- Өндіріс
- 06 Тамыз, 2015
Әлемдік бәсекелестікте бәсін жібермеген

Еліміздегі қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу жайымен танысу үшін Батыс Қазақстан облысына іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянскиий, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко «Жастық» аргофирмасы» ЖШС-ның тыныс-тірлігімен танысты. Депутаттарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков бастап жүрді.
Халық қалаулылары алдымен Оралдағы Неусыпов көшесіндегі кәсіпорынның бұрынғы сүт өңдеу цехында болды.
Одан кейін олар №1 нан зауыты ауласындағы сүт зауытының жаңа цехын көріп, мамандармен әңгімелесті.
«Жастық» агрофирмасы» ЖШС өнім өндіруге қажетті шикізатты облыс орталығына іргелес Зеленов ауданына қарасты ауыл-аймақтан арнайы көлікпен тасымалдап алады. Кәсіпорында айран, кілегей, майлылығы 3,2 және 2,5% болатын сүт түрлері, балмұздақ, май-қаймақ, барлығы 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі. Жергілікті сүт өнімдерімен негізінен облыс орталығындағы жабық мекемелер, бала-бақшалар, мектептер қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар сауда орындарына да тапсырыспен жөнелтіледі. Қазір серіктестікте 50 адам жұмыс істейді. Сүт зауытының технологы Виктория Мұхамедғалиеваның айтуынша, қазіргі жұмыс істеп тұрған ескі цехта ай сайын 50 тонна май-қаймақ, 15 тонна қышқыл өнім түрлері өндіріледі. Аусымына өндірілетін сүт түрлерінің көлемі 2 тоннаны құрайды. Өнім көлемі тапсырыстардың түсу ыңғайына қарай реттеліп отырады екен.
Мәжіліс депутаттары жаңа цехты аралап көріп, жобаны іске асыруда «Агробизнес-2020» бағдарламасының көмек-қолдауы тиген-тимегенін сұрап білді. Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков түсінік берді. «Серіктестік бағдарламаға әлі қатыса қойған жоқ. Бірақ сүтті терең өңдеуге, яғни май жасау жобасын іске асыру үшін көмек алуға ниетті. Облыс бойынша «Каверин», «Береке» сықылды сүт өңдеуші кәсіпорындар бағдарламаға қатысуда. Мысалға, биылғы жылдың осы айында «Каверин» кәсіпорны 13 миллион теңге демеуқаржы алды, сүттің литрі 21 теңгеден өтелді. Бұл жаман ба?!» – деді Марат Кенжетайұлы «Жастық» ЖШС-ның мамандарына қарата. Депутат Виктор Киянскиий Ақсай қаласындағы даниялық технологиялы сүт зауытының жайын сұрап, оның жұмыс істемейтінін, саттыққа шығарылғанын естіді. «Онда сүт өнімдерін өңдеп, өнімнің небір түрлерін шығаруға болатын еді. Басты түйткіл шикізаттың жоқтығында болды. Сол жағдай қайталанып жүрмей ме?» деген алаңдаушылығын да білдірді. Бұған сүт өңдеуші компанияның құрылтайшысы Хамзат Исаев өндіріс орнын шикізатпен қамтуға қатысты тұрақты байланыс орнағанына 10 жылдың жүзі болғанын алға тартты. Сондай-ақ, депутат сүтті мал табыны, шұрайлы жайылым, сүт өңдейтін зауыт сықылды өзара байланысты тұрақты жүйе қалыптастыру мәселесін қозғады. «Жүйелі сапалы сүтпен қамтитын табынның, сүтті малға қажетті мол жемшөп қорының болмауы ертең несиеге берілген мемлекет қаржысын кері қайтаруда қиындықтар тудырмай ма? Сүт зауыттарын салуын салып алып, Дүниежүзілік сауда ұйымы жағдайында сырттан ағылған өнімдермен бәсекелестікте жергілікті сүтті ішетін тұтынушы таппай қалып жүрмейміз бе?» – деген ойын ортаға салды В.Киянскиий. Марат Кенжетайұлының айтуынша, облыста Қ.Ашығалиевтің шаруашылығында ғана мұндай жүйе қалыптасқан. «Өңірде 635 мың тұрғын бар десек, жылына 300 мың тонна сүт пайдаланылады. Қазіргі сүт өндірісінің көлемі бұдан әлдеқайда аз, сондықтан импорттық өнім нарықта басым. Облыс орталығына іргелес ауыл-аймақтағы сүтті мал ұстайтын ұсақ шаруашлықтарға да, жеке шаруашылықтарға да сүтті қалаға өздері тасымай, бұларға өткізгендері тиімді. Сондықтан жайылымы, табыны болмаса да, сүт өңдейтін мұндай орта кәсіпорынның болғаны дұрыс», – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М.Оңғарбеков сүт өткізудің ветеринарлық қауіпсіздігі жайында сөз етті. Осы арада Мәжіліс депутаты Самиғолла Оразов еліміз ДСҰ-ға мүше болып кірген кезде, кәсіпорындағы өндіріс көлемінің өсуіне орай өнімді өткізу жайын қазірден ойластыру қажеттігін еске салды.
Хамзат Исаевтың айтуынша, зауытта өндірілген сүт және сүт өнімдерінің сауда орындарында өтпей жатып қалу қаупі жоқ. Өйткені өнімді сан қуалап емес, сапалы етіп сұраныс көлеміне қарай шығару жолға қойылған. Жыл санап сапалы әрі табиғи өнімдерге өз өңірімізде сұраныс өсіп келеді. Дегенмен әлі де ізденіс керек. Марат Оңғарбековтың айтуынша, кәсіпорынға маркетингті дамыту, өз өнімдерін тұтынушыларға тереңірек таныстырып, жарнамалау қажеттігі айқын сезіледі.
– Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кірген кезде өнім-тауарларымыз бәесекелестікке дайын болуы керек. Отандық өнімдер сырттан өнімдер ағыны артқан тұста мемлекеттік көмек-қолдаудың арқасында тұтынушыға қолжетімді болуы тиіс. Біріншіден, өнімнің сапасы, екіншіден, қолжетімді баға басты мәселе болары сөзсіз. Осы мәселелер іске асырылса ғана, отандық өнімдер бәсекелестікте бәсін жібермейді. Мұндай шаруалар жасалмаса, кәсіпорындарға қиын тиюі мүмкін. Бұл тек сүт өңдеу мәселесіне қатысты емес. Бүгінде асыл тұқымды мал өсіру үшін Үкімет демеуқаржы төлейді. Шаруашылықта 600 бас асыл тұқымды мал болса, соны өсіруге жұмсалған шығынның 50 %-ын мемлекет өтейді. Тек шаруашылықтың құжаттары дұрыс дайындалуы керек. Өзге салаларда да, мысалға, ет, сүт өңдейтін кешендердің салынуына жұмсалған шығынның жартысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Міне, осындай шаралар арқылы отандық өндірісшілерге қолдау көрсетілуде, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов журналистерге берген сұхбатында.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

522 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *