• Өндіріс
  • 12 Қараша, 2015

ОТАНДЫҚ МАШИНАНЫҢ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

10 жыл ішінде Көкшетауда 10 мыңнан астам КамАЗ құрастырылған

Қазақстанда машина жасау өнеркәсібі кең қанат жайып, оның сапасы да шет елдік үлгілерден асып түсетіндей дәрежеге жетіп отыр. Мұны Көкшетаудағы ірі өндіріс ошағы – «КамАЗ-Инжиниринг» кәсіпорны жасап шығарған автокөліктердің шоғырынан да байқауға болады. Жақында осы кәсіпорын өздерінің 10 жылдық мерекесін атап өтті.

Еліміздегі машина жасау өнеркәсібі саласында өзінің лайықты орнын алып үлгерген «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы аз уақыттың ішінде отандық машина жасау саласын дамытуға лайықты үлесін қосып келе жатқан кәсіпорындардың біріне айналды. Бүгінде ұжым жұмысы акционерлердің қолдауының арқасында оңға басуда.   
Кәсіпорын құрылған алғашқы 2005 жылдары жүк көлігінің үш түрін шығарудың өзінде біраз қиындықтар болған еді. Кейін бұл қиындықтар артта қалды. Қазіргі кезде зауыттан осы заманға сай «КамАЗ» жүк көліктері мен арнайы техниканың 40-тан астам түрі шығарылады. Зауыт құрылғаннан бері барлығы 10 мыңнан астам көлік конвейерден шыққан көрінеді. Бұл көліктер бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Төтенше жағдайлар комитеті, жол құрылысы және ауыл шаруашылығы саласында ойдағыдай қол­данылуда. 
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 мыңға жуық автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Соңғы кезде кәспорын басшылығы өнімде отандық үлестің мол болуына ерекше назар аударып келеді. Оны «Қазақстанда жасалған» деген эксклюзивті арнайы техникалардан байқауға болады. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде сервистік қызмет көрсету орындары жұмыс істеуде.
Осыған орай жақында облыс әкімі Сергей Кулагин Ресейден «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Когогин бастап келген делегация мүшелерін қабылдап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Облыстық әкімдікте өткен кездесуде өңір басшысы Сергей Кулагин аталған кәсіпорынның осы жетістіктерін тілге тиек етті. Әсіресе, зауыттың ауыр өнеркәсіп саласында алатын орны ерекше екенін айта келе, соңғы кезде «КамАЗ» жүк көлігіне деген сұраныс азайып бара жатқанына назар аударып, ресейлік қонақтардан осы мақсатта қолдау көрсетуді сұрады. Кездесуде акционерлік қоғамды дамытуға қатысты өзге де бірқатар мәселелер талқыланып, өзара ықпалдастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұнан кейін «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамы­ның бас директоры Сергей Когогин бастаған делегация Көкшетаудағы «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының зауытында болып, жүк көлігін шығару процесіндегі жұмыстармен танысты.
Бұдан әрі ресейлік қонақтар облыс әкімі Сергей Кулагинмен бірге Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен салтанатты шараға да қатысты. Онда сөз сөйлеген өңір басшысы ұжым мүшелерін осынау мерейтойларымен құттықтап, алда­ғы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп ашқан бұл кәсіпорынның келешегі зор. Бүгінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы елімізде жүк көлігін шығаратын бірегей зауыт. Биылғы жылы барлығы 800 бірлік автокөлік шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, – дей келе, Сергей Кулагин аталған кәсіпорынның бір топ инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшыларын «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен, өзге де бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан Респуб­ликасының Қорғаныс министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев, «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Когогин, «КамАЗ-Инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ерлан Ыдырысов, «КамАЗ» ВТК» акционерлік қоғамының бас директоры Рафаил Гафеев және кәсіпорын директоры Сергей Кистин сөз сөйлеп, жеткен жетістіктер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы тә­різ­ді үлкен кәсіпорын үшін он жыл аса көп мерзім емес. Дегенмен, осы аз уақыттың ішінде уақытпен санаспай, біз сіздің елде үлкен мықты ұжым құра білдік. Бүгін соның жемісін көріп отырмыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретініміз сөзсіз, – деп атап өткен Сергей Когогин облыс әкіміне жергілікті «Оқжетпес» футбол клубына ұйғарылған жаңа автобустың сертификатын тапсырды.

Ибрагим Ьекмаханұлы

635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы