• Қаржы
  • 20 Тамыз, 2015

ҮНЕМДЕЙ БІЛГЕН ҰТАДЫ

Әлемдік нарықтағы жағдай бүгінде тұрақсыз. Қысқа күнде қырық құбылып тұрған баға дүниежүзілік нарыққа негізінен шикізат өнімдерін шығаратын елдер үшін қиын соғып тұр.

Жалпы ішкі өнімінің басым бөлігін шикізат түріндегі жерасты қазба байлықтары – мұнай, уран, қара және түсті металдар құрайтын біздің еліміз үшін де созылмалы сипат алған жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында әлемдік нарықтағы баға құлдырауы қолайсыз болғаны рас.   
Осы ретте биыл жыл басында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «қатаң үнемдеу саясатына көшеміз» деп мәлімдеген болатын. Қазынаға қомақты қаржы түсіретін басты тауарымыз – мұнай бағасының былтыр күздің аяғын ала төмендеген қалпынан одан әрі құлдырауы биыл бюджет шығысын жүздеген миллиард теңгеге қысқартуға әкелді. Көл-көсір ақшаның кезінде алаңсыз болған ұлттық компанияларға етек-жеңді жиып, дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын құрып, қарекет ету тапсырылды. 
Осы тұрғыда әлемдік экономикада орын алған тұрақсыздық жағдайына байланысты қаржыны үнемдеу жөніндегі Елбасы тапсырмасының қалай орындалып жатқандығы туралы өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры – басқарма мүшесі Берік Бейсенғалиев баяндаған болатын. Ол атап өткендей, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес холдингте қаржыны үнемдеу бағытында үлкен жұмыс атқарылып, барлық еншілес бөлімшелердің даму жоспарлары қайта қарастырылды. «Нәтижесінде компаниялар тобы  бойынша ағымдағы шығыстар 405 млрд теңгеге қысқаратын болды. Жалпы әкімшілік шығыстар 55 млрд теңгеге, күрделі қаржы – 18 пайызға, яғни 235 млрд теңгеге қысқаруда. Соның ішінде инвестициялық бағдарлама бойынша кейбір жобалар уақытша тоқтатылады немесе белгілі бір уақытқа дейін кейінге шегеріледі. Олар жүзеге асырудың белсенді кезеңінде емес. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» компаниясы жанар-жағармай құю стансалары желісінің құрылысын кейінге қалдыруды шештік. Себебі, бұл жобаны тоқтата тұруға болады. Мұндай жобалардың құны шамамен 235 млрд теңгеге (барлық компаниялар тобы бойынша) жетіп отыр», – деді басқарушы директор.
Алайда холдинг бойынша үдемелі индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары, сондай-ақ «ЭКСПО – 2017» көрме кешені құрылысы аясындағы жобаларға қатысты қаржыландыру қысқартылмайтындығын нақтылап өтті.
«Самұрық-Қазынада» қолға алынған трансформациялау бағдарламасы аясында да салмақты өзгерістер қарастырылып отыр. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жобаларды көбінесе еншілес бөлімшелері арқылы жүзеге асырып келді және оларға корпоративті басқару қағидасы бойынша жетекшілік етті. Ал, қазіргі күні коммерциялық негіздегі алдыңғы қатарлы холдингтер үлгісімен жұмыс істеп,  жеке инвестициялық қоржынды әртараптандыруды белсенді жүргізу жоспарлануда. Негізінен экономиканың шикізаттық емес секторындағы жобаларды жүзеге асыру қарастырылып отыр.
– Осы жұмыстың аясында топтағы компаниялар санын екі есеге жуық қысқартуды жоспарлап отырмыз. Алайда, компаниялар санын қысқарту дегеніміз – адамдарды жұмыстан шығару дегенді білдірмейді, – деді Берік Бейсенғалиев.
Ол түсіндіріп өткендей, осы бағытта ауқымды шаралар атқарылатын болады. Салалық емес немесе нарыққа еркін жіберуге болатын жобалар айқындалады. Сосын олар нарықтық негізде саудаланып, әрі қарай жеке капиталдың басшылығымен жұмыстарын жалғастыра береді. 
Сонымен қатар, қордың дағдарысты еңсеру және қаржыны үнемдеу мақсатындағы іс-қимыл жоспарында басқару деңгейлерін қысқарту көзделген. Бүгінгі таңда холдингте тоғызға тарта басқару деңгейі бар. Әрине, осыншама деңгейлер арқылы басқару өте қиын болмағы түсінікті. Сондықтан басқару деңгейлерін кем дегенде төртке дейін қысқарту қарастырылуда. 
Қатаң үнем саясаты қолға алынған ендігі жерде холдингтің инвестициялары жеке бизнес қатыспайтын салаларда Yellow Pages Rule қағидасы негізінде жұмыс істейтін болады. Ал, әлеуметтік және төментабысты жобалар қажеттілік болған жағдайда, мемлекет басшысының және үкіметтің тапсырмалары бойынша ғана жүзеге асырылатын болады.
Қазіргі таңда «Самұрық-Қазынаның» жалпы инвестициялық қоржынын 121 млрд доллар сомасындағы 161 жоба құрайды. Жобаларды қаржыландыру құрылымына келер болсақ, 27 пайызы – қордың қаржысы, 73 пайызы – тартылған қаржы. Яғни қор өзі салған әрбір долларға $3 шамасында инвестиция тартып отыр. Әлемдік тәжірибеде бұл жақсы көрсеткіш болып саналады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

468 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы