• Бизнес & Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2012

Индустрияландыру игілігі Өлкеміздің келбетін көркейтер жоба Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өткен мерекелі жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпір барысында іске қосылған индустрияландыру картасы жобаларының қатарында Мойнақ суэлектр стансасының құрылысы да бар. Тәуелсіздік жылдары еліміздің су энергетикасы саласында жүзеге асырылған бірегей жоба – Мойнақ СЭС-інің Қазақстанның бүкіл оңтүстік аймағы үшін маңызы ерекше.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қашанда өзекті болып келген еліміздің оңтүстік аймағында соңғы жылдары жаңа өндірістің көптеп іске қосылуымен электр қуатына деген қажеттілік еселеп артты. Енді, міне, жаңа индустрияландыру саясатына орай тәуелсіз Қазақстан энергетика саласында жүзеге асырған алғашқы ауқымды жоба – Мойнақ су қоймасының іске қосылуы еліміздің оңтүстік өңіріндегі электр қуатының тапшылығын барынша азайтуға, өндірістік дамуға қажетті қосымша қуаттың келуіне мүмкіндік береді.

Кейінге сәл шегініс жасасақ, жалпы бөгет құрылысы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде, 1 770 биіктіктегі таулы аймақта 1985 жылы басталған болатын. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін мұндай күрделі құрылысты көтеру жас мемлекетке қиын соқты. Экономиканы жаңа нарықтық қатынастарға көшіру басталған жылдары құрылыс уақытша тоқтатылған еді. Қызыл империяның қол астындағы кезеңде одақтас республикалар мен энергетикалық жүйелердің шекаралары өзара сәйкеспейтіндей етіп жасалғаны белгілі. Сөйтіп күйреген кеңестер одағынан тәуелсіз Қазақстанның еншісіне энергетикалық үш бөлек жүйе, оның ішінде Қырғызстанмен және Өзбекстанмен бірлескен оңтүстік энергетикалық желі қалды. Елдің солтүстігінде электр қуаты аста-төк болғанымен, оңтүстіктегі тапшылық импорт есебінен жабылатын. Осынау қайшылықты реттеу мақсатында KEGOK елдің солтүстік аймағы мен оңтүстік өңірін жоғары кернеулі электр желісімен жалғады. Дегенмен өңірлік дамудың соңғы жылдардағы даму қарқынына сай қуат тұтыну көлемі де жылдан-жылға еселеп артып келеді. Бұл біріншіден. Екіншіден, тозығы жеткен қырғыз сэстеріне сенім аз. Кез-келген уақытта апат орын алуы мүмкін. Көрші елдегі мұндай жағдайлар еліміздің инфрақұрылымдық нысандарына үлкен зиян әкелері сөзсіз. Бұған жол бермеу үшін еліміздің оңтүстігінде өндірілетін электр қуатын еселеп арттыру арқылы аймақта энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет болды. Және «кісідегінің кілті – аспанда» деген. Бағада да тұрақтылық жоқ, жарық кейде жетіп, кейде жетпей жатады. Сондықтан Президент Н. Назарбаевтың тапсырмасы­мен ел экономикасына қажетті бөгет құрылысына назар аударылып, 2005 жылы Мойнақ СЭС-і құрылысын қолға алу туралы шешім қабылданды. Осылайша Мойнақ су электрстансасының құрылысы басым бағыттағы жоба ретінде еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына енгізіліп, үкімет тарапынан кең қолдауға ие болды. Белгілі салық және кеден жеңілдіктерінен басқа, құрылысты несиелендіру мемлекет кепілдігімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, несие қаржысының бір бөлігіне Қаржы министрлігінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кепілдігі берілді. KEGOC компаниясы өз есебінен стансаға дейін электр желісін тартатын болды. Жалпы құны 54,1 млрд теңге болатын бұл серпінді жоба 2006 жылдың маусымында жасалған келісімге сәйкес Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік даму банктерінің қаржыландыруымен жүзеге асырылды. «Бүгінгі күні біз еліміздің оңтүстік аудандарына жетіспей жатқан электр қуатын біз Қырғызстан республикасынан сатып алып отырмыз. Мойнақ суэлектр стансасының іске қосылуымен, бұл мәселе толықтай дерлік шешіледі деп айтуға болады. Өйткені қырғыз елінен 350 мегаватт келсе, жобалық қуаты 300 мегаватт болатын Мойнақ су қоймасы толық көлемде жұмыс істегенде өңірдегі электр қуатына деген сұранысты барынша өтейтін болады. Ауқымды су қоймасы, бөгет, тау қатпарын бұрғылап тесу арқылы салынған, 500 метрлік биіктіктен элек­тр қуатын өндіретін генера­тор­ларға су жеткізуші 9 шақырымдық жерасты құбыржолы және өзге де инфрақұрылымдардан тұратын Мойнақ СЭС-нің жалпы құны 360 млн долларды құрады», – дейді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

Былтыр қыркүйек айында Бестөбе су қоймасын құрайтын алып бөгет тұрғызылып, Шарын өзенінің арнасы тоқтатылған болатын. Содан бергі мерзімде тереңдігі 90 метр, ұзындығы 16 шақырым болатын жасанды көл пайда болды. Сонымен қатар мұнда тоғаннан өзге СЭС ғимараты, стан­салық алаң, қызметтік-тұрмыс­тық корпус және станса қызмет­кер­­леріне арналған тұрғын үй ке­ше­нінің құрылысы салынды. Сондай-ақ мектеп, балабақша, мешіт секілді бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық және инфрақұрылымдық нысандар құрылысы қатар жүргізілді. Озық технологиялар қолданылған бұл жобаның бір маңыздылығы – Мойнақ СЭС суқұрылғылары іске қосылған алғашқы 3-4 минөттің ішінде ғана оңтүстік аймақ үшін тәулігіне қажетті 300 Мвт қуатқа бірден жете алады. Сондай-ақ сағатына 1 кВт электр қуатын өндіру үшін Мойнақ суэлектр стансасында жұмсалатын су көлемі Қапшағай СЭС-іне қарағанда 15 есе аз. Мойнақ СЭС-де «Андриц» фирмасының жоғарықуатты суқондырғылары орнатылған. Олардың пайдалылық коэффиценті 91,84 пайызды құрайды. Қазақстанды айтпағанда, барша ТМД елдері бойынша мұндай көрсеткішті табу қиын. Аталған австриялық фирма су энергетикасы үшін осындай бірегей технологияға негізделген қажетті құрылғылар шығаратын әлемдегі жетекші өндіріс орны болып табылады. Оның өнімдері дүниежүзінің бар түкпірінде сұранысқа ие. Мойнақ СЭС-іне қойылған австриялық қондырғылар сапалы да сенімді болуымен қатар, жоғарыда аталғандай экономикалық тұрғыда аса тиімді. Мұндай бірегей технологиялық қондырғылы өндірістің ойдағыдай жұмыс істеуі үшін, әрине, қазіргі заманғы басқару жүйесі орнатылған.

Су энергетикасындағы жоғары технологияға негізделген бұл өндіріс орнын салу қай жағынан алғанда да оңай болмағаны анық. Ең кемінде деп есептегеннің өзінде ғасыр құрылысы аталған Мойнақ СЭС-ін тұрғызуға қажетті 360 млн доллар, әрине, аз ақша емес. Оны станса құрылысын ұйымдастырушы «Мойнақ СЭС» АҚ (акциясының 51 пайызы «Самұрық-Энерго» АҚ-ға, 49 пайызы «Бірлік АК» АҚ-ға тиесілі) жалғыз көтере алмас еді. Ол құрылысқа 27 млн доллар салды, ал қаржының қомақты бөлігі мемлекеттік Қазақстан даму банкі мен Қытай даму банкі тарапынан жұмсалды. Атап айтқанда, Қазақстан даму банкінің несие желісі бойынша жалпы сомасы 133 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді.

«Қазақстан даму банкі» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Дәулетхан Қилыбаевтың айтуынша, банктің құрылысты қаржыландыру туралы шешім алуына ең алдымен жобаның әлеуметтік-экономикалық маңыздылғы себеп болған. «Қазақстан үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қашанда өзекті болып келгені белгілі. Соңғы жылдары жаңа өндіріс орындарының көптеп іске қосылуына байланысты бұл көкейтесті мәселенің біріне айналды. Даму үдерісі тұрғысынан алғанда, болашақта электр қуатына деген сұраныс үсті-үстіне өсе түсетін болады», – дейді ол.

Су энергетикасындағы бірегей жоба Мойнақ СЭС-і елімізде деривациялық (тоннелдік) үлгіде салынған алғашқы электр станса. Мамандар мұндай стансалар тек таулы аймақтарда салынатындығын айтады. Жалпы ТМД аумағында мұндай екі станса ғана бар. Оның бірі – Арменияда, 1970 жылы салынған, екіншісі – 1949 жылы іске қосылған Солтүстік Осетиядағы Храмск СЭС-і. Ал әлем елдерінде деривациялық стансалар баршылық. Соңғы жылдары мұндай сэстер суы шағын өзендерге бай Қытайда көптеп салынуда. Бұл тұрғыда Австрия, Швейцария, Канада, Франция елдері әлемдік көшбасшылар болып саналады. Бөгет құрылысына озық технологиялар мен қазіргі заманғы құрал-жабдықтар пайдаланудың нәтижесінде Мойнақ СЭС-і де шетелдік осындай құрылыстар қатарына қосылды. Мамандардың айтуынша, жалпы тәжірибеде Шарын сияқты суы аз өзендерге бөгет тұрғызылмайды. Алайда жи­ылған суды деривациялық ұң­ғы арқылы биіктен төменге сорғалата отырып, электр қуатын өндіруші генераторлар көмегімен 300 мВт қуат көзін жинақтауға бола­ды. Бөгет құрылысы 9-10 баллдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей есеппен соғылған. Төтенше жағдай туындай қалған сәтте, автоматты тұтқырлар бірден іске қосылып, су жолы жабылады. Бөгетке таяу маңда арнайы қауіпсіздік реттеуші құрылғысы орнатылған. Бұл көк­темгі тасқын кезінде көп мөл­шер­де жиналған судың ағысын реттеп отыру мақсатында тұрғызылған. Сондай-ақ негізгі ұңғы жөндеуге қой­ыл­ғанда немесе апат бола қалған жағдайда, жиналған су қосалқы ұңғымен төмендегі өзенге құйы­лып, бөгеттің ернеуінен асып кету қаупінің алдын алады. Қауіпті селдің болмауын қам­тамасыз етеді. Құрылысты жүргізуші мердігер компания – Қытайдың су шаруашылығы мен энергетика жөніндегі халықаралық корпорациясы негізгі құрал-жабдық пен құрылыс құрылғыларының сапасы мен сенімділігіне 20 жылдық кепілдік беріп отыр.

Жалпы су энергетикасының ерекшелігі делінетін бір кемшілігі бұл құрылысты салу кезеңі мен оның өзін-өзі ақтау мерзімінің ұзақтығы. Бірақ Мойнақ мамандары бұл кемшіліктің орнын СЭС шығаратын экологиялық таза және арзан электр қуаты, ағымдағы өндіріс шығындарының аздығы, қуат жинау мен оны тұтынушының сұранысына қарай бөлу икемділігінің бірегей мүмкіндіктері секілді артықшылықтары толығымен жабатынын, бөгет құрылысының қай тұрғыдан алғанда да пайдалалылығын айтады. Біріншіден, еліміздегі электр қуаты тапшы әрі ең қымбат өңір оңтүстік аймағы, оның ішінде Алматы облысы болып саналады. Жетісу өңіріндегі тұтынушыларға қажет­ті электр қуатының 50 пайызы Екібастұз, Жамбыл СЭС-терінен және көршілес Қырғызстаннан сатып алынатындықтан, құны да қымбат. Мысал үшін, әлемде 1 мың киловатт электр қуатының құны $1 500 болса, ол өте арзан деп саналады. Сарапшылардың айтуынша, Мойнақ суэлектр стансасында әлемдегі ең арзан электр энергиясы өндіріледі: бір кВт-сағ. құны 2,2 цент немесе 3,2 теңге. Яғни бұған дейінгі бағамен салыстырғанда, электр қуаты су тегін болмақ. Ал жобалық қуаты 300 мВт болатын Мойнақ суэлектр стансасы толық көлемде жұмыс істегенде өңірдегі электр қуаты тапшылығын барынша төмендететін болады. Бұл бір. Екіншіден, көлемі 238 млн шаршы метр болатын үлкен су қоймасы көктемгі еритін қар, нөсер жауын әсерінен өзендер арнасынан шығар жылдағы тасқын қаупінен құтқарады. Егіндіктер мен жайлымдықтарды су алу қаупі азаяды. Құрылыс нысандары су астында қалмайды. Суармалы алқаптар үшін де бөгеттің көмегі орасан болмақ. Үшіншіден, кез-келген су энергетикасы нысанының өзге қуат өндірушілерден басты айырмашылығы – ауаны ластамайды, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондықтан болашақта Мойнақ СЭС-і қуат өндіретін экономикалық маңызды нысан ғана емес, жұртшылық демалысын мәнді өткізетін туристік орталыққа айналады. Таулы өңірдегі Мойнақ су қоймасының маңын­да шаңғы базасы соғылып, дем­алыс үйлері тұрғызылатын болады. Тоғанда өмір сүруге бейімделген балықтар тұқымы өсіріліп, мұнда туризмді дамыту өндірістік негізге қойылатын болады.

Қазіргі күні электр стансалары арасында уаттылығы жөнінен еліміздегі алғашқы бестіктің қатарында саналатын Мойнақ СЭС-і энергетика саласында тәуелсіздік жылдарында салынып, пайдалануға берілген алғашқы нысан. Тәуелсіздігінің 20 жылдығында бірінші агрегаты іске қосылатын Мойнақ суэлектр стансасы электр қуатына деген сұранысты қамтамасыз етумен қатар, оңтүстік өлкеміздің әлеуметтік-тұрмыстық келбетін одан әрі көркейте түспек.

ВРЕЗКА №1

Еліміздегі электр қуаты тапшы әрі ең қымбат өңір Оңтүстік аймағы болып саналады. Жетісу өңіріндегі тұтынушыларға қажет­ті электр қуатының 50 пайызы Екібастұз, Жамбыл СЭС-терінен және көршілес Қырғызстаннан алынатын болғандықтан, бағасы да қымбат. Мысал үшін, әлемде 1 мың киловатт электр қуатының бағасы $1 500 болса, ол өте арзан деп саналады. Сарапшылардың айтуынша, Мойнақ суэлектр стансасында әлемдегі ең арзан қуат өндірілетін болады: бір кВт-сағ. құны 2,2 цент немесе 3,2 теңге. Яғни бұрынғыға қарағанда, электр қуаты су тегін болмақ.

ВРЕЗКА №2

Мойнақ СЭС-і толық жобалық қуатында жұмыс істегенде өңірдегі электр қуатына деген сұранысты барынша өтейтін болады. Көлемі 238 млн шаршы метр болатын су қоймасы үлкен сайда орналасқан. Бұл жылдағы көктемгі қар еруі, нөсер жауын әсерінен өзендер арнасынан асар тасқын қаупінен құтқарады. Егіндіктер мен жайлымдар, құрылыс нысандары су астында қалмайды. Суармалы алқаптар үшін бөгеттің көмегі үлкен болмақ. Сондай-ақ, кез-келген СЭС-тің өзге қуат өндірушілерден үлкен айырмашылығы – ауаны ластамайды, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондықтан болашақта бөгет тек электр қуатын өндіруші маңызды нысан ғана емес, жұрт тынығатын демалыс аймағына айналады.

617 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы