• Бизнес & Қоғам
  • 26 Қаңтар, 2012

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Сенім білдірілген үкімет жұмысқа кірісті Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өтті. Онда Үкімет басшысы өткен бес жылда өзіне бірнеше рет сенім көрсеткен Парламентке алғысын білдірді. Үкіметтегі және оған қарасты ведомстволардағы ауыс-түйістердің аяқталғанын хабарлаған Кәрім Мәсімов жаңадан тағайындалған кабинет мүшелерімен таныстырып, олардың жұмысына жеміс тіледі.

Бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының отырысында жаңадан сайланған Мәжіліс Мәсімов үкіметіне сенім білдірді. Рәсімге орай сөз алған депутат Виктор Рогалев «соңғы бес жыл ішінде Кәрім Мәсімов бастаған үкімет жедел әрі ұтымды әрекет етудің нәтижесінде еліміз әлемдік қаржы дағдарысынан аман-есен өткендігіне» тоқталды. Депутаттың айтуынша, Еуропа елдері өз бюджеттеріндегі шығынды қысқартып жатқанда, үкімет Елбасының тапсырмасын бұлжытпай орындады және жалақыны үш рет көтеріп, әлеуметтік төлемдерді ұлғайтты, тіпті бірде-бір әлеуметтік бағдарламаны қысқартқан жоқ. Біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Бүгінде жан басына шаққандағы ІЖӨ 11 мыңнан астам АҚШ долларын құрайды. Жиынтық халықаралық резервтер 75 миллиард АҚШ долларынан асып түсіп отыр. «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесі бюросының жақындағы отырысында Мемлекет басшысы үкімет жұмысына оң баға берді, деді В. Рогалев. Сенім білдіру мәселесін ұсынысқа сәйкес бірден дауысқа салудың нәтижесінде қатысып отырған 105 депутаттың 92-сі қолдап дауыс берсе, 5 депутат қарсы, ал 8-і қалыс қалды. Осылайша палата Кәрім Мәсімов бастаған үкіметке сенім білдірді.

Өз кезегінде Үкімет басшысы депутаттар алдында қысқаша сөз сөйлеп, сенім артқаны үшін ризашылығын жеткізді және алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасайтындықтарына сенімді екенін мәлімдеді. «Сіздердің сенімдеріңіз – елді жаңартудың Президенттік бағытын орындауға берілген жаңа мандат. Үкімет мүшелері үшін және ең алдымен мен үшін, бұл – үлкен құрмет және үлкен жауапкершілік. Бізді Елбасы алдымызға қойған үлкен және жауапты міндеттер күтіп тұр және біз оларды атқаруға міндеттіміз. Елбасының Стратегиялық жоспары – жасампаздық жоспары», – деді ол.

Сонымен Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен жаңарған құрамдағы үкіметтің алғашқы отырысында үкімет басшысының орынбасарлары атқаратын міндеттер белгіленді. «Сіздерді жұмысымыздың жаңа кезеңінің басталуымен құттықтаймын! Бес жылда Парламент депутаттары біздің министрлер кабинетіне бірнеше рет сенім білдірді. Мен осы сенім үшін үкіметтің барлық мүшелеріне, әкімдерге, барлық мемлекеттік органдар басшылары мен қызметкерлеріне тағы да алғыс айтамын. Өйткені бұл біздің бірігіп атқарған нәтижелі жұмысымыздың жемісі», – деп отырысты бастаған үкімет басшысы Елбасының Жарлығымен Байланыс және ақпарат, сондай-ақ Көлік және коммуникациялар министрліктерінің құрылымы өзгертілгендігіне тоқталды. Атап айтсақ, Мәдениет министрлігі «Мәдениет және ақпарат министрлігі» ретінде қайта құрылды. Айта кетейік, 2010 жылдың 12 наурызында Президент Жарлығына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет министрлігіне өзгертіліп, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің орнына Байланыс және ақпарат министрлігі құрылған болатын. Бұл жаһандану дәуіріндегі ақпараттық-идеологиялық бәсекелестікте сырт қалмау үшін ақпараттық-коммуникациялық саланы дәстүрлі және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыста дамыту қажеттігінен туған уақыт талабы еді. Министрлік бұл міндет үдесінен шықты: мемлекеттік арналар озық технологиялармен жарақтандырылып, Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа телерадиокешенге көшті. Қазақ газеттерінің ғаламтордағы электрондық нұсқалары дамытылып, бір порталға біріктірілді.

Жаңа уақыттың талаптарына сай енді Мәдениет және ақпарат министрлігі қайта қалпына келтірілді. Бұл кезінде Мәдениет министрлігіне жүктелген тілдерді дамытудың онжылдық бағдарламасын енді идеологиялық басты қару – бұқаралық ақпарат құралдарының одан әрі дамуымен тығыз байланыста жүзеге асыруға жол ашады. Сондай-ақ ел ішінде алаңдаушылық туғызған соңғы оқиғалар ынтымақ-бірлікті нығайтуға, ұлтаралық келісім мен татулық, толеранттылық мәселелеріне баса көңіл бөлу қажеттігін көрсетті. Мәдениет пен ақпарат алдындағы жаңа кезең міндеттері осыған дейін Президент әкімшілігінде ішкі саясатқа, ұлтаралық және дінаралық келісім мәселелеріне жауап берген белді тұлға – Дархан Мыңбайға жүктеліп отыр.

Ал Байланыс және ақпарат министрлігі толық жойылып, оның ақпарат, мұрағат ісі және құжаттама саласындағы құзырет-өкілдіктері Мәдениет министрлігіне, ал байланыс, ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қызметін үйлестіру саласындағы міндеттері мен өкілеттіктері Көлік және коммуникациялар министрлігіне өтті.

Енді кімнің неге жауап беретіндігіне келсек, премьер-министрдің бірінші орынбасары, бұған дейін Қарағанды облысын басқарған Серік Ахметовке экономиканы ағымдағы басқару және өңірлік саясат пен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру міндеттері жүктелді. Бұған қоса ол өнеркәсіп, электр энергетикасы, туризм, алтын өнеркәсібі, қазақстандық үлесті дамыту мәселелеріне жауап береді. Сонымен қатар үкімет басшысының бірінші орынбасарына агроөнеркәсіптік кешен, жер ресурстарын басқару, табиғи ресурстарды пайдалану, ғарыш қызметі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, көлік инфрақұрылымы мен логистикасын дамыту, төтенше жағдайлар, қорғаныс өнеркәсібі салалары үшін де жауапкершілік жүктеледі.

Ал вице-премьер Ербол Орынбаев білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, әлеуметтік әріптестік, мәдениет пен спорт, шағын және орта бизнесті дамыту, бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы іс-қимылды үйлестіру, әкімшілік реформасын жүзеге асыру мәселелері үшін жауапты. Сондай-ақ оған салық және кедендік мәселелерді қоса алғанда, бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді шектеу, Бүкіләлемдік банкпен бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісін үйлестіру, Еуропалық комиссиямен, Қазақстандағы америкалық сауда палатасымен ынтымақтастық және «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелерін қадағалау міндеттері жүктелді. Сондай-ақ премьер-министр кеңсесінің басшысы Ғабидолла Абдрахимов мен Ербол Орынбаев басымдықтардың негізінде әзірленген жаңа меморандумдарды әзірлеуі тиіс. Ол құжаттар алдағы аптада басталатын мемлекеттік органдардың алқа мәжілістерінде рәсімделеді.

Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетовке макроэкономикалық бюджеттік саясат, мемлекеттік активтерді басқару, қаржы секторы, салық және кеден саясаты, мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестікті дамыту, концессия мәселелері, табиғи монополияны реттеу, сауда және тарифтік саясат, бәсекелестікті дамыту, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру, Елбасының «Еуразиялық одақ» идеясынан тамыр жайған жобалардың жұмысын үйлестіру – ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ынтымақтастық мәселелері жүктелді.

Кәрім Мәсімов мемлекеттік органдағы тағайындау жұмыстарының аяқталып қалғандығын айтып, енді Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындауға жұмылатындықтарын жеткізді. Оның ішінде жалпы барлық үкімет мүшелеріне Қазақстан көшбасшысының 2015 жылға дейін ел экономикасын «жеті пайыздап» өсіру міндетін орындау жүктелетіндігін мәлімдеді. «Біз қазір жаһандық экономикалық-қаржылық дағдарыстың кезекті толқынының алдында тұрмыз. Оның ықтималдылығын еуроаймақтағы қаржылық сектордың тұрақсыздығы айғақтайды. Оған қарамастан, біз жүктелген міндетті іске асыруымыз қажет, сондықтан сіздер біздің қызметімізді үйлестіруге тиіссіздер», – деген үкімет басшысы өз орынбасарларына әлемдік экономикадағы жағдайды ескере отырып, басты басымдықтарды айқындап алуды тапсырды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Қазақстанның алдында жаһандық әлем мен жаһандық экономика күштеп таңып отырған жаңа ұлан-асыр күрделі міндеттер тұр. Оларды еңсеру де оңай болмайды. ...Барлық кедергілерге қарамастан, біз өзіміз таңдаған адамдардың жақсы өмірі үшін елді жаңғырту бағытын одан әрі жалғастырамыз. ХХІ ғасырда тек күшті мемлекеттер ғана табысты дами алады. Таяудағы 5 жылда Қазақстанның жаңарған Парламенті елдің болашағы үшін, қоғамның тұрақтылығы мен оның жан-жақты жаңғыруы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті саяси күш бола алады деп сенемін. Қазақстанды қазіргіден де күштірек, тұрақтырақ және мықтырақ мемлекет жасау – сіздердің қолдарыңызда. Және біздің бәріміз осы жолда жұмыс істейтін боламыз.

(Бесінші шақырылған ҚР Парламенті бірінші сессиясының

ашылуында сөйлеген сөзінен).

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы