• Өндіріс
  • 15 Желтоқсан, 2015

«Алтын сапа» иелерін тапты

Бүкіл еліміз үшін желтоқсанның 11-і күні айтулы шара болды десек, қателесе қоймаспыз. Себебі, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел мен жерге еңбегі сіңген азаматтар мемлекет тарапынан марапатталып, он жыл бұрын Президентіміздің бастамасымен дәстүрге енген «Алтын сапа» сыйлығын алды. Шараны ұйымдастырған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы игі дәстүрдің он жылдығының құрметіне палата атынан «Іскер» арнайы сыйлығын да тағайындапты.

«Алтын сапа» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсіміне Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары және көптеген ұйым-дардың өкілдері, сондай-ақ, еліміздің әр аймағындағы жетекші шаруашылық, кәсіпорындардың басшылары мен мамандары қатысты.

Сөз басында айтқанымыздай, биылғы мара-паттың ерекшелігі – Қазақстанның кәсіпорындары мен тауар өндірушілерінің жұмысын бағалайтын «Алтын сапа» жүлдесінің беріле бастағанына 10 жыл толды. Оған қоса, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Парыз-2015» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі де осынау үлкен шараға орайластырылып, бірге өткізілді.
Елбасының «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша табысталады. Ал Қазақстанның ең үздік тауары «Халық тұтынатын ең үздік тауар», «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауар» және «Ең сапалы азық-түлік тауары» атты үш аталым бойынша тоғыз жүлде көлемінде анықталды.
Ал жыл сайын Елбасы табыстап келе жатқан «Парыз» бас жүлдесі бойынша жеңімпаздар «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын», «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» номинациялары бо-йынша марапатталса, осы сыйлық аясында тағы бір кәсіпорын «Экологияға қосқан үлесі үшін» «Парыз» сыйлығын иеленді.
Ізгілігі мол шараны ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, 2006 жылы «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін 52 кәсіпорын өтініш берген болса, арада тоғыз жылдан кейін, яғни биыл олардың саны 153-ке жетіп отыр екен. Олардың ішінде 69 ұсыныс ша-ғын кәсіпкерлік субъектілері тарапынан болғаны көпшілікті қуантып отыр. Демек, шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың «Алтын сапа» сыйлығына талпынысы алдағы уақытта олардың санын еселеп арттыратыны анық.
Ел экономикасын нығайту үшін аянбай еңбек етумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де мүлтіксіз орындап келе жатқан отандық кәсіпкерлер арасындағы көшбасшыларға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен бірге сала министрлері және халық қалаулылары атаулы сыйлықтарды табыстады. Сонымен, «Парыз» жүлдесінің «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын» аталымы бойынша алтын белгісіне Қызылорда облысындағы «Саутс-ойл» ЖШС ие болды. Компания директоры Серікжан Сейітжанов Үкімет басшысының қолынан алтын мүсін мен дипломды алды. Бұл компанияның ізгі ісіне қысқаша тоқталар болсақ, ол 2014 жылы қайырымдылық және демеушілік көмек үшін 63 млн. теңге, Қызылорда қаласындағы теннис орталығының құрылысы үшін 440 млн. теңге бөлген. Бұлармен бірге, Арал қаласында 100 орынға арналған спорт-сауықтыру кешенін салуға бастамашы болған.
Кезекті «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясы бойынша «Парыз» сыйлығының алтын белгісіне Ақтөбе облысындағы «Ақбұлақ» АҚ ие болды. Премьер-Министрдің қолынан алтын белгіні алған компания директоры Айбек Сағиевтің кәсіпорны еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен қызметкерлерінің демалыс уақыты үшін өте тиімді кесте құра білген екен. Ал «Халық тұтынатын ең сапалы тауар шығарушы» арнайы сыйлығына Алматы қаласындағы «Рахат» АҚ ие болды. Оған Үкімет басшысы ұсынған сыйлық пен арнайы дипломды компанияның экономика және қаржы жөніндегі директоры Зәуреш Төлеубаева алды. Расын айтқанда, «Рахат» компаниясы елімізде кондитерлік өнім шығаратын брендке айналғаны айналадағы елдерге де жақсы мәлім.
Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» сыйлығының шағын кәсіпорындарға берілетін алтын мүсін лауреаттарын марапаттады. Онда әріптестерінен оза шауып, «Үздік әлеуметтік жауапкершілік кәсіпорны» аталымында Қызылорда облысындағы «Абзал және К» серіктестігі жеңіске жетті. Сыйлық серіктестіктің директоры Абзал Ералиевке табысталды. 2015 жылы компания спорт, білім беру, мәдениет және инфрақұрылым салаларын дамыту мақсатында 723 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп, көзге ерекше түскен екен.
Шарада жұмысшылардың еңбегін қорғап, бағалау да басты назарда болды. Сондықтан, «Еңбекті қорғау бойынша үздік кәсіпорын» номинациясында «Каспиан Салфа Компани» ЖШС топты жарып, Атырау облысынан келген компания директоры Дүйсенбай Елсейітовке сыйлықты Үкімет басшысының орынбасары үлкен ықыласпен табыс етті. Кәсіпорынның игі істеріне зер салғанда 1 жұмысшының еңбегін қорғауға 296 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайтыны белгілі болды.
Елдік шарада оза шауып бәйге алғандардың қатарында «Үздік ұжымдық келісім» аталымында «Мойылды шипажайы» АҚ жеңіске жетті. Марапат компанияның бас директоры Фуат Сатыбаевқа тапсырылады. Павлодар облысындағы бұл компанияның 1 жұмысшыға арналған әлеуметтік пакеті 133 мың теңгені құрайды екен. Бұлармен бірге, Премьер-Министрдің орынбасары «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында үздік деп танылған «ГорКомТранс» ЖШС-нің директоры Атпан Омарованы да құттықтады. Аталған кәсіпорынның аймақты абаттандыру және жасылдандыруға бөлген шығындары 800 мың теңгеден асып жығылатын көрінеді. Негізі шара барысында 20-ға жуық кәсіпорын «Парыз» сыйлығының 2,3-орындарына ие болды.
Енді салтанатты шара аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев үздік кәсіпкерлерге «Іскер» арнайы сыйлығын табыс еткеніне көшейік. «Атамекен» ҰКП «Алтын сапа» сыйлығының 10 жылдығына орай «Іскер» арнайы сыйлығын тағайындап отырғанын айтып өттік. Тауар өндіруші және қызмет көрсетуші компаниялардың арасынан жеңімпаздарды анықтау арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәсіпорындарда халықаралық сапа стандарттарын енгізу байқауды өткізудегі басты мақсат болған.
Сонымен, «Іскер» арнайы сыйлығы иегерле­рінің қатарында, «Өндірістік мақсат-тағы үздік кәсіпорын» аталымында «ASTANA Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы, «РауанНалко» ЖШС, «Жанарыс» ЖШС, «Стрелец А.В.» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз болып танылды. «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында Астана қаласындағы «МЕДИКЕР» ЖШС, «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында «Тұңғатарова А.Қ.», «Свет» ЖШС, «Құдайбергенов» ЖШС үздіктер қата­рынан көрінді. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Мадлен-KZ» ЖШС, «Ақбарс НК» ЖШС «Іскер» арнайы сыйлығына лайық деп танылды.
Отандастарымызды қуантатын бір жағдай, тауар сапасын жақсартумен бірге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі күн санап артып келеді. Мұнымен бірге, Мемлекет басшысы тағайындаған осынау сыйлық жыл өткен сайын байқауға қатысушылардың ынтасын арттырумен қатар, олардың санын да еселеп көбейтуде. Мысалы, «Алтын сапа» өткізіліп келе жатқан 2006 жылдан бері қатысушылар қатары үш есеге дейін артқан. Алғашқы кезде бұл байқауға қатысуға 52 кәсіпорын өтініш берген болса, биыл олардың саны 153-ке жеткенін айтып өткен болатынбыз. Ал енді оның ішінде 69 ұсыныс шағын кәсіпкерлік субъектілері де, 44-і орта және 40 ірі компаниялар болып табылады. Осыған қарағанда шара аясы алдағы жылдары тағы кеңіп, отандық кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік те күшейе түсетін си­яқты.
«Мұндай игі шаралар АҚШ, Жапония, Германия сынды жетекші елдерде ілгеріден бері өткізіліп келді. Тіпті, кейбіріндегі осындай ынталандыру шараларының шығу тарихы 100 жылға дейін барады. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді білетін еліміз, экономиканы көтерумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын осынау ынталандыру шарасын өз дәстүріне енгізгеніне өте қуаныштымыз. Бүгін сыйлыққа ие болған кәсіпкерлердің бәріне қуаныштарың ұзағынан сүйіндіріп, ел мен жерге талмай қызмет ете беріңіздер дегім келеді», деп «Алтын сапа» сыйлығын алғандардың бірі «Алтын орда» ав­тор­лық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада ақжарма тілегін білдіріп, Елбасының бастамасымен 10 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шарапаты мол шараның кәсіпкерлерге берері көп екенін айтты.

Өз тілшімізден

687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы