• Өндіріс
  • 26 Ақпан, 2015

Жергілікті өндірісшілердің жәрмеңкесі

Елбасының төрғалығымен жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені мәлім. Алқалы жиында Президент қазақстандық қамтуды жандандыру және отандық өнімдерді тұтынуды насихаттау қажеттігін баса айтты. Соған орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Орал қаласы аумағындағы «Ел ырысы» коммуналдық базарында жергілікті тауар өндірушілердің азық-түлік өнімдері жәрмеңкесін өткізді. Енді әр аптаның сенбі күндері мұндай жәрмеңке өткізіліп тұрады.  

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өте­ғұловтың айтуынша, Жәрмеңке Елбасының отан­дық өндірісшілерді қолдау тапсырмасына орай ұйымдастырылған. Басты мақсат – тұрғындарға сапалы жергілікті өнімдерді нарық бағасынан арзанға ұсыну. Жәрмеңкеге 20  шақты облыстың тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорын  қатысып, 500-ге жуық тауар түрлерін шығарды.       
Делдалсыз сатылғандықтан жәрмеңкеде азық-түлік бағасы арзан болды. Мысалы, «Нұр» шаруа қожалығы жұмыртқаның әр данасын  8 теңгеден, «Жастық» агрокешені» ЖШС-ның жарты литрлік айраны мен йогурты 100 теңгеден, сары майдың келісі 300 теңгеден саттыққа шығарылды. Тұтынушылар «Батыс» ЖК-ның қақталған  ірімшігі мен «Нұр» шар­уа қожалығының тәтті тоқаштарын, «KAZKON»-ның кондитерлік тәттілерін нарықтағыдан арзан бағаға сатып алып, бір жырғап қалды. Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев қаладағы «Бәйтерек», «Дина», «Атаба» секілді ірі супермаркеттерде қазақстандық тауарларға арналған сөрелер ұйымдастырылғанын айтты.

Марат ОҢҒАРБЕКОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Еуразиялық экономикалық одақ  аясында көрші мемлекеттің түрлі қоспаға толы тағамдары еліміздің дүкен сөрелерінде толып тұруы заңдылық, бірақ, тұтынушы өз таңдауын жасауға ерікті. Меніңше, тамаққа өзіміздің отандық өнімдерді пайдаланғаннан артық ештеңе жоқ. Оралдық «Жастық» агрокешені мен «Берекенің» өнімдері, «Каркула» мен «Ақас» ЖШС-нен шыққан сүт  өнімдері кімдікінен кем? Мысалы, мен жаңа «Жастық» агрокешені» ЖШС даярлаған  сүзбе (ірімшік) сатып алдым, дәмі тіл үйіреді екен. Көрші елдердің ұнтақтан жасалған, сөрелерде айлап жататын сүт өнімдерін пайдаланғанша, біз неге табиғи сүттен даярланған жергілікті компаниялардың өнімдерін қолданбаймыз?

Дина ЖҰМАҒАЛИЕВА, қала тұрғыны:
– Мен тұтынушы ретінде сатып алған азық-түлігімнің сапасына да, бағасына да ризамын. Мұндай жәрмеңкелер біз секілді зейнеткерлер үшін өте тиімді. Себебі мұнда тек қана жергілікті өнім өндірушілердің қолынан шыққан, құрамында ешқандай дәмдеуіш қоспасы жоқ таза өнімдер сатылуда. Қала тұрғындары кез келген дүкеннен шетелден әкелінген тағамдарды қымбат бағаға сатып алғанша, ағзаға қуат беретін осындай табиғи азық-түлікті пайдаланғандары дұрыс. Жергілікті әкімшілік осындай жәрмеңкелерді апта сайын ұйымдастырамыз деп жатыр ғой, соны пайдаланып, азық-түлік тағамдарын осы жерден әр сенбі сайын келіп, толтырып алып кетуді ойластырып тұрмын. Өйткені  мен бұл жерден әрі табиғи тамаққа қол жеткіземін әрі қаражатымды үнемдеймін.

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ,
Орал қаласы

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы