• Өндіріс
  • 19 Ақпан, 2015

КӨКШЕТАУ КІРПІШІ –КІРІСТІҢ КӨЗІ

Мұндағы «Енки» зауыты 30 түрлі өнім шығарады 

 

Өңірдің индустрияландыру картасына енген бұл кәсіпорынның іске қосылғанына 5 жылға жуық уақыт өтті. О баста ел аумағына қажетті құрылыс материалдарын шығаруды қамтамасыз етіп келген «Енки» зауыты енді өзінің  керамикалық кірпіш өнімдерін Ресей нарығына да еркін енгізіп, қыруар пайда тауып отыр.

 

Кірпіш зауытының өндірістік қуаты жоғары. Ол жылына 30 түрлі өнім шығаруды қамтамасыз етіп, өздерінде құйылған кірпіштің 58 млн. данасын жан-жаққа жөнелтеді. Бұл әрине, оңай атқа­рылатын шаруа емес. Зауыт әкімшілігі, ин­женер-техникалық қызметкерлері және өнді­рістің негізгі буыны – жұмысшы мамандар күш біріктіре отырып, индустрияландыру картасына енген кәсіпорын­ды алдыңғы қатарға шығарудың барлық мүмкін­дік­терін қарастырды. Ең бастысы еңбек тәртібі мен шығарылатын өнімнің бәсекелестікке қабылетті әрі сапалы болуына айрықша назар аударылды.  
Бастапқы жоба құны – 6 млрд. 178 мың теңге болып, индустрияландыру картасына енген кәсіп­орында керамикалық кірпіш жасап шығару­дың қазақстандық озық үлгісін қалыптастыру – ең негізгі міндет етіп қойылды. Ол үшін жаңа жобалар әзірлеу, өндірісті жаңа технологиялық жабдықтармен жарақтандыру мәселелерімен шұ­ғыл айналысуға тура келді. Бұл бағыттағы ізде­ністі жұмыстар көп ұзамай-ақ өз жемісін бере бастады. Шығарылатын өнім түрлері көбейіп, олардың сапалық дәрежесі де арта түскені байқала бастады. Соның нәтижесінде бұрын кірпіш өндіруден бәсекелес болып келген украиналық әріптестерін басып озатын дәрежеге қолдары жетті. Осыны ескерген зауыттықтар енді шеттен келетін өнімді нарықтан ығыстырып шығарған еді.
Көкшетаудағы «Енки» керамикалық кірпіш зауы­­тының бас инженері Вадим Бурыкиннің айтуынша, қазіргі таңда олар өздерінде өндірілген кір­піштерді Ресейдің Омбы және Түмен қалалары­на тиеп жөнелтуде екен. Бұл жұмыс Еуразиялық эко­номикалық одақ аясындағы келісімшартқа қол қойылғаннан бері тіпті жандана түсіп, өзінің пай-далы әсерін  молынан тигізіп жатса керек.
Алдыңғы қатарлы кәсіпорынның өндіріс оша­ғы қазіргі кезеңде Испанияның  озық технология­сымен жабдықталынған. Оның да пайдасы көп. Зауыт өндірген сапалы, кірпіштер ыстыққа да, аязға да төзімді. Құрылысшылар оның сапасына еш мін айта алмайды. Жалпы зауыттың, дайын өнімдер цехының іштері жылы, олардағы температура қысы-жазы бірқалыпты. Өндірісте еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасалған.
Бүгінде «Енки» кірпіш зауытында 300-ден астам адам тұрақты еңбек етуде. Негізінде кәсіпорын жылына 60 млн. дана  кірпіш өндіруге қауқарлы. Ұжым алдағы уақытта осы межені  бағындыруды алдарына басты мақсат еткен. 

Ыбырай Емендәулет

 

 

848 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы