• Өндіріс
  • 10 Шілде, 2015

Өндірісі үздіксіз, істері ілкімді мехзауыт

Ақ Жайық өңіріндегі байырғы көпсалалы кәсіпорын – «Орал механикалық зауыты» ЖШС өндірісті дамытудың өзіндік бағдарламасын жасап, соны іске асырудың арқасында өндіріс орнын жаңартты. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-турда осы зауыттың тыныс-тірлігімен жақынырақ таныстық.

Сапаға мән берген ұтады


Зауыт Минск мотор зауытының  қозғалтқыш-тарымен жұмыс істейтін «Беларусь» тракторларының түрлі модификацияларына, ЗИЛ, ГАЗ автокөліктеріне, ПАЗ автобустарына  және өзге де арнайы техникаға иінді білік шығарады. Мұндай қосалқы бөлшекті елімізде тек осы өндіріс орны ғана өндіреді. Серіктестік директорының бірінші орынбасары Анатолий Смирновтың айтуынша, конвейерден шыққан өнімнің 90 пайызы Ресейге, Белоруссияға және алыс шетелдерге, Египет, Вьетнам, Пәкістан сықылды елдерге  экспортқа шығарылады. Сонымен қатар иінді білік ел аумағында да өткізіледі. Мұндағы өндіріс үрдісі үздіксіз, өнім шығару жоспарлы жүреді.
Бәсекелестік ортада өнімнің сапасына мән берген ғана ұтады. Бұл – аксиома. Компания бұл мәселе бойынша тұрақты жұмыстануда.  Биыл наурыз айында кәсіпорын өзінің сауда белгісін жаңартып, мемлекеттік тізілімде тіркелді. Біз болған иінді білік өндірісі цехында иінді біліктер салынатын қорапшалардың сыртына сауда белгісі салынғанын көзміз шалды.  Зауыттың барлық өнімдері отандық өндіріс өнімдері ретінде қазақстандық kz сапа жүйесі сертификаттарына ие. ИСО 9001:2008 халықаралық стандарттары талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі енгізілген. 
–Минск трактор зауыты трактор шығаратын әлемдегі іргелі бес компанияның бірінен саналады. Мұндай іргелі кәсіпорында қосалқы бөлшекке деген сұраныс әр кез жоғары. Елімізде шығарылатын «Беларусь» тракторы барлық техникалық талаптарға сай ілгері дамытылуда. Соған орай 2013 жылдан бастап иінді біліктің әдеттегіден өзгеше жаңа үш түрін шығаруды бастадық. Тек тракторға емес, жүк көліктеріне, экскаваторларға және өзге техникаға арналған иінді білік түрлері өндірілуде. Бұл бағытта көштен қалған жоқпыз.  Өкініштісі, қазақстандық қосалқы бөлшектерді тұтынушылар Қытайдың арзан әрі сенімсіз иінді білігіне иек артып отыр. Нарықтық қатынастар тұсында оларды сөгуге болмас. Бірақ осындай жағдайға қарамастан біз ішкі нарықтағы орнымызды алу үшін ізденудеміз, – деді Анатолий Смирнов.

Бір ауысымда 40 иінді білік

Иінді білік өндірісі цехында болғанымызда шлифовщица болып істейтін Нина Говорухинамен тілдесудің сәті түсті. Әдетте өндіріс ошағындағы әйелдер жеңіл-желпі жұмыстарды атқаратын, Нина Петровна болса, ер азамат әріптестерімен қатар станокта иінді білікті өңдейді. Зауытқа бойжеткен кезінде келген ол қолы-қолына жұқпай, шапшаң қимылдайды.
–    Биыл мұндай жұмыс істегеніме 40 жыл толды. Жалақымыз тұрақты. Бір ауысымда 40 дана иінді білік жасаймыз. Аздап шаршаймын, биыл зейнет жасына толамын. Біздің жұмысқа ұқыптылық керек. Тапсырыстар бар, Есен Алғалиұлы ұзағырақ басшылықта істесе екен деп тілеуін тілеп жүреміз, – деп күлді Нина Говорухина. Оған жалғас станокта тұрған Анатолий Ландграфтың зауытқа жұмысқа тұрғанына екінші айдың жүзі болыпты. Бұрын «Омега» зауытында істеген жас жұмысшы жаңа әріптестерімен тез тіл табысқан. Мұндағы жалақысының отбасын асырауға жететінін айтады. 
«Орал механикалық зауыты» ЖШС жылына 10 мың дана иінді білік өндіреді. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында өнім өткізуде  еш іркіліс жоқ. Салмақты менеджментке, жоғары сапаға иек артқан кәсіпорын өзінің өлшем-биігіне сай қимылдап, тірлік етуде. 
– Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы компанияға оң әсерін тигізді. Өйткені біз  өзімізге қажетті шикізаттың 80-90 пайызын Ресейден алып, өнімін бірыңғай одақ кеңістігінде өткіземіз. Сондықтан экономикалық одақ жағдайында кедендік рәсімдеуден құтылып, тауардың, жүктің, қаржы-қаражаттың кедергісіз жылжуына қол жеткіздік. Әріптестерімізбен арадағы іскерлік байланыс қолайлы бола түсті, – деді А. Смирнов. 

Механикалық өңдеудің 
барлық түрін ұсынады

Кәсіпорын мықты әлеуетімен, мамандарының жоғары біліктілігімен жаңа өнім түрлерін шығаруға қабілетті.  Бүгінде құрылыс материалдары мен бұйымдарын, соның ішінде қабырғалық кірпішті, тақтатас түрлерін, жол жиегіне арналған тас түрлерін,  мырышталған қабырғалық, қаптама, төбе жабын материалдары өндіріледі. Пластикалық терезе, бетонды мрамор өндірістері де жолға қойылған.  Соңғы 5-6 жыл көлемінде зауыт мұнайгаз кәсіпшілігі (промысловой) өндірісі мен  бұрғылау құрал-жабдығын жөндеу жұмыстарын, оған қоса олардың қосалқы бөлшектерін шығаруды игерді. Сонымен қатар зауыттың бес цехының бірі – жөндеу-инструменталды цехы әмбебап жабдықтармен жабдықталған. Заманауи жабдықтардың көмегімен механикалық өңдеу жұмыстарының барлық түрлері, соның ішінде үлкен көлемді бөлшектерді өңдеу жұмыстары атқарылады. 
– Еңбек өтіліме  20 жыл. Бұрын «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да істедім, мұнда келгеніме бір ай толды. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған, тамақ ішетін, киінетін, жуынатын орындарымыз таза, ыңғайлы. Жұмысымыз сағат 8.00-ден кешкі 5-ке дейін, сенбі, жексенбі күндері демаламыз. Жағдаймыз жақсы, – деді  фрезеровщик Үсен Нұрқашев. 
Цехта коммуналдық қызмет саласының, мұнайгаз саласының жабдықтары жөнделеді. Кәсіпорын мұнай­газ саласындағы бірқатар қазақстандық компаниялар­мен әріптестік  байланыс орнатқан. Өкініштісі, іргедегі «ҚПО б.в.» компаниясының тізілімінде әлеуетті қызмет көрсетуші, жеткізуші ретінде тіркелгенмен альянс жер­гілікті зауытпен байланыс орнатуға құлық танытпай отыр. Біз цехтың жұмысымен танысу барысын­да жұмысшылардың Атырау облысындағы жылу желі­сінің жабдықтарын жөндеп жатқанын сұрап білдік.  «Атыраудағы жылумен, ыстық сумен қамтитын жаб­дық­тардың барлық бөлшектері оралдық зауытта жөн­деледі. Ал жергілікті «Жайықжылуқуат» кәсіпорны біз­бен әріптес болуды қажетсінбейді», – деді А. Смирнов. 

Машина жасаудың иірімі көп 

Бүгінде зауытта 140 адам еңбек етеді. Бір қызығы, соңғы жылдары  зауытта ешкім жұмыстан қысқарған емес. Жұмысшылар ақысыз демалысқа кету дегенді білмейді, өйткені мұнда жұмыс бір ауысымды және жыл бойы тұрақты. Қайта өндірісті оңтайландыру, адамның қатысынсыз технологияны енгізу үрдістері басым. Кәсіпорын басшылығының айтуынша,  өндіріс үрдісін жаңаша реттеу әдісі енгізілуде. Бұл әдіс бойынша бір жұмысшы екі немесе үш станоктағы жұмысты бір өзі атқарады. Қысқарту демекші, қайта зауытта барлық инфрақұрылымы тартылған бос ғимараттар бар. Инвесторлар тартып, сол орындарда бірлескен кәсіпорын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде. 
Мамандар машина жасаудың иірімі көп, аса күрделі шаруа екенін айтады. Өйткені осы цехтың өзінде бір мезгілде  жүздеген қосалқы бөлшек жасалады. Жай жасалмайды, ғылыми негізде, алдымен сызбалары сызылып, соның негізінде дәлме-дәл өлшеммен шығарылады. Жоғары технологиялы құрал-жабдық паркі бар  өндіріс орнына тапсырыс болмаса қиын тиетіні түсінікті. Зауыт басшылығы қаржылай көмек-қолдау сұрамайды,  мемлекеттен тек мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру жағын қараса дейді. Заман көшінен қалыс қалмай, заман тынысын сезінген мехзауыт өндіріс орнын жаңғырту, техникалық жағынан қайта жарақтандыру жұмыстарының барлығын серіктестік өз қаржысы есебінен жүргізді.
Мехзауыттықтар қол жеткен жетістіктеріне тоқмейілсіп отырған жоқ. Өнімнің жаңа түрлерін шығару, өндірілетін өнімдердің сапасын жақсарту, жаңа өндірістерді игеру, жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жоспарлы және жүйелі жүргізілуде. Сондықтан көпсалалы кәсіпорынның жаңа жоба-жоспарлары бары кәміл.  

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы