• Қаржы
  • 08 Қыркүйек, 2011

Тамақ өнеркәсібін қолға алу керек Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Бүгінде қай елде болмасын әлеуметтік маңызы зор мәселелердің бірі – азық-түлік болып отыр. Соңғы жылдары азық-түлік қауіпсіздігі мен кейбір елдерде кеңінен етек жайған ашаршылыққа байланысты, тамақ өнеркәсібі, халық тұтынатын негізгі өнімдер бағасының жиі құбылуы, қымбаттауы төңірегіндегі проблемалар жиі көтеріліп жүр.

Қолда бар мәліметтерге қарасақ, қазір біз тұтынып отырған тағамның 60-70 пайызы сырттан келеді екен. Ал 15-18 пайызын импорт құрайтын кез келген сала мемлекет ішінде құлдырай бастайтынын ескерсек, елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақ өнеркәсібі төңірегінде біраз жұмысты қолға алу керектігі байқалады. Сондықтан да шикізаттық емес саланы дамыту, оның ішінде тамақ өнеркәсібін көтеру – бүгінгі таңдағы шешім күттірмейтін өзекті мәселе. Мысалға айтар болсақ, Қазақстан – агросекторлы ел дегенмен, елімізге сүт өнімдерінің 40 пайызы сырттан – Қытайдан, Ресейден және Қырғыз Республикасынан тасымалданады екен. Сондай-ақ соңғы кездері ет пен ет өнімдерінің де бағасы жоғарылап бара жатқанына күнделікті куә болып жүрміз. Бүгінде ет өнімдерінің 29 пайызы және көкөніс өнімдерінің 43 пайызы шетелдерден жеткізіледі екен. Үкімет басты назарды негізгі азық-түлік тауарларының бағасына аударып, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолда бар шараларды қарастырып-ақ келеді. Әлеуметтік маңызы зор бұл мәселені түбегейлі шешудің де өз қиындықтары болып жатқаны белгігі. Бұлай дейтініміз, аталған мәселеде ішкі нарықта қалыптасқан жағдаймен қатар көрші мемлекеттердегі – әлемдегі ахуалдың да өзіндік ықпалы бар екенін ескерген жөн. Яғни олардан келетін сыртқы әсерлерді қаперде ұстау керек. Бұл ретте билік тарапынан біраз жұмыстар қолға алынып жатқанымен азық-түлік бағалары тұрақтанбай, әдеттегісінше-ақ жылда құбылып келеді. Әрине, бұл жерде «үкіметтік деңгейде қолға алынып жатқан шаралардың нәтижесі қайда» деген сұрақ туындайды. Оның шешімі ретінде бағаға қатысты бақылаудың әлсіздігін айту керек. Яғни еліміздің өңірлерінде көтерме сауда саласындағы баға түзу үдерісі әлсіз бақыланады, нәтижесінде азық-түлік тауарлары бағасының күрт қымбаттауына жол берілуде. Сондықтан да алдымен осы баға бақылауын бір жолға қоюдың маңызы зор екенін ескерген жөн. Сондай-ақ бағаның күрт көтерілуіне елдегі жанар-жағармайдың қымбаттауы да өз әсерін тигізіп отырғаны түсінікті. ҚР статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов өткен айда дизель жанар-жағармайлардың бағасының 19,16 пайызға өскенін хабарлаған болатын. Тиісінше, жол ақысынан бастап, азық-түлік, басқа да тауарлардың бағалары күрт көтеріліп кетті. Ал аталған агенттіктің жүргізген жұмыстарының нәтижесіне үңілер болсақ, 2011 жылғы тамызда азық-түлік тауарларының бағасы 2010 жылғы тамызбен салыстырғанда 12,8 пайызға өскен екен.

Статагенттіктің жариялаған кестесіне көз жүгіртсек, бағалар төмендегідей: 2011 жылғы тамызда 2010 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға жармаға 2,2 есе, май және тоң майға – 22,8%, ұнға – 22,6%, қантқа – 19,2%, сүт өнімдеріне – 11,3%, жемістер мен көкөністерге – 10,8%, макарон өнімдеріне – 10,5%, кондитерлік өнімдерге – 8,3%, кофе, шай және какаоға – 7,8%, алкогольді ішімдіктерге – 5%, нанға – 4,9%-ға өсті. Ет және ет өнімдері бағасының өсімі 17,4% құрады. Қой етіне баға деңгейі 23,8%, жылқы етіне – 13,3%, шұжық өнімдеріне – 10,6%, құс етіне – 7,3%, шошқа етіне – 6,8%-ға жоғарылады.

Азық-түлік бағасының ұдайы артып отыруы мен тамақ өнеркәсібінің айтарлықтай даму қарқын ала алмауы және оны бір жолға қою – Елбасымыздың алдағы он жылда экономикамызды әртараптандыру бойынша Үкімет алдына қойған міндеттерінің бірі. Мысалы, тамақ өнеркәсібі бойынша осыған дейін жүзеге асырылған инновациялық жобалардың арқасында аталған нарықтағы өсім былтыр төрт пайызды құраған. Ал биыл іске кіріскен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберіндегі қаржыландыру бойынша бұл көлемнің тағы арта түсері хақ.

827 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы