• Өндіріс
  • 25 Маусым, 2015

Тоқ өткізгіштер зауыты салынады

Мұнда болашақта 8ОО-ге жуық адам жұмыс істейтін болады

Елімізде биыл мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инно­вация­лық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы басталды. Бұл бесжылдық аясында Қазақстан бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады. Солардың бірі – Алматы кабельдік-өткізгіш зауыты. Ол оқшаулағышы тігілген полиэтиленнен тұратын, кернеулігі 220 кВт. арналған энергия тиімділігі өте жоғары, экологиялық жағынан таза отандық кабельдік өнімдер шығаратын болады.

– Қазақстанның мыс компаниясы – КМК холдингі республика нарығында 15 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бұл бірінші кезекте коммерциялық компания. Жалпы біздің холдинг бірнеше бағытта жұмыс істейді. 
Солардың негізгілерін айтар болсам, бірінші кезекте бұл – мыс  өндірісі және кабель өнімдерін шығару. Бұл бағытта өзіміздің ғылыми-зерттеу институтымыз бар. Тағы бір негізгі бағыттардың бірі – ол құрылыс саласы, – дейді аталған жобаның авторы «KMK Investment» ЖШС бас директоры Кирилл Польский.
Серіктестік басшысының айтуынша, олардың бүкіл жұмысы электр саласымен тығыз байланысты. Өйткені, электр қуаты өркениеттің негізгі көздерінің біріне айналды. Бұл жерде электр қуатын жеткізу жұмысы үлкен маңызға ие. Сондықтан да білікті басшы  өздеріне өте жоғары сапалы тоқ өткізгіштер керек деп есептейді. Оның себебі: олар 2013 жылдан бастап, жоғары сапалы кабельдік-өткізгіш өнімдерін өндіру жобасын мықтап қолға алып, оны Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізген еді.
– Біздің зауыт Алатау ауданындағы индустрияландыру аймағында бой көтеретін болады, – дейді Кирилл Польский. – Мен бұл жобаны ҚР Энергетика министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінде өзім қорғап шықтым. Сөйтіп, бізге индустрияландыру аймағынан 7,5 гектар жер берілді. Биыл құрылыс жұмыстары басталады. Бұған дейін бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілді. Біздің учаскеміз темір жол желісіне жақын. Ол жерде кең көлемде жүк тасымалдау жүйесі жұмыс істейтін болады. Шикізаттар жеткізіледі. Оның үстіне өндірілетін өнімнің 60 пайызы экспортқа шығарылады. Мұнда негізгі цехтар кабельдік-өткізгіш өнімдерін өндіруге арналады. Олардың аумағы 22 000 шаршы метрді құрайды. Мысалы, алюминий және мыс орамдарын (катанка) шығаратын екі цех жұмыс істейді. Яғни, шикізатты өзіміз өндіреміз. Кейін олардан дайын өнімдер жасап шығарамыз. Сонымен қатар, өндіріс үдерісіне қажетті әртүрлі қоймалар, зауыт басқармасы ғимараты және темір жол желісі салынады. 
КМК басшысының айтуыша, Қазақстанда оншақты, ал Ресейде 150-ге жуық кабельдік-өткізгіш зауыттары жұмыс істейді. 2008 жылғы дағдарыстан кейін көптеген зауыттар банкротқа ұшырап, меншік иелері ауыстырылды. Бір қатары банктердің қарамағына өтіп  кетті. Оларға түсер тапсырыстар азайды. Өйткені, нарықтық жағдай тұтынушы үшін едәуір тиімді екені белгілі. Қаласа, шетелдік арзан өнімдерді сатып ала салады. Бүгінде өндіруші емес, тапсырыс беруші шарт қоятын болған. Өйткені, тапсырыс беруші қаржысын барынша үндемдеуге тырысады. Соның салдарынан ниеті бұзық өндірушілер пайда болады. Олар сапасы төмен, арзан өнімдер шығара бастайды. Демек, бұл адам үшін, табиғат үшін қауіпті өнімдер деген сөз. Тағы бір айта кетер жәйт, нарықтық жағдайда бұл салада мемлекеттік стандарттар ескеріле бермейді. Олар бар болса да, Қазақстанда да, Ресейде де жұмыс істемейді. Тек қана техникалық шарттар ғана ескеріледі. 
Болашақ кабельдік өткізгіш зауытты үлкен комбинат деп те көзге елестетуге болады. Онда бір емес, бірнеше цехтар, яғни, зауыттар болады деген есеп бар.  Мыс және алюминий орамын шығаратын, пластификатор, орауыштар және ең бастысы – кернеулігі 220 кВт-қа дейін баратын, оқшаулағышы тігілген полиэтиленнен тұратын, экологиялық жағынан таза, заманауи кабельдік-өткізгіш өнімдерін шығаратын зауыттар  болады.  Барлығы – 6 зауыт. Әрқайсысының технологиясы әртүрлі. Бұл кешен­нің құрылысы 2015 жылы басталып, оны 2019-2020 жылдарға қарай аяқтау міндеті қойылды. Ал, оның ал­ғашқы  цехы 2016 жылы іске қосылады деген меже бар.
Жоспар бойынша болашақ алып зауытта екі ауысымда 550 жұмысшы істейтін болады. Ал үш ауысымда, яғни, тәулік бойы жұмыс жүретін болса, онда 780 жұмыс орны ашылады. Жалпы мұнда  жылына шамамен 20 мың тонна өнім өндіру мүмкіндігі туады. Яғни бұл инновациялық жаңа өнімінің нақты көлемін айқындайды.

Ибрагим Бекмаханұлы

732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы