• Өндіріс
  • 13 Мамыр, 2015

Келешегін инновациямен байланыстырған зауыт

Еліміздің индустриялық-инновациялық әлеуетін көтеру  өзекті.  Елбасының халыққа арнаған Жолдауында бұған ерекше мән берілген. Аузын айға білеген озық елдердің қатарынан орын алу үшін де  индустриалды-инновациялық экономиканы қалыптастыру міндеті күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл бағыттағы ізденістер Ақ Жайық өңірінде де табылады. Бұрын әскери өнеркәсіптік техника шығарумен аты шыққан «Металлист», яғни бүгінгі «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ ғылымға сыйымды, технологиялық өңделу деңгейі жоғары өнімдерді шығаруға ұмтылуда.

Елімізде қолға алынған үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама шеңберінде кәсіпорынның технологиялық желілері толықтай жаңғыртылды. Осы жұмыстар барысында компания басшылығы «Mori Seiki», «Fanuc», «Schenck», SULZER METCO және өзге де әлемдік  танымал өндірісшілердің заманауи қондырғыларын орнатуға қол жеткізді.

Сондай-ақ өндіріс ошағындағылар авиақоз­ғалт­қыш­­тарды жөндеумен айналысады. Компания­ның ма­­ман­дары зауыттың болашағын инновацияға негіз­дел­ген жоғары технологиялармен байланыстырады.  Өндірісті әртараптандыру шараларының нәтижелері қазіргі қиын кезеңде компанияның жұмысын ылдиға емес, өрге сүйреуде.
Технологиялық жаңғыртудан өткен өндірістік цех­тар­дың бірінде болғанымызда, зауыттағылар лазер­лік кешен және беттік металды майыстыру құрыл­ғысы­ның жұмысымен таныстырды.
– Лазерлік кешен жабдығы өте күрделі.  Беттік металды  түрлі қажетті қалыпта өлшеп кеседі. Озық технология уақытты үнемдейді әрі өңдеуді аса жоғары дәлдікпен орындайды. Құрылғылар сандық бағ­дар­ламалардың көмегімен басқарылады. Майыс­тыру құрылғысы жазық металл жаймаларын  түрлі қажетті градуста  майыстырып, иіп береді.  Мұның да тиімділігі сол, жұмысты өте дәл әрі шапшаң орындайды.  Қондырғылардың жұмысын меңгеру үшін Мәскеуде өндірістік тәжірибеден өттім, – деді инженер-технолог, бағдарламашы  Рамиль Рахымбердин.  Ол Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің машина жасау факультетінің түлегі. Бүгінгі білікті маман ретінде тапсырыс қазіргіден де молырақ болып жатса, мынадай заманауи кешенде  үш аусымда жұмыс істеуге әбден болады деген пікірін іркіп қалмады.
Ыстықтай бүрку цехында технолог болып еңбек ететін Александр Өтебалиев шетелдерден арнайы курстарда оқып, білім-біліктілігін шыңдаған. Өзінің кәсібіне деген құштарлығының арқасында  жаңа технологиялық үрдістерді тез меңгеріп алған ол термоөңдеу жабдығының «құлағында»  ойнайды. Ол никель мен хромның қорытпасынан алынатын ыстыққа төзімді және тот баспайтын жабынмен қаптау вакуумды кеңістікте жүзеге асатынын іс жүзінде көрсетіп берді. Александрдың айтуынша, осы технологиялық үрдістің нәтижесінде металл бөлшектерді пайдалану мерзімін ұзартуға болады.  
Зауыттың өндірістік базасында АҚШ-тың «General Electric» компаниясының лицензиялық технологиясы негізінде газ-турбина құрылғыларын, автоматика мен басқару жүйесін жөндеу және күтім жасауға арналған сервистік орталық ашылған. Заман көшінен қалыс қалмай, алға ұмтылған өндіріс орны жаңа көкжиектерге ұмтылуда. 2010 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 3 млрд. теңгеге бағаланған газ айдау агрегаттары мен газтурбиналық электр стансаларын өндіру жобасы жүзеге асырылды. Бірақ «БҚМК» АҚ жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, өндіріс көлемін арттыруды көздейді.
– Өнімдерімізбен Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарын қамтудамыз. Негізгі серіктестеріміз – «Маңғыстаумұнайгаз»,  «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнай­газ» компаниялары. Әрине, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында жаңа жолдарды іздестіріп, жаңа өнімдер өндірісін игеруге мән берудеміз. «General Electric» компаниясының лицензиялық технологиясы негізінде газтурбина құрылғыларын, автоматика мен басқару жүйесін жөндеу және күтім жасауға арналған сервистік орталық жұмыс істеуде. Ресейдің Самара қаласындағы «АэроВолга» авиациялық компаниясын авиациялық техникамен қамту жөнінде келісім бойынша  өнімдерімізді  өткізудеміз. Негізінен шассидің бөлшектерін, өзге  қосалқы бөлшектер жасалуда. Зауытта АҚШ-тың «LANC AIR» компаниясымен бірлесіп құрастырылған  отандық тәжірибелік ұшақ сынақтан өткізілуде. Өнімдерімізге сұраныс бар. Еліміздегі ұлттық компаниялармен де меморандумдар жасалған, – деді «БҚМК» АҚ –ның маркетинг бойынша директоры Диас Айдарғалиев.
Газ айдау агрегаттарының қозғалтқыштарын  жөн­деумен айналысатын цехқа тапсырыстар көлемі сәл-пәл азайған. Қазіргі уақытта цехтағы жұмысшылар «Интергаз Орталық Азия» компаниясының тапсырыстарын орындауда. Зауыт басшылығы негізгі серіктестерімен 2014-2019 жылдарды қамтитын  өнім өткізу жөніндегі келісімшарт жасаған. Нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына байланысты мұнай компаниялары көрсетілген қызмет үшін төленетін ақыны  кешіктіреді.  Мұндай жағдайлар Ұлттық компаниялар тарапынан да байқалуда. Бірақ мұның барлығы келісімшартта қарастырылғандықтан, оны түбегейлі өзгерту мүмкін емес деседі.  
Кәсіпорын жоғары парафинді әрі қою мұнайды жылытып айдайтын пештің 9 түрін шығарады. Тапсырыстар Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мұнай компанияларынан түседі.  «Биыл жыл басынан бері үшінші көлемді пешті құрастырудамыз. Ана шағын көлемдісінің 60 шақтысы жиналды. Цехта 100 адам, дәнекерлеушілер, слесарьлар жұмыс істейді. Дәнекерлеушілеріміз жыл сайын арнайы оқу орталығымыздағы оқу курсында оқып, аттестациядан өтеді. Жұмысқа жіберілер алдында сынақтан өтеді. Шығарылатын өнімнің міні болмауы керек қой, – дейді № 2 өндірістік механожинақтау цехының  басшысы Мереке Шәкенов. Цехта түрлі көлемдегі сыйымдылықтар «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына дайындалуда. Зауытта тапсырыс беретін компаниялардың техникалық талаптарына сай жұмыс істейтін конструкторлық бюро жұмыс істейді.  
– Зауытта слесарь болып еңбек еткеніме 25 жыл болды. Мұнайды жылытатын пешті құрастырып, отқа жанбайтын плита материалымен қаптаудамыз. Жалақымыз тұрақты. Жаңа тапсырыстар түсе берсін дейміз, нанымызды осы жерден тауып отырмыз,- деді зауыт жұмысшысы Мұрат Жанесенов.
Қазір компания  ұжымында 500 адам нәпақасын тауып жүр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы

651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы