• Өндіріс
  • 21 Қазан, 2015

Тауарлы бетонға тапсырыс мол

Өндірісте жоғары нәтижелерге жетудің бір ұшы – мемлекеттің отандық тауар өндірушілерді белсенді түрде қолдауында, бизнесті дамыту мен оның көкжиегін кеңейтуге қолайлы жағдай жасауында жатыр.    Осының бір нақты көрінісі ретінде Алматы облысындағы Жаркент темір бетон зауыты он жылдан бері тауарлы бетонның кез келген маркасы бойынша аймақ сұранысын өтеп келеді.  

Зауыт өз өнімдерін шығаруды ресейлік заманауи жабдықтарды пайдалану, Семей мен Өскеменнен жеткен сапалы шикізатты қолдану арқылы жүзеге асыруда. Бүгінде өз ісін бес саусақтай игерген жоғары білікті жұмысшылардың қолынан шыққан бұйымдарға: фундаменттік блоктарға, темір-бетон тіреуіштерге, жол көмкермелеріне, плиталарға, өнеркәсіп қоршауларына, жарық бағаналарына, су өткізгіш құбырларының қақпақтарына тапсырыс берушілердің қатары күн санап көбейе түсуде. 
Жаркент зауытының темір-бетон бұйымдары аймақтағы көптеген маңызды нысандардың, соның ішінде: құрғақ порт нысандарының, Нұркент темір жол қалашығының, «Нұр Отан» партиясы филиалының, балалар емханасының, дәрігерлік амбулаториялардың, мектептердің, орталық спорт кешенінің, зауыттар мен резиденциялардың құрылысына қолданылды. 
– Он жылдың ішінде біздің зауыт жоғары сапалы темір-бетон өнімдері өндірісі бойынша сенімді әріптеске, тұрақты клиенттері бар мықты кәсіп орнына айналды. Әрине, әрбір істің бастауында қиындықтар қатар жүреді. Десе де, уақыт өте келе өндірісіміз өркен жайып, әжептәуір материалдық-техникалық база қалыптастырдық, 25 заманауи арнайы техникалық бірлікке қол жеткіздік. Оған қоса, бірнеше сауда орындарын, жанармай стансаларын ашудың сәті түсті, – дейді зауыт директорының орынбасары Ахметжан Әшіров. 
Алдағы уақытта зауыт басшылығы өндірістік базаны ұлғайтуды, қуаттылықты арттырып, заманауи озық технологиялармен мүлде жаңа өнім шығаруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, көпір конструкцияларын жасауда қолданылатын ұзындығы 18 м, ені 38 см құрайтын лента-тектес плиталар шығару бастамасы іс жүзіне аса бастап, ол үшін аудандық әкімдік 3 гектар жер телімін бөлді. 
Бизнесті дамытуға жасалып отырған мол мүмкіндіктер, кәсіпорын нарықта нақты тұрақтап, тиімділігін танытқанда ғана өзінің шынайы жемісін бермек. Ал бұл дегеніңіз – қуатты, бәсекеге қабілетті өндіріс көзі, жаңа жұмыс орындары. Кәсіпкерлер алдындағы жаңа көкжиек осы істерді меңзейтіні айқын.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы