- Қаржы
- 13 Мамыр, 2015
«Проблемалық» несиелер «жыры» бітетін болды

ҚР Ұлттық банкінің директорлар кеңесі ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын мақұлдады. Жаңа бағдарлама бойынша 2004-2009 жылдары ипотекалық несие алған қарызгерлердің «проблемалық» несиелеріне көмек беріледі, яғни несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіліп, қарыз қайтару мерзімі ұзартылады. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысындағы Ұлттық банк филиалында өткен баспасөз мәжілісінде жан-жақты айтылды.
Ұлттық банк филиалының директоры Ғалия Сатыбалдинаның айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды, қарыз алушылардың ипотекалық қарыздарын өтеу талаптарын «жұмсартуды», проблемалық несиелер және экономиканың долларлану деңгейлерін төмендетуді көздейді.
– Бағдарламаның негізгі өлшемдеріне сәйкес қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз баспанасы кепілге салынып, тұрғын жайдың ауданы 120 мың шаршы метрден аспаған жағдайда қайта қаржыландыру іске асады. Үйдің көлеміне қойылатын талап көп балалы отбасыларға, аз қамтылған тұрғындарға қойылмайды. Қайта қаржыландыру барысында жылдық 3 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен несие қарызының мерзімін 20 жылға дейін ұлғайту, валюталық қарыздарды теңгеге конвертациялау іске асады. Бағдарлама ең алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға, шетел валютасымен ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға, ұлттық валютамен ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыз алған және мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған, – деді Ғалия Камшатқызы.
Облыстың бас банкирінің айтуынша, заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздар да қайта қаржыландыруға жатады. Қарыз алушының борыштық жүктемесін жеңілдету мақсатында негізгі борыштың қалдығы қайта қаржыландырылады. Бұл ретте қарыз алушының қайта қаржыландырылған қарызы бойынша сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін банктер кешіреді. Шетел валютасында берілген қарыз бойынша қайта қаржыландырылатын соманы айқындауды банктер қайта қаржыландыру күніне Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша жүзеге асырады. Банктердің қарызды қайта қаржыландыру кезінде қандай да болмасын комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге төлемдерді алуға құқығы жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Үкіметі және Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу мақсатында Ұлттық банктің қаражатынан 130 миллиард теңге бөлуге шешім қабылдады. Алдын ала есептеулерге сүйенсек, осы бағдарлама шеңберінде еліміз бойынша 20 мыңнан астам несие, соның ішінде аз қамтылған тұрғындар санатындағы несие алушылардың 5 мыңнан астам несиесі қайта қаржыландырылады.
Ғалия Сатыбалдинаның айтуынша, бағдарлама бойынша арыздарды алдымен несие берген банктер және әкімдіктер жанынан арнайы құрылған (құрамында банк омбудсмендері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және өзге де өкілдер бар) комиссиялар қарайды. Бағдарлама бойынша қайта қаржыландыру талаптарына сай келетін несие қарызы бар қарызгер банк тарапынан түсінбестікке тап болса, Ұлттық банк филиалының қоғамдық қабылдауына келуіне болады. Қазіргі таңда екінші деңгейдегі банктер проблемалық қарызы бар жандардан несие қарызын қайта қаржыландыруға өтініш-арыздарды қабылдауға әзір.
Гүланар ШАҢГЕРЕЙ,
Батыс Қазақстан облысы

714 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *