• Өндіріс
  • 06 Тамыз, 2015

АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЛОКОМОТИВІ

Сыр өңірінде болашақ ферроқорытпа зауытының жаңа жобасы мақұлданды

Қызылорда «Ферроқорытпа зауытының құрылысы» жобасы болашақта аймақ экономикасының локомотивіне айналғалы отыр.

Үстіміздегі жылдың шілде айының екінші жартысында облыс әкімдігінде «Кешенді қорытпа шығаратын ферроқорытпа зауытының құрылысы» жобасының қоршаған ортаға әсер етуінің алдын ала бағалау жайында қоғамдық тыңдау өткен еді. Мұндай нәтиже  сондағы жиынның қорытындысымен белгілі болды.
Қазіргі кезде «Байқоңыр» ӘКК «Қуаттылығы 162 мың тонна төмен алюминийлі ферросилиций шығаратын ферроқорытпа зауыты» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындады. Жоғарыда айтылған қоғамдық тыңдауда жергілікті ғалымдар мен республикалық ұлттық орталықтан шақырылған мамандар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің басты көрсеткіштеріне арнайы тоқталып, оны тың пікірлермен байытты.
Жобаға «ҚР минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу Ұлттық орталығы» атсалысып отыр. Бұл орталық бұрын Ақтөбе, Ақсу, Павлодар, Екібастұз және Тараз қалаларындағы зауыттардың құрылыс жобаларына қатысқан болатын. Ұлттық орталық бүгінде Қырғызстанда тағы бір зауыт салуға қол ұшын бермек.
– Қызылорда зауыты өнім берген кезде өте сапалы болат қорытпасын береді. Өйткені құрамында 0,2 пайыз ғана құрайтын алюминий, болат темірдің жоғары сапасына айналады. Қазіргі кезде мұндай жоғары сапалы болатты еліміз Франциядан алып жатыр», – дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Мыңжасар Айсауытов.
Жаңа зауыттың болашағы үлкен. Оған ға­лымдардың да көзі жетіп отыр. Атап айтқанда, Ұлттық орталық бөлімшесінің лаборатория жетекшісі Әсем Тахамбетованың айтуынша, зауыт іске қосылған кезде шикізатты сырттан тасымайды, қажетіне жарайтын шикізат өнімдері аймақтың химиялық элементтерімен-ақ толығады. Сонымен қатар, зауыт мұржасынан шығатын шаң және газға арналған өте қуатты әрі қолайлы фильтр қаралып отырғанын жеткізді. Ол 99,9 пайызға жұмыс істейді және қалдық газды жылу энергиясына айналдыруға болады.
Пікірлер тоғысы пайдалылығымен ерекше. Ғалымдардың айтуынша, дала қосында қалған күріш сабаны да көп кәдеге жарайды екен. Яғни, өңделген сабаннан кремний көмірқышқылы мен алюминийдің аз мөлшері шығады. Ал егер өндіріске салса таза ферросилицийге қол жеткізуге болады.
Қоғамдық тыңдау қорытындысымен «Ферро-қорытпа зауыты» жобасы бойынша қоршаған ортаға әсер етуінің алдын ала бағалауының нәтижесі бойынша хаттамаға қол қойылды.
Жиын қорытындысының нәтижесі аталған жобаның өміршеңдігін дәлелдеді. Аймақта бұл жоба толық іске асқан жағдайда оның облыс экономикасына оң әсерін тигізетіні күмәнсіз. Ең бастысы, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық көлемі едәуір артатын болады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер туады. Бұл облыс тұрғындары үшін – үлкен жағымды жаңалық. Зауыт салынып, іске қосылған жағдайда облыста 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.
Бұл – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан аймақ экономикасын әртараптандыру, оның ішінде ме­таллургиялық кластерді қалыптастырудағы ал­ғашқы ірі нәтижелердің бірі. Негізінен меттал­лургиялық кластер Қазақстанның жаңа тау-кен металлургиялық орталықтың қозғалтқыш күші ретінде Қызылорда облысын жасақтауға және сирек кездесетін металдарды экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндігін береді.
Бүгінде «Ферроқорытпа зауыты» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, құрылыс жұмыстары басталмақшы. Кәсіпорын құрылысы үшін бұрынғы ЦКЗ орнынан және Қызылорда ТЭЦ-не қарасты аймақтан 50 гектар жер учаскесі бөлінген.

Ибрагим бекмаханұлы

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы