• Қаржы
  • 25 Қараша, 2015

Игілікті ізденіс – мақсатқа жеткізеді

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын дамытуға осыдан біраз уақыт бұрын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан берілген тапсырмалар мен нұсқаулар осы саладағы ғылым жүйесіне де ауқымды міндеттер жүктегені анық. Бұл бағытта шығып, іске асып жатқан заңдар да баршылық. 

Осы тұрғыдан алғанда қол жеткізген ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп, оның инновациялық даму өрісінде сапалы және сұранысы көп болумен қатар, бәсекелестікке қабылеттілігі де қатаң ескерілуі керек. Ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижелерін коммерциялизациялау да алғы шарттың бірі. Сол сияқты осынау ортақ мақсатқа кәсіпкерлер мен қожалықтардың да жұдырықтай жұмылып, белсенділіктерімен атсалысуы береке көзін арттыра түседі.
Өткен жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Исабайұлы Есполовтың тікелей ұйтқы болуымен университеттің бір топ ғалымдарының Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасына «Жергілікті өсімдік шырғанақтың (облепиханың) жапырағы, бұталары, жидектері» шикізаттарынан мал бордақылауға арналған азықтық биобелсенді қоспалар алу және оны қолдану технологиясы» ғылыми жобасы ұсынылған еді. Инновациялық негіздегі ғылыми бұл жоба сол уақыттан бастап облыс шаруаларына шырғанақты дайындап, өңдеп пайдалануды және шырғанақты көбейту тәсілін үйретеді деп облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы 019 «Инновациялық тәжірибелерді өндіріске енгізу, насихаттау қызметі» бағдарламасы бойынша 25 000 000 теңгемен қаржыландырылған. Инновациялық даму ауқымындағы бұл жобаны тиімділігі жағынан еліміздегі ең бірінші жоба деп те айтуға тұрарлық. 
Елбасымыздың және академик Тілек­тес Есполовтың қолдауымен болған­дықтан, ғалымдар, профессор Мұстафа Рысұлы, профессор, академик Болатхан Махатов, профессор Майра Мырзахметова, профессор Анастасия Витовскаялар осы жобаны нәтижелі түрде сарапқа салып, қол жеткізуге орасан үлестерін қосты деп айтуға болады. Олар ғылыми жоба барысында «Мәди Әлиев» атындағы шаруа қожалығында шырғанақтан шық­қан азықпен күйі төмендеп кеткен жылқы­ларға, ірі қара мен қой малын бордақылау тех­нологиясының жүзеге асырылуын қатаң түрде қадағалады. Бұл азықтың құнар­лылығы және малға жұғымдылығы сон­шалық жаңағы малдар бір айдың шінде ғана жап-жақсы қоң жинап, көтеріліп кеткен. Қожалықтың иесі Мәди Әлиевтің айтысына қарағанда, аталған азықпен малдың тез семіретінін, күш-қуатының мол екендігін көруге болады. Оның қуанышында шек жоқ. Ғылыми жобаның пайдалы екенін, көзімен көріп, қолымен ұстағанын, енді осы азықтан мал атаулы тысқары қалмайтынын үлкен сеніммен айтты.
Алматы облысы әкімшілігі және «НұрОтан» партиясы төрағасының орынбасары Серік Мұқанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сексенбай Бекішев, академик Тілектес Есполов осы бір озық тәжірибені облысқа тарату керек деген шешімге келді. Сөйтіп, осы жылдың 6 қарашасы күні Талғар ауданының әкімшілігінде осы мәселеге байланысты үлкен семинар өтті. Бұл семинарға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары, облыстық әкімдіктің басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың иелері қатынасты. Семинарды ашқан Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Құдайберген Бекбосынов маңызы зор мәселе жағынан қатынасушыларға кеңінен түсініктеме берді. 
Жобаның жемісті жетістігі мен берер пайдасы кеңінен талқыға салынды.  Маңызды басқосуда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, үйлестіру және жобаларды сараптау бөлімінің бастығы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Шухрат Сыдықов, жобаның авторы Уәлихан Басығараев, жобаның жетекшісі Мұстафа Рысұлы, тағы басқа адамдар сөйлеп, құптарлық ойларын ортаға салды. Сонымен бірге қатынасушылар жағынан қойылған сұрақтарға тиянақты жауаптар берді. Сөйлеушілер мен қатынасушылар тарапынан бұл ғылыми жоба бір ауыздан қолдау тауып, салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Расында да игілікті істен кім алшақ кетсін. Уәлихан Басығараевтың бұл ғылы­ми жобасының қалың жұртшылықтың көңілінен шығып отырғанының өзі ғылым­ға деген берік қадамның белгісіндей әсер қалдырады. Өзі де солай. Мәселен, Алматы облысының аймақтары табиғаттың таптырмас байлығы шырғанаққа бай өлке. Тек Райымбек ауданының өзінде ғана бұл өнім 7000 гектардан астам жерді алып жатыр. Ауылға шағып айтар болсақ, Нарынқол елдімекенінде 1000 гектардай алқап бар. Ал, Нарынқол орман шаруашылығының еншісіндегі 360 гектар жерде өседі. Осы жерлердің өзінен ғана жоғарыда айтқандай жем қоспасына ұшан-теңіз өнім алуға болады. Ғылыми тұрғыдан қарасақ, 1 гектардан орта есеппен 10 тоннадай (бұталар, жапырақтар, жиделер) қалдықтар түседі екен. Сонда осы қалдықтар кеуіп кетіп 50 пайыз салмағын жоғалтқанда әр гектардан 5000 келеден құнарлы биологиялық қоспаға қол жетеді. Оның тиімділігі осыдан-ақ көрініп тұр ғой.
Осындайда шырғанақтан қоспа жем өндіреміз деп экологиялық зардапқа ұшыра­маймыз ба деген заңды сұрақ туындайды. Оған берер жауап та дайын. Шырғанақтың өсімталдығы өте жақсы. Шырғанақ жылына 15-18 балашық өрбітеді екен. Демек, қалың жынысқа айналып өседі. Бұл жағын ғалымдар тыңғылықты зерттеп қойған. Сонда ірі қара малының бір басына берілетін жемге шырғанақтан 200-250 грамнан қоспа беру мөлшерленген. Мұның төрт түлік мал үшін тиімділігі мен берер пайдасының көп екендігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп қойғаны белгілі. Түйіндеп айтқанда, Уәлихан Басығараевтың бұл инновациялық  жобадағы ізденісі нәрлі нәтижесін беріп отыр. Ендігі мәселе оны өндіру жағына тіреледі. Бұл қалай шешілмек?! Түйткілдің түбі осында жатыр. Мына тұрған Қытайда 200-ден астам шырғанақ өңдейтін зауыт бар көрінеді. Ресей де шырғанақтың қадір-қасиетін жоғары бағалайды. Өйткені шырғанақтың тек малға ғана емес, адам денсаулығына да ауадай қажеттілігінен халық та көптен бері хабардар. Сондықтан осы жағын ғана кеңінен ойластырып, оны дұрыс жолға қою ғана қалды. Мал азығына қорек болар қоспаны қажетті техника арқылы дайындап шығарудың да ауылы алыс емес. Қазір шаруашылық тұтқасын ұстап отырған жауапты мамандар осы жағын ойластыру үстінде. Оның оңтайлы жолын табатындары да анық. Көптің көзін жеткізіп, көңілін сендірген бұл инновациялық жоба әлі-ақ қарқынды түрде дамып кететін болады.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауретаы

745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы