• Бизнес & Қоғам
  • 12 Қаңтар, 2012

Көгілдір отынның мәселесі шешіледі Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Ел экономикасын арттырып, халықтың әл-аухатын жақсарту – алдымызға қойылған басты міндет. Осы орайда қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орны ерекше. Республиканың түпкір-түпкірінде үлкенді-кішілі өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтып отырған бағдарламалардың бірі – «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы.

Аталған бағдарлама аясында өткен жылы Ақтөбе облысында 27 жоба іске қосылса, соның бірі – «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-нің газ өңдеу зауыты. Зауыт Елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен Индустрияландыру күні аясында Елбасының рұхсатымен онлайн жүйесі арқылы іске қосылған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізде Ақтөбе облысы мұнай-газ өндіретін маңызды өңірдің бірі болып саналады. Газ өндіру мәселесі Қазақстанға қажет. Сондықтан жылдан-жылға газ өндіруді өркендетіп келе жатқан Ақтөбе облысына ризашылығымды айтамын. Мынау жаңа өндіріс орны құтты болсын, баршаңызды табыстарыңызбен құттықтаймын», – деп жаңа зауыттың жұмысына жеміс тілеген-ді.

«ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС газды кешенді өңдеу қондырғысының құрылысы 2009 жылы Мұғалжар ауданына қарасты Әлібекмола кен орнында басталған. Бұдан бұрын Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында осы тектес ірі зауыттың құрылысын салған өзіндік тәжірибесі мол «Қазстрой-сервис» құрылыс компаниясы зауыттың құрылысын үш жыл ішінде аяқтап, пайдалануға берді. Осы уақытта бір жарым мыңдай адам еңбек етіп, жұмыспен қамтылды.

«ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Андрей Решетневтің айтуынша, бүгінгі күні онда монтаждау, іске қосу жұмыстары басталды. Ал осы жылдың екінші тоқсанында зауыт толық қуатында жұмыс істейтін болады. Ақтөбе мұнай өңдеп отырған ірі облыстардың бірі болғанымен, ілеспе мұнай газын кәдеге асыру мәселесі – онда бүгінге дейін шешілмей келген түйін. Алайда газ өңдеу жобасын жүзеге асыра отырып, алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешімін таппақ. Осындай күрделі мәселені игеруге бағытталған зауыттың жылдық қуаты – 420 млн текше метр газ өңдеуге қауқарлы. Жалпы құны – 41,7 млрд теңге.

Бұл газ өңдеу зауытында 125 адам еңбек ететін болады. Жұмысқа негізінен жергілікті жердің білімді, білікті азаматтары алынады. Ал бүгінде кейбір мамандар екі айлық қайта даярлау курстарынан өткен. Зауытта еңбек ететін 4-5 санатты жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 95-120 мың теңгені құрайтын болады.

Бастапқы жоба бойынша «зауыт іске қосылғанда ілеспе газ толықтай өңделіп, табиғи газ, пропан-бутан қосапасы, газ бензині, түйіршіктелген күкірт алынады» деп жоспарланған болатын. Ал бұл өңделген өнімдер облыс, республика аумағына тұтынуға шығарылса, күкірт Қытай мен Еуропа елдеріне жөнелтілмек. Демек зауытты іске қосу арқылы соңғы жылдары мол сұранысқа ие болып отырған көгілдір отынның мәселесі шешіліп, облыс тұрғындары мен ондағы кәсіпорындар газбен қамтамасыз етіледі. Осылай өңірдегі әлеуметтік мәселелер де өз шешімін таппақ. Сонымен қатар аталған жобаның аймақтағы экологиялық ахуалды да біршама жақсарта түсетінін ерекше атап өткен жөн. Мұнай өндіру барысында ауаға шығып, қоршаған ортаны зақымдап жатқан газдың, яғни зиянды қалдықтардың көлемі біршама азайып, ол ендігі уақытта ел мүддесіне жұмсалмақ. Осылай бірнеше мәселенің шешімі болып отырған зауыт, біріншіден, ауада босқа жанып жатқан газды өңдеп пайдаға жаратса, екіншіден, әр үйге көгілдір отын кіргізуге таптырмас мүмкіндік болмақ.

492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы