- Өндіріс
- 27 Мамыр, 2015
Оралдық Еуро-5 бензині нарыққа шығады
Идустрияландыру картасы аясында биыл БҚО-да экологиялық сыныбы Еуро-5 болатын бензин өндіру жобасы іске қосылады. «Жанданған» жоба аясында «Конденсат» компаниясы жоғары сапалы аутокөлік отынымен облыс қажетін және көршілес Ақтөбе өңірін қажетінше қамтиды.
Құны 29,5 млрд. теңгені құрайтын бұл жобаны «Конденсат» АҚ жүзеге асырмақшы.
Компанияға қарасты зауыт қайта жаңғыртылуда. Кәсіпорын 1998 жылы Елбасының қатысуымен ашылған болатын. Басында Қарашығанақ кенішінен алынатын газ конденсатын тұрақтандырумен айналысып, соңынан жанармай және мазут өндіруді қолға алған өндіріс ошағы дизельді отынды ішкі нарыққа, өзге өнімдерін экспортқа жөнелтеді.
Еуразиялық экономикалық одақ Еуро-4, Еуро-5 талаптарына сай келетін бензин өндіруді міндеттегеннен кейін жағдай да өзгерді. Осыған орай зауыт жоғары сапалы бензин өндіруді мақсат етіп отыр.
Жобамыз маңызды, республикалық индустриаландыру картасына енгізілген. Жобаны жүзеге асыруға шетелдіктер тартылды. Бас жобалаушы – «Северодонецкий ОРГХИМ» компаниясының қазақстандық филиалы. Құрал-жабдықтарды жеткізумен «Ventech Engineers» атты американдық компания және бірқатар ресейлік кәсіпорындар айналысуда. Ресейдегі Волжск көмірсутегі шикізаты бойынша ғылыми зерттеу институтының (ВНИУС) мамандары зауытта мұнай өнімдерінен күкірт алу технологиясын енгізбекші. Соның арқасында жанармайдағы күкірт құрамы бойынша Еуро-5 стандартына сәйкес болады. Жалпы көптеген жұмыс көлемі қазақстандықтардың күшімен атқарылуда.
Бұл жобаның жаңалығы сол, оны жүзеге асыру үшін ұлыбританиялық «UOP LIMITED» компаниясынан бензинді изомеризациялау технологиясын пайдалануға лицензия алынды. Ол бензиннің молекулалық құрамын өзгертуге мүмкіндік беретін күрделі технология, яғни өнімнің октандық саны химиялық-термиялық жолмен көбеймек. Егер жобаны Нельсон коэффициенті бойынша бағаласақ, жаңғыртудан кейін зауыттағы өндіріс коэффициенті 5,5 есе жоғары болмақ, – дейді «Конденсат» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов.
Жаңа өндірістің жобалық қуаты бойынша жылына 220 мың тонна АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин өндіріледі. Зауыт АИ-98 бензинін де шығара алады, дегенмен көпшіліктің сұранысына ие өнімге бағыт ұсталады. Мұнда бұдан басқа 200 мың тонна К5 сыныпты дизель отынын, сонымен қатар вакуумды газойль мен гудрон шығарылады. Газойль шетелге кетсе, гудрон битум өндіретін таяу маңдағы қазақстандық зауыттарға жіберіледі.
Жоба жүзеге асқаннан кейін зауыт жоғары сапалы автомобиль отынымен облыс қажетін түгелдей, көршілес Ақтөбенің сұранысын 50 пайызға дейін өтей алады. Одан өзге Ресейдің көршілес аймақтарына өнім шығару жоспары қарастырылған. Еліміздегі Павлодар, Шымкент, Атырауда үш ірі мұнай өңдеу зауыты мұнай өнімдерімен ішкі қажеттіліктің 80 пайызын өтейді. Қалғанын ресейлік және аз бөлігін қытайлық өндірушілер толтырады. Ең басты мақсат – отандық өнім тапшылығын қысқарту. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртуды 2016-2017 жылдары аяқтайды, ал оралдық зауыт биыл қайта жаңғыртуды аяқтауды көздеп отыр.
Жаңғырту жұмыстарынан кейін зауыттың жұмысшылары 70 адамға көбейеді. Жұмысқа жергілікті мамандар тартылады. Олардың алды оқып, сынақтан өтіп үлгерген.
Гүланар ШАҢГЕРЕЙ,
Батыс Қазақстан облысы

491 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *