• Өндіріс
  • 19 Ақпан, 2015

Үдемелі даму ілкімді істерге негізделеді

Күрделі геоэкономикалық жағдайға қарамастан, қазір елімізде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын және индустрияландырудың екінші бесжылдығын ойдағыдай өрістетуге ерекше маңыз беріліп отыр. Дағдарысқа қарсы кешенді шара ретінде 2010 жылы қолға алынған бағдарламаның бірінші бесжылдығы нәтижесінде қазақ­стандық экономика құрылымында елеулі қадамдар орын алды. 


Бастапқы бесжылдықтағы маңызды же­тіс­тік – қазақстандық экономикада өңдеуші өнер­кәсіптің өсім қарқынының дәстүрлі өндіру саласынан асатын деңгейге тұңғыш рет жетуі. 

Өткен бес жыл ішіндегі индустриялан­дырудың айқын сипатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылдың желтоқсан айындағы Индустрияландыру күніне орай өткен жалпыұлттық телекөпірде ерекше тоқталған болатын. «Біз әр уақытта Қазақстан бай, жер қойнауында темір де, көмір де, мұнай да, газ да, алтын, күміс, мырыш та бар деп жүрдік. Алайда, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты. Енді қазір сыртта жасап жатқан байлықты елімізге әкелуге бет бұрдық», – деп атап өтті Елбасы.
Бірінші кезеңді қамтыған 2010-2014 жылдар аралығында Қазақстанда бұрын мүлде өндірілмеген жаңа 400 өнім түрі игерілді. Тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. Ал өңдеуші секторда Қазақстан Тәуелсіздігінен бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызын индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында алды. Тұтастай алғанда бес жыл ішінде Индустрияландыру картасында 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жоғары білікті, лайықты еңбекақы мен жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Осының арқасында өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асты.
Индустрияландырудың бірінші бесжылды­ғында экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Атап айтқанда, осы жылдар ішінде машина жасау саласында теміржол вагондарын шығару 10 есеге, дизельдік локомотивтер 2,5 есеге артты, отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейді. Мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өскен. Индустрияландыру инфрақұрылым базасының кеңеюіне де өзінің ықпалын тигізіп, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым теміржол­дар салынды.
Индустрияландыру саясатының эконо­ми­каның салмақты секторы – құрылыс саласына да тың серпін бергенін осы жылдар ішінде Қазақстанда отандық құрылыс материалдарын шығару көрсеткіші 2 есеге артқандығынан байқауға болады. 2010 жылы Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдары 15 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 80 пайызға жетіп отыр. Сөйтіп, индустрияландыру саясаты арқасында Қазақстанда негізінен өзін-өзі қажетті тұрғыда қамти алатын түрлі салаларда өндіріс дами түсті. Бұлардың қатарында, ауыл шаруашылығында 2010 жылмен салыстырғанда ірі қара мал басының саны 50 пайызға артты, өнеркәсіп жылыжайларының алаңы осы жылдар ішінде 3 есеге өсті. Бастысы, еліміз азық-түліктің негізгі түрлері – етпен, сүтпен, нан өнімдерімен, жеміс-жидектермен өзімізді толық қамтитын дәрежеге жетті.
Бірінші бесжылдық барысында сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдары мен саясаттың жаңа бағыттары талданып, өнеркәсіпті дамыту институттарының тиімді жүйесі құрылды, шикізаттық емес салаларды дамытуға маңызды ірі жобалар қолдау тапты.
Дегенмен, бүгінде әлемді кезген дағ­да­рыстың десі оңайлықпен қайта қоймай­тыны анық. Оған төтеп беру үшін бірінші кезекте тұтыну тауарларының барлығы елімізде толығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ең алдымен еліміз импортқа тәуелді болмау үшін қажет.
Сонымен қатар индустрияландыру саясаты аясында жұмыссыздықты ұтымды шешу мәселесінің мәні өзгермейді. Бұл ретте Елбасы өнімді жұмыс орындарын көбірек ашу – мемлекеттің жеңісі екендігін баса айтқан болатын. Сондықтан Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керек. Ал экономикалық өсімді арттыру үшін осы жұмыс орындарының өнімділігі маңызды болып қала береді.
2015 жылдан басталған индустрияланды­рудың екінші бесжылдығында өткен кезеңдегі тәжірибенің жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өнеркәсіпті үдемелі дамытуға күш салынбақ. Сонымен, екінші бесжыл­дықтың негізгі мақсаты – өңдеу өнер­кәсібін әрта­рап­тандыруды ынталандыру және бәсе­кеге қабі­леттілікті арттыру болмақ. Оған қол жеткі­зуде өңдеу өнеркәсібін алдын ала дамыту; басымдықты секторлардағы қосымша құнды және тиімділікті арттыру; шикізаттық емес экспортты ұлғайту; өнімді жұмыспен қамтуды сақтау; өңдеу өнеркәсібінің басымдықты секторларының технологиялылығына жаңа деңгей беру және инновациялық кластер­лерді қалыптастыру арқылы болашақ сек­тор­­ларының дамытуға арналған негіздер қалыптастыру; кәсіпкерлікті ынталандыру жә­не өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта биз­несті дамыту міндеттері айқын­далған.
Екінші бесжылдық бағдарламасы – Қазақ­станның өнеркәсіптік саясатының бір бөлігі және секторлардың шекті саны күштер мен ресурстарды шоғырландыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту, кластерлік әдіс пен са­лалық тиімді реттеуді өңірлік мамандандыру болады.
Талдау нәтижесі бойынша өңдеу өнер­кәсібі, металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, материал құрастыру, азық-түлік өнеркәсібі басымдықты сала болып таңдалды.
Сарапшылар бағдарламаның екінші кезе­ңін жүзеге асыру өнеркәсіпті дамыту және жалпы экономиканың басты көрсет­кіштері бойынша айтарлықтай үдеріске жетуге мүмкіндік беретінін айтуда. Алға қойылған барлық міндеттерді орындау үшін жұмыскерлердің біліктілігін орта деңгейдегі мамандардың деңгейіне арттыруға жағдай жасау қажет. Соның нәтижесінде 2030 жылға қарай экономикадағы жұмыспен қам­тудың жалпы құрылымында орта деңгейдегі ма­ман­дардың үлесі артып, біліктілігі төмен жұмысшылардың үлесі азаяды. Осы мер­зімге қарай экономикада жұмыспен қамтыл­ғандар саны 9,4 млн. адамды құрап, 11 пайыздық өсімді көрсетпек. Экономикадағы орта деңгейлі мамандардың саны 2030 жылға қарай 680 мың адамға дейін өседі. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2015 жылы республикалық бюджет пен ұлттық қордан жалпы 200,7 млрд. теңге қарастырылып отыр.

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы