• Өндіріс
  • 12 Тамыз, 2015

ЖАҢА КОМБИНАТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Мұнда жиһаз жасайтын қайың ағашы өңделеді

 

Павлодар облысының Железинка ауданында ағаш өңдейтін жаңа комбинат іске қосылды. Кәсіпорынның бір ерекшелігі, ол тек қайың ағашын өңдеуге бағытталған. 

Өндіріс басшылығы мұның жиһаз жасауға таптырмас құнды материал екенін айтады. Оны өңдеу ісі бас­қа ағаштардан күрделірек. Бірақ, тиімділігі зор. Жаңа ком­бинаттың жұмысына тек ауыл азаматтары тартылған. Олар аса мұқият болуға тырысады. Өйткені қайыңды тілу зергердің ерекше шеберлігін талап етеді. 
– Әрбір тақтайдан жақсы материалды мейлінше көп алуға күш саламыз. Өйткені одан құнды дүниелер жасалады, – дейді  ағаш жонушы Гадан Кабулов. Бұл – істің көзін тапқан кісінің сөзі. Ағаш шеберлері бірінен-бірі асып түсуге құмар. Өйткені, еңбек бәсекесі бар жерде шеберлік ұштала түседі.
Ағаш өңдеушілер бір қайыңнан 30 пайыз ғана тауарлы материал алады. Қалғаны жарамсыз. Сондықтан маңызды шаруа ағаш тілетін цехта ең жаңа технологиялық желінің көмегімен атқарылады. Жиһаздың берік әрі көрікті болуы ағаш өңдеушінің шеберлігіне тікелей байланысты.
– Келешекте бұл цех конвейерлік цехқа ауысады. Өндірістің қуаттылығын арттырып, қайыңнан сапасы жоғары өнім алу үшін біз станоктардың сапасына көз жеткізуіміз керек, – дейді ағаш өңдеу комбинаты директорының орынбасары Қабыш Серікбаев.
Қайың өңдеу өңдірісі толығымен сыртқы нарыққа бағытталған. Әзірге Қазақстан бойынша бұл өнімге сұраныс жоқ көрінеді.
– Аққайыңды Ресейдің жиһаз жасайтын танымал компаниялары тұтынады. Беріктігі жағынан еменге дес бермейтін ағаштан баспалдақтар, әдемі сатылар мен түрлі жиһаздар жасалады, – дейді ағаш өңдеу комбинатының директоры Артур Данаян.
– Ағаш өңдеудің технологиясы аса ыждаһаттылықты талап етеді. Кептіруден соң дайын өнім тағы 10 пайызын жоғалтады. Бірақ өндіріске жарамаған қалдықтар далада қалмайды. Келешекте құрылыс материалдарын оның ішінде кірпіш, ағаш көмірін жасау ісін жолға қоямыз, – дейді өндіріс қожайындары.
Табиғи тепе-теңдік жойылмас үшін олар ағашы сиретілетін орманды қалпына келтіру жұмыстарымен қоса айналысады. Железинка ауданында шикізаттың мол қоры сақталған. Ал ағаш өңдеу комбинатының ашылуы шағын ауылдың тамырына қан жүгірткендей әсер берді. Қазіргі күні мұнда 37 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Ибрагим бекмаханұлы

615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы