сонан бергі кезеңде республика қара металлургиясының қарлығашы қанатын жайып, әлемге кеңінен танылды. Кеңес Одағы тұсында хромның 96 пайызы облыс орталығынан тоқсан шақырым қашықтықта жұмыс істейтін Дөң тау-кен комбинатында өндірілсе, сол арқылы біз сөз етіп отырған Ақтөбе ферроқорыту зауытының өнімі әлемнің 38 еліне тараған.

Еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңде «Қазхром» акционерлік қоғамына қарасты осы кәсіпорында республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет болды, оның екіншісінде әлемде теңдесі жоқ жаңа зауыт құрылысының алғашқы капсулын өз қолымен салды. Өткен жылы 23 маусымда Ақтөбе өңіріне сапарында негізгі мамандығы металлург Елбасымыз нысанға арнайы келіп, онлайн режимінде түймені басу арқылы бірінші балқыту пешін іске қосты.

2
Сол жолы акционерлік қоғам президенті Виктор Тиль мемлекет басшысына толыққанды мағлұмат берді. Республикалық индустрияландыру картасында ең ірі ақтөбелік инвестициялық жоба болып табылатын жаңа зауыт 2013-2014 жылдары тиісінше 284 және 282 мың тонна өнім өндірсе, биыл бұл көрсеткіш 680 мың тоннаға жеткізілмек. Сөйтіп, республиканың жоғары көмірсутекті феррохром шығарудағы экспорттық әлуеті 16 пайызға, ал Ақтөбе облысы бойынша 46 пайызға дейін өседі екен. Мемлекет пен жеке сектордың, яғни «Батыс Транзит» АҚ арасындағы әріптестік аясында жаңа ферроқорыту зауытын сыртқы электр тогымен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін 220 киловольттық Өлке станциясының электр өткізу желісінің құрылысы аяқталған.
Шынын айтайық, біз бұдан бұрын журналистік кәсіп тұрғысынан кәсіпорынға келгенімізде көбіне-көп әкімшілік корпусында, арнайы жабдықталған мемлекеттік тілді оқыту орталығында жауапты қызметкерлермен әңгімелесіп, алдын-ала дайындалған жазбаша деректермен көңіл тоғайтушы едік.
Бұл жолы республикалық «Экономика» газетінің Бас редакторы Ахас Тәжутов екеумізге зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақыткерей Каванов кәсіпорын цехтарын аралап көруді ұсынды.

Қонақ қойдан жуас, оның үстіне қуаты, өн­дірістік құрылымдары жағынан баламасы жоқ, дербес зауыт ретінде айтуға толық сиятын № 4 цехта болып, жұмысшылармен бетпе-бет тілдескенді мақұл көрдік. Өндірістің аты өндіріс, мұндай көп сатылы құрылымда қалыптасқан қатаң тәртіпке мойын ұсынбасаң өз өміріңе нұқсан келуі де мүмкін. Арнайы маман техникалық ережелерден хабардар еткен соң арнаулы бөлмеде сыртқы киімдерімізді ауыстырып, басқа маска кидік, көзілдірік пен ауызтұмшалағыш та бар. «Мұның бәрі шаң-тозаңнан, басқа жағдайдан қорғану үшін» деп түсіндірді шаруашылық меңгерушісі Жібек Бәтенова. Оның кәсіпорындағы еңбек өтілі 14 жылды құраған, отағасы Аман – электр механигі.
– Зауыт екінші үйімізге айналып кетті, үш баламызға шаңырақ көтеріп, немере сүйіп отырмыз. Шүкір, жағдайымыз жақсы, - деді Жібек.
Ақиқаттан аттап кете алмайсың, ана бір жылдары мұндай алып кәсіпорындардың бірінші басшылығында қазақтан өзге ұлт өкілдері болып келді. Іске қосылған 1942 жылдан бері директор болып, бірінен соң бірі В.П.Нахабин, Н.М.Деханов, Б.Г.Лобжанидзе, Р.Н.Сорокин, Г.А.Кошкин, Н.В.Но­виков, Л.Н.Имансу, В.И.Гриненко, П.С.Пет­люх жұмыс істеген. Бұлардың ортасында жал­ғыз қазақ Д.Н.Дәулетовке тек екі жыл – 1994-1995 жылдары жұмыс істеу бұйырыпты. Соңғы алты жылдан бері бірінші басшы тізгіні Мұрат Мұқашевтің қолында. Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында туған, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық  техникалық университетінің түлегі. Қатардағы механиктен шахта бастығына дейінгі жолдан өткен. Біз барған күні Мұрат Солтанғазыұлы облыс әкімдігінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев өткізген кеңеске қатысу үшін кетіпті. Жолығып, әңгімелескен адамдарымыз директордың білікті инженер, шебер ұйымдастырушы, салауатты өмір салтын ұстанған,өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын жан екеніне көбірек тоқталды.
Шынында кәсіпорын аумағында тазалықты, ұқыптылықты көріп сүйсіндік. Құрмет тақтасына суреттері ілініп, аты-жөні, кәсібі жазылған он алты адамның әрқайсысына ай сайын жалақысына 20 пайыздық үстеме ақы төленеді екен. Бір жыл өткен соң өндірістік көрсеткіштер нәтижесімен тақта қайта жаңартылады. Зауыттағы үш спорт залы, екі жүзу әуізі жұмысшы – қызметшілердің спортқа қызығушылығын арттырды. Гандболдан, волейболдан, футболдан, үстел теннисінен  және спорттың басқа да түрлерінен секцияларда жаттығулар, мәдениет үйіндегі үйірмелерде өнерді шыңдау сабақтары тегін жүргізіледі. 17 цех­тың арасында ұйымдастырылатын сайыстар, байқаулар көптеген талантты адамдарды танытты. Еңбек адамдары төрт цехтың әрқайсысындағы асханада күніне бір мезгіл тегін тамақтанады. Емделуі үшін жыл сайын жүз жиырма мың теңге көлемінде қаржы аударылады. Әр адам медициналық тексеруден өткізіліп, Қарағанды қаласындағы емдеу-сауықтыру орта­лығына жіберіліп отырады. Жазғы демалыс ке­зінде лагерьлерде металлургтердің бес жүз баласына демалуына жолдама беріледі, бұл қызмет үшін ата-ана бір перзентіне небәрі үш мың теңге төлейді, қалған шығын кәсіпорын есебінен. Жұмысшы-қызметшілер үшін өндіріс орнындағы қызметін атқарған уақытында үйінен келіп, кері қайтуына арнайы көліктер ұйымдастырылған.


Жолбасшыларымыз – кәсіподақ комитетінің төр­ағасы Бақыткерей Каванов кәсіпорында үзі­ліссіз қырық жыл жұмыс істесе, баспасөз хатшысы Ұлтуар Асанова 11 жылдан бері осында. Екеуі жаңа, өздері «дербес зауыт» деп бағалаған № 4 цехты аралатып, асхананы, жұмысшылардың ауысымнан шыққан соң жуынып-тазаратын ғимаратын көрсетті, барлық жайдан ерінбей-жалықпай түсінік берді.
Біздің бұрынғы түсінігімізше, металлург дегеніміз мауыты кеудеше, киіз қалпақ киген, қолына ұзын көсеу ұстаған адам еді. Нақты жағдайды көргенімізде ол күндер кейінде қалыпты. Ат шаптырым аумақты алып жатқан цех ішінде он жетінші метрге көтерілдік. Бірнеше маман алдындағы компьютерге қарап, төмендегі металл балқытудың жай-күйін қадағалап отыр. Жұмыс процесі түймелерді басу арқылы атқарылады. 1500-1700 градус температурамен бұлақ суы тәрізді ағып жатқан металлды көрудің өзі ғажап. Бір жағына қарай қож (шлак) бөлектеніп сұрыпталады да, алып трактор ожауымен екінші бөлікке шығарылады. Металлдың белгілі бір өлшемдерге лайықталған шөміштерге құйылатыны тағы бар.
Мынадай мағлұмат та оқырманды қызықты­рары даусыз. Қазақстан феррохром өндіру жағынан әлемдегі көшбасшы мемлекеттер үштігінде, ал сапа жөнінде бірінші орында. Біз сөз етіп отырған Ақтөбе ферроқорыту зауытының өнімдері ТМД, Еуропа мемлекеттерін былай қойғанда АҚШ, Австралия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань елдері тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Цехтағы жұмыс сәтінде балқытушы Сержан Атыраубаевпен аз-кем тілдестік. Өзінің балқыту­шылар әулетінен екенін мақтанышпен ауызға алды. Әкесі Серік № 1 балқыту цехында ауысым басқарады. Арнаулы орта біліммен осында келгеніне жеті жыл болыпты, келіншегі Асыл – техникалық қадағалау бөлімінде бақылаушы.
Бізді сүйсінткен жай – жастар тарапынан металлург мамандығын игеруге құлшыныстың жыл өткен сайын артуы. Серік Әбенов – облыстағы Темір ауданының тумасы, Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің металлургия факультетін бітіргеннен бері осында, өндірістің аға шебері.
– Алғаш келгендегідей емес, біраз нәрсені үйрендік, – дейді ол. – Өндіріс адамды ширатады, тәртіпке баулиды. Шаңырақ көтердім, екі бөпеміз бар. Зауыт басшылығы мен кәсіподақ комитеті еңбегімді бағалап, үш бөлмелі пәтер берді. Өткен жылғы желтоқсан айында Астана қаласында Еуразиялық топтың құрылғанына 20 жыл толуы құрметіне өткізілген мерекелік шараға зауыттың он адамдық делегациясы құрамында барып қайт­тым, ұмытылмастай әсер алдық.
Қарапайым еңбек адамдарының ақтарыла айтқан әңгімесі бізді де қанаттандыра түсті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист,
Ақтөбе қаласы

 

858 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы