• Бизнес & Қоғам
  • 12 Қаңтар, 2012

Мыс өндіру басталды Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Алдағы уақытта Ақтөбенің Әйтеке би ауданында катодты мыс өндірілетін болады. Бенқала кен орнындағы катодты мыс өндіру және кен өңдеу кешенінің бірінші кезегі өткен жылдың аяғында іске қосылды.

Жылдар бойы ауыл шаруашылығымен айналысып келген әйтекебиліктер ендігі уақытта өндірісті де өз қолдарына алып, өңірде кен қазу жұмысын бастап кетті. Егін алқабында жатқан бұл «байлықтың» қоры 30 жылға жететін көрінеді.

Кеңес үкіметі тұсында Бенқала кен орыны зерттеліп, аумақта мыс кені бар екені белгілі болған. Алайда ол уақытта мыс кенішін ашып, өнім алатын мүмкіндік болмады, қазба жұмыстарын жүргізетін жоғары технология енгізілмеді. Осылайша мамандар бұл маңнан мыс өндіру оңайға соқпайтынын айтып, жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

Еліміз еңсесін көтеріп, етек-жеңін жиған уақытта ертеректе ұмыт болған Бенқала кен орнын қайта қолға алып, бұрын қажетсіз, тиімсіз, рентабельді емес делінген мыс кенішін игеру жұмыстары жалғасын тапты. Жобаны «KazCoopper» ЖШС-ы қолға алып, катодты мыс өндіру кешенін құрды. Оны салу үшін 5 миллиард 609 миллион теңге инвестиция қаралған. Сондай-ақ құрылыс кезінде тағы да 1 млрд 300 миллион теңге қаржы құйылды. Зауыт құрылысы кезінде 400-ден астам жұмыс орыны ашылып, оған негізінен жергілікті тұрғындар тартылды, яғни мыс өндіру кешені орналасқан Сұлукөл ауылымен көршіліс жатқан Тереңсай, Әйке ауылдарының жастары жұмысқа қабылданды. Ал алдағы уақытта, яғни зауыт өзінің толық қуатында жұмысын бастаған кезде 500-ден астам адамға жаңа жұмыс орыны ашылатын болады. Жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жас мамандарды оқытып, жұмысқа баулу да естен шығарылмапты.

«KazCoopper» ЖШС бас директоры Үмбет Малымбаевтың айтуынша, өндірістің негізгі құрылыстармен бірге электролиз, насос цехтары салынып, инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілді. Ал қазіргі уақытта кондициялық руда өндіріп жатыр. «Алынған алғашқы өнімді тиісті зерттеу институттарына жіберіп, тексеруден өткіздік. Сарапшылар біздің мыс сапасына жоғары баға берді. Өнімді өткізуге еш қиындық болмайды. Өйткені мыс өндіріске де, тұрмысқа да қажетті дүние болып табылады», – дейді бас директор. Бұл өндіріліген жоғары сапалы өнім ел нарығынмен қатар алдағы уақытта Америка мен Канадаға экспортталмақ. Сол кезде бюджетке жылына 400 мың доллар кіріс түседі. Сонымен қатар өнеркәсіптік маңыздағы түпкі өнім үлесі ұлғайады. Мұның өз кезегінде қосымша құнға да әсер етері сөзсіз. Сондай-ақ Үмбет Малымбаев өз сөзінде Польша, Куба, Франция инженерлерімен бірігіп, тағы да жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын да жеткізді. Ал зауыттың техникалық директоры Игорь Григорьев: «Біз қазір шикізатты ашық әдіспен игеріп жатырмыз. Жер бетінің бірнеше қабат топырағын тазартып, мыс аламыз. Ол алдымен уату цехына жіберледі. Шикізаттан катодты мыс алынады. Одан сым, дөңгелек резеңке, катанка басқа да бұйымдар жасауға болады», – зауыттың жұмысымен таныстырып өтті.

Бүгінде бірінші кезеңі іске қосылған зауыт жылына 7 мың тонна катодты мыс өндіреді. Ал келер жылы кешеннің екінші кезеңі іске қосылған кезде жылына 20 мың тоннадан астам катодты мыс шығарылады деп жоспарлануда.

Білікті мамандардың ақыл-кеңесімен қолға алынған жоба әлемдік аренада тәжірибе жинақтаған австралиялық «Calder projects» компаниясы арқылы өндірістік кешенді жобалау SX-EW технологиясы бойынша жүзеге асырылған. Кешендегі сұйық экстракция және электролиз технологиясын пайдалану жоғары технологиялық өндіріске жатады. Бұл технологияны қолданған кезде тотығуы төмен мыс өндіруге мүмкіндік туады, төменгі құрамды мыс кен орындарын пайдалануға оң ықпал жасайды.

Негізгі және қосалқы технологиялық жабдытар Австралиядан, Франциядан, Польшадан, Үндістаннан, Чилиден арнайы алдырылды. Ғалымдар жаңа технологияның арқасында жоғары сапалы мыс өндіруге болатынын айтып отыр. Олардың болжамынша мұнда өндірілетін мыс сапасы 99,9 пайыз болатын көрінеді.

998 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы